Қоғам

Қайнардың ұлы қара үзіп келді

 

Қайнардың ұлы қара үзіп келді

Иә, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойына арнап ұйымдастырылған «Менің елім – Қазақстан» республикалық фотосуреттер байқауында әріптесіміз, облыстық «Дидар» газетінің жауапты хатшысының орынбасары, талантты суретші Мерей Қайнарұлы бірінші орын алып, мерейімізді тасытты.

Бұл пәниде уақыт тегершігін бір сәтке тоқтата тұратын құдірет біреуге ғана бұйырған болса, ол – фотограф. Техника мен өнерді әдемі ұштастыру арқылы боямасыз бейнені көз алдыңызға «тірі қалпында» тарту ететін де сол фотоаппарат асынған шеберлер екені рас. Ал фотографияңыз өнердің ішіндегі ең демократияшыл түрі.

Осындай екінің біріне қона бермейтін ерекше қасиет иелері өткен аптада Алатау баурайында бас қосты. Алматы шаһарындағы Ұлттық кітапхананың салтанатты залында айтулы фотобәйгеде жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз бен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі болды.

Қазақ сахарасының әр түкпірінен сайдың тасындай іріктелген жетпістен астам үміткер бақ сынаған бұл додаға әуелде 560 туынды келіп түскен екен. Ұйымдастыру алқасы осы жұмыстардың мәні мен мазмұнын, техникалық сапасын, тақырыпқа сәйкестігін ескере отырып іріктеп алынған 50 фотосуретті қазылар алқасының қарауына ұсыныпты. Қазылар шешімімен Катонқарағай өлкесінің тамаша табиғаты түсірілген картина бас жүлдеге лайық деп танылды. Картинаның авторы – Мерей Қайнарұлы.

– Республикалық фотобайқауда үздік шыққан суретім «Достық шоқысы» деп аталады. Шоқының бұлайша аталуы төрт ел, яғни, Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ресейдің шекаралары түйіскен тұста орналасқандығынан болар. Осы сынға қатысқан кезде қолдау білдіріп, жеңісіме қуанған әріптестерге, достар мен туған-туысқа рақмет. Байқауды өз деңгейінде өткізген «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлына, бірлестік мүшесі, фотограф Сәрсенбек Қызайбекұлына да алғыс айтамын, – дейді мыңжылдық тарихы бар мегаполистен олжалы оралған әріптесіміз Мерей Қайнарұлы.

Сондай-ақ, тәуелсіздік мерейтойына орай өткізілген Dream Moments байқаудың жүлделі екінші орынын «Теңге ілу» картинасымен Алмаз Орманов иеленсе, алматылық Тілеубек Рақымжан «Таудан аққан тас бұлақ» фотосуретімен үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаз бен жүлдегерлер «Bank RBK» қаржылық институты тағайындаған бағалы сыйлықтар мен дипломдарға ие болды.

Қайнардың ұлы қара үзіп келді

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button