Полицейлер пиротехника сатылатын сауда орындарын тексереді
ШҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 25 желтоқсанынан бастап ШҚО аумағында “Пиротехника” жедел-профилактикалық іс-шарасы басталады. Іс-шара жаңа жылдық мерекелерді өткізу кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдар айналымының және оларды қолданудың белгіленген қағидаларын сақтауын бақылау мақсатында жүргізіледі.
Өскемен қаласы полиция басқармасының қызметкерлері мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының өкілдерімен бірлесіп пиротехникалық бұйымдарды заңсыз әкелудің, өткізудің және пайдаланудың жолын кесу бойынша рейдтер өткізеді. Сондай-ақ олар пиротехникалық өнімді көптеп жеткізумен айналысатын тұлғаларды белгілейтін болады.
Өскемен қаласы административтік полиция бөлімінің аға инспекторы Дидар Әділғазиновтың пікірінше, жаңа жылдық “жарылғыш” атрибутиканы саудалайтын базарлар, дүкендер, көтерме қоймалар тексеруден өтеді.
– Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқаны үшін заңға сәйкес 25 АЕК әкімшілік айыппұл қарастырылған, – деді Дидар Әділғазинов. – Осыған сүйене отырып, тек сертификатталған өнімдерді арнайы дүкендерден, сауда нүктелерінен және павильондардан сатып алуды ұсынамыз.
Тәртіп өкілдері пиротехниканы адамдар көп жиналатын орындарда, пәтерлерде, жабық үй-жайларда, тұрғын үйлерде қолдануға, сондай-ақ жарақаттануды болдырмау мақсатында оларды кәмелетке толмаған балаларға беруге тыйым салынатынын еске салады. Қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтау жаңа жылды төтенше жағдайларсыз және қосымша қаржылық шығындарсыз қарсы алуға мүмкіндік береді.
Облыс аумағындағы “Пиротехника” іс-шарасы 2024 жылдың 3 қаңтарына дейін жалғасады.