Полицейлер ант қабылдады
Семейдегі орталық алаңда қалалық ішкі істер бөлімі жеке құрамының дәстүрлі саптық байқауы өтті.
Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген салтанатты шара барысында 38 жас полицей ант қабылдады. Қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Ақылхан Қасқабаевтың айтуынша, ант беру – халыққа және елге адал қызмет етудің белгісі.
– Қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуде тәртіп сақшыларына үлкен жауапкершілік жүктелген. Сол сенімді ақтау үшін ширек ғасырда кешенді шаралар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта жетістіктерді еселеуді жоспарлап отырмыз, – дейді Ақылхан Қасқабаев.
Салтанатты шара барысында еліміздің Ұлттық гвардиясы №5511 әскери бөлімінің оркестрі патриоттық әндерді шырқаса, жедел қимыл арнайы жасағы тосқауыл қоюдағы тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, бұл күні Семейдегі орталық алаңда отандық полицияның ширек ғасырлық мерейтойына орай, тәртіп сақшылары сап түзеу арқылы «Ішкі істер органдарына – 25 жыл» сөзін жазып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
– Бүгін мен үшін ерекше күн, ерекше оқиға. Себебі, ант қабылдап, полиция қызметкері атандым. Алдағы уақытта Отан алдында адал қызмет етіп, қандай жағдай болмасын қылмысқа қарсы күресте аянбай еңбек етіп, ел тыныштығын сақтауға өз үлесімді қосатын боламын, – дейді Ағзам Серікболұлы.
Ажар Сағатбекова