Қоғам

Полицейлер WhatsApp-тың игілігін көре бастады

Полицейлер WhatsApp-тың  игілігін көре бастады

Қыркүйек айында облыстық ішкі істер департаменті енді азаматтар өздері куә болған заң бұзушылық фактілерді уатсап қосымшасы арқылы жібере алатынын хабарлаған болатын. Осы уақыт аралығында тұрғындардан әртүрлі құқық бұзушылықтар туралы 120 хабар келіп түскен. Олардың 60-70 пайызы жол жүру ережелерін бұзуға қатысты.
Байқампаз азаматтардың назарынан құқық қорғау орындары қызметкерлерінің заңбұзушылықтары да тыс қалмапты. Деректердің ішінде полиция қызметкерлерінің көлікті рұқсат етілмеген жерге қаңтарғандары туралы фактілер де кездеседі. Тұрғындардан сонымен қатар бағдаршамның жұмыс істемейтіні, жолдардың дұрыс тазаланбағаны, қоқыстардың уақытында шығарылмағаны туралы шағымдар келіп түскен.
Жол жүру ережелерін бұзуға қатысты айтсақ, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, жоғары жылдамдықпен жүру деректері тіркелген.
ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Торғаевтың сөзіне қарағанда, тұрғындардың ұялы телефонның көмегімен түсірілген бейне, фото деректердің әрқайсысы мұқият тексеріледі. Бұл әдістің ұтымды бір тұсы – даулы мәселе туындаған кезде жаңағы фото мен бейне түсірілімдер айғақ ретінде қолданылады. Егер құқықбұзушылық фактісі дәлелденген болса, автокөлік басқарушы заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Өскемендік Есжанның көлік басқарғанына отыз жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін жол жүру ережесін бұзғаны үшін бір де бір рет әкімшілік жауапқа тартылмағанын мақтан етеді. Алайда ол кісі енді жолға шыққанда қасындағы көлік жүргізушілерге секемдене қарайтынын айтады.
– Кейде шамды жағуды, не белдікті тағуды ұмытып кететінім бар. Бірақ жолға шыға сала, басқалардың жарығын көргенде, жаға қоямын. Бұл енді жол ережесін өрескел бұзуға жатпайтын шығар. Ал сондай кезде қасымдағылардың бірі суретке түсіріп алса, бітті ғой, мен жол жүру ережесін бұзушы болып шыға келемін. Бұл әдіс ауыр жол-көлік оқиғалары кезінде кінәлілердің жалтарып кетпеуі үшін өте тиімді болғанымен, жүргізушілер үшін қосымша стресс деп ойлаймын, – дейді ол.
– Көптеген жүргізушілер жол полициясы қызметкерлері тұрмаған тұстарда, жылдамдықты асырған фактілерді түсіріп алатын құралдар орналастырылмаған жерлерде шектелген жылдамдықты сақтамайтындары жасырын емес. Осы әдістің көмегімен біз жол қозғалысының қатысушыларын тәртіпті болуға, олардың жолда жүру мәдениетінің көтерілуіне игі ықпал етеміз деп сенемін. Сондай-ақ, тұрғындар кез келген тәртіпсіздікке не қылмысты іс-әрекеттерге куә болған жағдайда гаджеттерінің көмегімен оқиғаны түсіріп алып, бізге жолдауларына болады. Барлық деректер жедел басқару орталығындағы компьютерге келіп түседі. Азаматтар қылмыстық әрекеттер жайында бұрынғысынша «112» телефоны арқылы да хабарлай алады, – деді Бақытжан Торғаев.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button