Плей-оффтың көрігін Испания мен Италия қыздырады
Кеше түнде футболдан Еуропа чемпионатының топтық кезеңі түйінделді. Алайда, бұл мақала әзірленіп жатқанда, соңғы төрт матчтың нәтижесі белгісіз болатын. Десек те, плей-оффқа шыққан 12 команда, тіпті, 1/8 финалда шеберлік байқасатын кейбір жұптар да анықталып қойған.
Кешегі күнге дейін келесі кезеңге жолдама алған құрамалар ретінде Франция, Швейцария, Уэльс, Англия, Словакия, Германия, Польша, Солтүстік Ирландия, Хорватия, Испания, Италия және Венгрия командалары аталды. Турнир кестесіндегі жағдайға сәйкес 1/8 финалда «А» тобында екінші орын алған Швейцариямен «С» тобында екінші орынға табан тіреген Польша кездеседі. Сондай-ақ, ойламаған жерден хорваттарға ұтылып, турнир кестесінде екінші сатыға түсіп қалған испандар «Е» тобында көш бастаған Италия футболшыларымен ойнайды.
Кешегі күнге дейін Еуро-2016 аладоп аламанын Румыния, Ресей, Украина, Чехия елдерінің ұжымдары аяқтаған. Ал Албания, Түркия, Бельгия, Швеция, Ирландия, Исландия, Португалия мен Австрия үшін жарысты жалғастыруға мүмкіндік соңғы ойындар аяқталғанша сақталды. Себебі, аталған елдердің арасынан төртеуіне плей-оффта өнер көрсетуге рұқсат беріледі.
Еуропа біріншілігінің 12-ші күнінде төрт матчты тамашалады жанкүйерлер. Әуелі Чехия-Түркия, Хорватия-Испания кездесулері өтті. Тартысқа толы аса қызықты ойындар осы топтың еншісінде. Алдыңғы екі кездесуде бір де бір ұпай еншілей алмаған түріктер шешуші сәтте шеберліктерін көрсетіп, қарсыласын 0:2 есебімен ұтты. Осыған дейінгі құраманың сүреңсіз ойынын бапкер де емес, басқа емес, команда капитаны Арда Тұранның бір өзінен көрген түрік жанкүйерлері бұл жеңістен соң ойларынан айнып қалды білем. Рас, Чехиямен болған матчта Арда Тұран тізгінді қолға алып, нағыз көшбасшылық мінез танытты. Нәтижесін көрдіңіздер!
Есесіне, қарсылас біткеннің қабырғасын қақыратқан «қызыл фурия» ай мен күннің аманында сүрінді. Бір қызығы, осы ойынның алдында хорваттардың бас бапкері Анте Чачичтің шәкірттері арасынан Марио Манджукич, Марсело Брозович, Иван Стринич, Лука Модрич секілді негізгі футболшыларға иек артпайтынын білген мамандар үш ұпайды испандарға шаппай бере салған. Бірақ Хорватия құрамасы көшбасшыларының көмегінсіз-ақ көшелі ойын көрсетті. Әсіресе, бір нәтижелі пас шығарып, бір голдың авторы атанған Иван Перишичтің еңбегін ерекше атаған дұрыс. Ең бастысы, команданың рухы биік, жігерлі екендігін бәрі мойындады. Анау-мынау емес, Еуропа чемпионы – испандарға 0:1 есебімен жеңіліп жатып, қарсыластың қақпасына екі доп соғып, жеңісті жұлып әкету екінің бірінің қолынан келмейді. Осы жанкештіліктің арқасында Хорватия өз тобында бірінші, «қызыл фурия» екінші орынмен шықты келесі кезеңге.
«С» тобындағы екі ойынның қалай өрбитінін футболсүйер қауым алдын ала шамалаған. Айтқандай, немістер Солтүстік Ирландияны, поляктар Украинаны жеңіп, тиесілі ұпайларын алды. Бұл топтағы бірінші орын Германияға бұйырса, Польша екінші, Солтүстік Ирландия үшінші сатыдан плей-оффқа шықты.
Біздің болжам
Маусымның 25-і күні 1/8 финалдың алғашқы үш ойыны өтеді. Олардың ішінен кешегі күнге дейін Швейцария мен Польша құрамаларының кездесетіні белгілі болған. Сондықтан осы жұптың арасындағы текетіреске болжам жасап көрсек. Өз топтарында екінші орын иеленген қос команданың әлеуеттері, ойыншылардың шеберліктері тұрғысынан алсақ, шамалас бір-біріне. Ендеше, ойынның негізгі бөлігінде тең түсуі де ғажап емес. Дегенмен, келесі кезеңге өтуге поляктар бір табан жақын. Біздің болжам – 1:0. Польшаның жеңісі.
Серік Әбілхан