Қоғам

Полигоннан зардап шеккендерді сауықтыру бағытында көмек көрсетіледі

Полигоннан зардап шеккендерді сауықтыру бағытында көмек көрсетіледі

Семейге жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мемлекеттік медицина университетінде Катар даму қоры бас директорының орынбасары Халифа Әл-Куваримен және оның көмекшісі Сұлтан Әл-Асиримен кездесу өткізді. Жиынға «Назарбаев орталығы» көпсалалы ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев қатысты. Аталмыш орталық пен катарлық қор бірлесе отырып, Семейде ірі оңалту орталығын салуды көздеуде.
Соңғы кездері Катар мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде өркендеп келеді. Катар – бүгінде саяси-мәдени және экономикалық салалардағы дамуы жоғары деңгейге жеткен елдердің бірі.
– Семейліктер ядролық қарудың зардабын бастан кешірді, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – 1991 жылы 29 тамызда Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен ядролық полигон жабылып, Қазақстан күллі әлемге атом қаруына қарсы ел екенін дәлелдеді. Елбасы осы Жарлыққа қол қойғаннан кейін ядролық қарулану бәсекесі тоқтап, миллиондаған адамның өмірі құтқарылды. «Невада-Семей» қозғалысының және әлемдік қоғамдастықтың талпыныстары арқасында бес ядролық полигонның үні өшті. Сынақ тоқтағанмен полигоннан зардап шеккен халықты, экологиялық қасіретке ұшыраған жерді сауықтыру жұмыстары тоқтаған емес. Семей қаласына әлеуметтік көмек ретінде соңғы 20 жыл ішінде 60 миллиардқа жуық қаржы жұмсалды. Мемлекет Семейде түрлі медициналық нысандар тұрғызды. Бүгінде Елбасы Семейді ядролық соғысқа қарсы күресетін халықаралық орталық ретінде құруды ұсынып отыр. 29-тамыз бұл полигонда ең алғаш рет атом бомбасы сыналған және Семей полигоны жабылған күн ретінде тарихта белгілі. Сондықтан Президент бұл күнді «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп жариялады. Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысы мен Катар мемлекеті ара¬сындағы кешенді, өңірлік және халықаралық көкейкесті мәселелер бойынша пікір, тәжірибе алмасатынымызға толық сенемін. Ең маңыздысы, полигонның зардабынан түрлі дертте ұшыраған Семей халқын сауықтыруда Катар елінің де үлесі болады деп ойлаймыз.
– Біз өз тарапымыздан үнемі дамушы елдерге қатты көңіл бөлеміз, – деді Катар даму қоры бас директорының орынбасары Халифа Әл-Кувари. – Көбінесе әлеуметтік, медицина саласынан қолдау көрсетіп отырамыз. Ислам конферен-ция¬сы ұйымы елдерінің саммитінде Қа¬зақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасына жоғары баға беріліп, оның жалпыазиялық қауіп-сіздікті сақтауда, Семей полигонының жабылуындағы ерен еңбегі туралы айтылды. Сонымен бірге, осы саммитте Семей экологиялық апат аймағына қаржылық көмек көрсету жөнінде қарар қабылданды. Біз осыған орай полигоннан зардап шеккен халықты сауықтыру бағытында көмек көрсетпекпіз.
Келесі кезекте Семейдегі экологиялық жайсыз аумақта тұратындарға меди-ци¬налық көмек көрсетуді жетілдіру, «Эко¬логиялық қолайсыз аумақтардағы клиникалық медицинаның өзекті мәселе¬лері», «Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын халық денсаулығын оңалту» секілді нақты бағыттағы зерттеу жұмыстардың тұсаукесері өтті. Мұны радиа¬циялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қазбек Әпса¬лықов арнайы слайдтар арқылы жүргізіп отырды.
– Біздің институт 1957 жылы №4 диспансер ретінде салынған құпия мекеме болды, – деді Қазбек Әпсалықов. – Зерттеу жұмыстары әс¬кери ведомстводан бөлек жүріп, полигон аймағындағы сәулелену деңгейі жасырын түрде қарастырылды. 1949 жылы 29-та¬мыз¬да Қайнар ауылының 42 азаматы ашықтан-ашық сынақ ала¬ң¬ын¬да қалдырылады. Жары¬лыс¬тан кейін осында әкелініп, олардың бойындағы өзгерістер зерттеуге алынады. Міне, осылайша құпия жұмыс істеген мекеме бүгінде Елбасы тапсырмасымен халық игілігіне қызмет етіп отыр. Біздегі медициналық мекеменің құ¬рамында радиациялық-эколо¬гия¬лық зертхана бар, онда топырақ, су, азық-түлік құрамындағы радиация тексеріледі. Ха¬лық¬тың радиацияға қанша¬лықты ұшырағанын айғақтайтын деректерді кеңестік әске¬ри¬лер өздерімен бірге алып кеткендіктен, қанша адамның зиян шеккені бел¬гілі емес еді, сондай-ақ, сол кез бо¬йынша аса қажет болып сана¬латын медициналық зерттеулер де жойылған. Тек соңғы жыл¬да¬ры ғана ресейлік және жапондық әріптестермен біріге ауаға тараған радиация дең-гей¬ін анықтап, жергілікті тұр¬ғын¬дардың денсаулығын біршама тексеру мүмкіндігіне ие болдық. Тәуелсіздік жыл¬дары институт өзі жасаған зерттеулерінің қорытындысын шығарып, полигоннан 1 миллион 450 мың адам зардап шеккенін анықтаған. Жұмыстарды жүргізу барысында бізге жапондық, ресейлік ғалым¬дардың көп көмегі тиді. Солар арқылы полигоннан қатты зардап шеккен Абай, Бесқарағай өңірлеріндегі резиденттердің электронды картасы жасалды. Онда қанша адам қашан және қалай, қай жерде радиация алғаны құжат түрінде бекітілген. Зерттеулер көрсеткендей, 360 мың адам сынақ алаңындағы жарылыстардан тікелей зардап шеккен, 111 мыңы ең алғаш¬қы¬лар¬дың тобында, яғни, 1963 жыл¬ға дейін туғандар. Екінші, үшінші зиян шеккен ұрпақ өкілдерінің қатарында 249 мың адам бар. Тағы да 194 мың адамды тіркеп отырмыз.
Экология және радиация тақырыбында Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлебай Рахыпбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде білім, ғылым және практикалық қызмет салаларындағы әріптестікті дамыту мақсатында 20 шетелдік университетпен және ғылыми мекемемен келісімшарт жасалғанын атап өтті. Олардың қатарында Жапония, АҚШ, Сингапур, Израиль, Ко¬рея, Үндістан, тағы басқа елдердің озық оқу орындарымен байланыс қалыптасқан.

Оңалту орталығы қарағайлы орман ортасына салынады

Полигоннан зардап шеккендерді сауықтыру бағытында көмек көрсетіледі

Болашақ оңалту орталығын қарағайлы орман ортасына салу көзделуде. Аймақ басшысы келешекте орталықта облыс тұрғындарымен қатар, Павлодар, Қарағанды облыстарының, сонымен қатар көршілес Ресей өңірлерінің радиациядан зардап шеккен азаматтары емделетінін айтады.
– Бұл біздің еліміз үшін аса маңызды жоба. Оңалту орталығын сала отырып, біз келер ұрпақтың қамын жейміз. Аталмыш мекеменің ашылар күні алыс емес деп сенемін, – деп қостады Қанат Саудабаев.
Катар мемлекетінің даму қоры осы жылдың қыркүйегінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атындағы мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламалар қорымен меморандумға қол қойған. Халифа Әл-Куваридің айтуынша, олар Семейге арнайы медицина саласының жағдайын, тұрғындар мұқтажын білуге келіпті.
Жиын соңында мәртебелі меймандар осы Семей мемлекеттік медициналық университетінің ішінде құрылған Бейбітшілік мұражайын аралап көрді. Аталмыш мұражайдағы экспонаттар, фотосуреттер мен көптеген деректер арқылы олар қазақ халқының Семей полигонын жабу бағытындағы жанқиярлық күрес жолымен танысты.
Мұнан кейін катарлық қонақтар онкологиялық орталықа барып, сол мекеменің жұмыс барысын көрді. Орталық Семей сынақ полигонынан жапа шеккен азаматтарға медициналық көмекті бірнеше бағытта көрсетеді. Сондай-ақ, мекеме ғылыми әрі білім беру салаларында да белсенді қызмет атқарады. Тұңғыш Президент қорының қолдауы арқасында мұнда қатерлі ісік дертіне шалдыққан жандарды сауықтыруды көздейтін АРТ-терапия кабинеті ашылған.
Онкологиялық орталықтың көптеген халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатқанын атап өткен орынды. Айталық, қазіргі кезде мекеме мамандары бірегей шетелдік қондырғыны іске қосуға әзірленуде, аппарат қатерлі ісік ауруларымен барынша тиімді күресуге мүмкіндік бермек. Орталық қызметкерлері сол медициналық құрал-жабдықтарды шығарумен айналысатын Батыс Еуропа елдерінің компанияларында іс-тәжірибеден өткен.
– Жалпы алғанда Семейге шетел демеушілері жиынтық сомасы 16 миллион доллардың материалдық көмегін көрсеткен. Бұл ынтымақтастық жалғасып жатыр. Өзге елдердің азаматтары ядролық полигонның зардабын тартып отырған Қазақстан тұрғындарына қолдау білдіруге, жан-жақты жәрдем жасауға әркез құлшыныс танытады. Бауырлас катар елінің делегациясы да азаматтармыздың денсаулығын оңалтуға атсалысуға аса ниетті, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников.
Құрылысы жоспарланып отырған Оңалту орталығы 200 орынға шақталмақ. Жалпы, сынақ полигонының зиянды әсері анық байқалатын адамдар саны 500 мыңнан асады. Бұлар – негізінен еліміздің Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында тұрып жатқан азаматтар. Олардың бәрі де емдеу және оңалту шараларына мұқтаж.
Іссапар кезінде катар елінен келген делегация балаларға арналған туберкулезге қарсы ауруханада да болды, таяуда ғана ашылған бұл мекеменің құрылысына Сауд Арабиясының демеушілері де қомақты қаржы құйған. Мұнда балалар ем алумен қатар, сабақтарын да оқиды. Аурухананың қала шетіндегі қарағайлы орманның ішіне салынуы кездейсоқ емес. Аймақ басшысының айтуынша, бойдағы дертті жеңіп, жедел сауығуға осындағы саф ауа да пайдасын тигізуі тиіс.

Жаңа балабақша ашылды

Полигоннан зардап шеккендерді сауықтыру бағытында көмек көрсетіледі

Осы күні шаһарда «Асыл Жібек» атты балалар бақшасының ашылу рәсімі өткізілді. Аталмыш тәрбие мен білім беру нысаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске қосылып отыр, ол алғашқы кезекте жүз шақты баланы қабылдапты.
– Бүгінгі таңда шығысқазақстандық бүлдіршіндердің 98 пайызы мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қатылған. Қуаныштысы сол, кәсіпкерлер де балабақшалар ашып, аталған көрсеткішті 100 пайыздық межеге жеткізу үшін мемлекетке белсенді көмек көрсетіп келеді, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Атап өтерлік бір жайт, жекеменшік балабақшалар негізінен осы Семей қаласында көптеп ашылуда. Мәселен, өңірдегі кәсіпкерлер тарапынан құрылған 34 тәрбие беру мекемесінің 19-ы осы шаһарда орналасқан. Жыл соңына дейін Семейде тағы осындай үш балалар бақшасы есігін бүлдіршіндерге айқара ашпақ.
Салтанатты рәсімде сөз алған ата-аналар соңғы бес жылдың көлемінде Семей қаласында ауыз толтырып айтатындай ауқымды өзгерістер орын алғанын атап өтті. Олардың айтуынша, облыс басшылығының жіті көңіл бөлуі нәтижесінде әлеуметтік нысандар мен жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өзінің 95 жылдық мерейтойын атап өтуге әзірленіп жатқан «Семей таңы» газетінің редакциясына ат басын бұрып, басылым ұжымымен жүздесті. Облыс әкімі өз сөзінде «Семей таңы» еліміздегі тарихы терең санаулы басылымдардың бірі екенін атап көрсетті. Газеттің іргесін қалауға Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов сынды алаш азаматтары үлес қосқан.
– Сіздер өте жауапты жұмыс атқарып келесіздер. Мен Семейдің, семейліктердің тыныс-тіршілігі жайындағы көп ақпаратты сіздердің газеттеріңізден оқып, білемін. Осы еңбектеріңіз жана берсін, баршаларыңызға зор табыс тілеймін. 4-желтоқсан күні өтетін мерейтойларыңызға арнайы келіп, құттықтайтын боламын, – деді аймақ басшысы басылым ұжымымен кездесу барысында.
Газет редакторы Риза Молдашева аталмыш басылымның редакциясына бас сұғып отырған ең алғашқы облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ екенін айтып, осы құрметі үшін аймақ басшысына ұжым атынан алғысын білдірді.

Полигоннан зардап шеккендерді сауықтыру бағытында көмек көрсетіледі

Семей облыс орталықтарын есепке алмағанда, өзінің бейнебақылау жүйесі бар еліміздегі алғашқы қалалардың бірі болып отыр. Қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығында болған облыс әкімі оның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге орасан зор пайда тигізетінін атап өтті. Әзірге бұл орталық тестік режимде жұмыс істеп тұр. Келесі айдан бастап ол өз жұмысына толық кіріседі. Қаланың негізгі аудандарына орналасқан 20 шақты бейнекамераның түсіру сапасы өте жоғары, олар 360 градусқа айналып, автокөліктердің нөмірлеріне дейін жақындатып көрсете алады. Мұндағы құрал-жабдықтарды сатып алуға 230 миллион теңге қаржы жұмсалған. Енді осы орталықтың арқасында қаладағы қылмыстардың ашылу көрсеткіші өсе түседі дейді полицейлер.

Раушан Нұғманбекова, Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button