Қоғам

Польшада Абай орталығы ашылды

Польшада Абай орталығы ашылды


Польшаның Свече қаласындағы Лингвистикалық-технологиялық университетте «Абай» атты жастардың ғылыми-білім беру орталығы ашылды. Орталық С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің бастамасымен жұмыс істей бастады. Оқу орнының студенттері мен қызметкерлерінен құралған делегация Польшаға барып қайтты.

ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, орталық ашудағы басты мақсат – әлемге отандастарымыздың мәдени жетістіктерін насихаттау. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ашылған аталмыш орталық – Польшада оқып жатқан жастарымыз үшін қазақстандық мәдени-білім орталығы болса, Польша жастары үшін Қазақстанның туристік мекендерін, тарихы мен мәдениетін, ғалымдарын, ақын-жазушыларын таныстыру орталығы.

– Қазақстандықтар басқа халықтардың мәдениеті мен жетістіктерін жақсы біледі, әлемде болып жатқан жайттар мен өзгерістерге қызығушылықпен қарайды. Бірақ өз мәдениетімізді өзгелерге таныстыру жауапкершілігі бізге – қазақстандықтарға жүктеледі. Әлемге еліміз, халқымыз туралы айтуды үйренуіміз керек. Барлық дамыған елдердің мәдени-саяси бағыттарының бірі – өз отандастарының жетістіктерін насихаттау. Бүгінде Қазақстанның ребрендингі, позитивті бейнесін қалыптастыру – өзекті мәселе, – дейді оқу орнының басшысы.

Орталық ашуды министрлік, облыс әкімдігі, «Нұр Отанның» облыстық филиалы қолдады.

Орталықты ашу үшін университет неліктен Польшаны таңдады? ШҚМУ мен Польша жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бұрыннан қалыптасқан. Вроцлав университетімен оқу орны 2009 жылдан жұмыс істейді. ШҚМУ мен Вроцлав университеті ғалымдарының трибология саласындағы бірлескен жобасы бар. Тағы бір тұрақты серіктесі – Люблин қаласындағы Католик университеті. Қазір академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша химия, математика және шет тілі мамандықтарының студенттері осы екі оқу орнында білім алуда. Биыл ШҚМУ-да жаңа польшалық әріптес пайда болды, ол – Свече қаласындағы Лингвистикалық-технологиялық университет.

Бұл оқу орнымен өзге де жұмыстар жоспарланып отыр. Ғылыми-білім беру орталығы – ынтымақтастықтағы алғашқы қадам. Жалпы, Лингвистикалық-технологиялық университетпен жасалған келісім бойынша қос дипломды білім беру, оқытушылармен, студенттермен алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми тағылымдама ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру қарастырылған. Орталық поляк және қазақ студенттері арасындағы диалогты жандандыруды көздейді. Студенттер – болашақ ғалымдар, педагогтар, инженерлер, менеджерлер. Олар осындай қарым-қатынас тәжірибесіне ие болудың маңызды екенін түсінеді. Университеттердің міндеті – студенттерге арналған халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру, студенттердің әдеби-ғылыми жұмыстарының бірлескен жинақтарын шығару. Осының бәрі қазақ-поляк достығының бекуіне ықпал етпек.

Төлеген Әділбекұлы орталықты ашу идеясы университет ішінде туындап, жоспарланғанын айтады. Күзден бастап дайындық жүргізіліпті. Жастар жылының ашылу рәсімінен кейін ректор белсенді студенттермен кездескен. Олар бірқатар ұсыныс жасап, халықаралық жоғары оқу орындары жобаларына қатысуға қызығушылық танытқан екен. Өздері қызығатын жұмыс түрлері туралы да айтыпты. Осы ұсыныстар негізінде орталық мақсаты қайта қаралып, студенттер бастамалары ескерілген.

Айта кету керек, Абай есімінің орталыққа берілуі кездейсоқ емес. Абай – қазақ мәдениетінің биік шынары, өлкемізде дүниеге келіп, қалыптасқан алып тұлға. Сондай-ақ, университетте абайтанудың бай дәстүрі, ғалым Айжан Қартаеваның ғылыми мектебі бар. Білім ордасында абайтану конференциялары өткізіліп, ғылыми монографиялар шығарылды, Абайға арналған дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылды. Демек, ШҚМУ ғалымдары мен студенттері Абай туралы көп мәлімет бере алады.

Орталық міндеті – тек Абай шығармашылығын ғана насихаттау емес. ШҚМУ классикалық университет бола отырып, қазақ мәдениетінің жетістіктерін түрлі салада ілгерілетіп, көптеген елдерде таныстыруға дайын.

– Орталықты ашу барысында үлкен жұмыс жүргізілді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді, оны рәсімдеу үшін қазақ, поляк, ағылшын, орыс тілдеріндегі Қазақстан туралы кітаптарды, мәдени жәдігерлерді тапсырдық. Сондай-ақ Лингвистикалық-технологиялық университетке Дәурен Дощановтың Абай мүсіні мен Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасы берілді. Орталықтың ашылу салтанатында онлайн режимде поляк-қазақ бейнебайланысы орнатылды. Өскеменде мәдениеттер байланысындағы университеттер рөлі талданған дөңгелек үстел өтті, оған студенттер, ғалымдар, атқарушы биліктің, «Нұр Отан» партиясының, «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалау кеңесінің өкілдері қатысты. Қазақ мәдениетін әлемде ілгерілету болашағы туралы пікірталас ұйымдастырылды. Бұл – екі оқу орны ынтымақтастығының басы ғана. Көптеген қызықты іс-шаралар алда. Енді ШҚМУ-да «Коперник» ғылыми-білім беру орталығы ашылады, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button