Қоғам

Полторанин Лахтиде топ жарды

Полторанин Лахтиде топ жарды


Алексей Полторанин Финляндияның Лахти қаласында өткен шаңғы жарысынан Әлем кубогының 16-шы кезеңінде топ жарды.

Таяуда ғана аяқталған Пхенчхан Олимпиадасында сүреңсіз өнер көрсетіп, ел үмітін ақтай алмаған Алексей бұл жолы 15 шақырым қашықтыққа жүгіруде алдына жан салған жоқ. Мәреге 33 минут 11,9 секундта жеткен риддерлік шаңғышы Пхенчхандағы 50 шақырымдық классикалық стильдегі маарафонда бірінші және екінші орын алған спортшыларды артқа тастады.

Нақтырақ айтсақ, Полтораниннің соңын ала көмбеге Олимпиаданың қола жүлдегері ресейлік Александр Большунов жетті. Ол жарыс жеңімпазынан 9,1 секундқа қалып қойды. Ал Олимпиада чемпионы атанған Ийво Нисканен бұл жолы үшінші орынды қанағат тұтты. Фин спринтері Полтораниннен 20,9 секундқа кеш келді.

Бұл жарысқа барлығы 71 спортшы қатысқанын айта кеткен абзал.

Осы жеңісінен кейін жерлесіміз 656 ұпай жинап, Әлем кубогының жалпы есебінде сегізінші орында келеді. Ал көш басында 1 112 ұпай жинаған норвегиялық Йоханнес Хёсфлот Клебо тұр.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button