Плей-оффтағы қарсыласымыз белгілі болды
Өскемендік «Торпедо» Жоғары хоккей лигасының регулярлық чемпионатын жеңіспен аяқтады. Соңғы турда өз айдынында Санкт-Петербордың «СКА-Нева» командасын қабылдаған жерлестеріміз 4:3 есебімен жеңіске жетіп, турнирлық кестедегі тоғызыншы орнын сақтап қалды.
Естеріңізге салайық, өскемендіктер бұған дейін чемпионатта көш бастап тұрған Тверьдің «ТХК» командасын 3:1 есебімен сенімді жеңген болатын. Араға екі күн салып, мұз айдынына шыққан командамыздың бұл жолғы жеңісі, анау айтқандай, оңай келген жоқ. Тіпті, кездесудің бірінші кезеңінен кейін таблодағы есеп 0:2-ні көрсетіп тұрды, қонақтар пайдасына.
Үзілісте бас бапкер Мисхат Фахрутдиновтан тиісті ақыл-кеңес алған болуы керек, жерлестеріміз екінші кезеңді әлдеқайда ширақ бастады. Соның нәтижесінде ойынның 25-минутында Владимир Коротковтың пасынан кейін команданың латвиялық легионері Юрис Упитис есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Бұл екінші кезеңде соғылған жалғыз шайба болды.
Ал ойынның бар қызығы үшінші кезеңде басталды. Үзілістен кейін жанкүйерлер өз орындарына отырар-отырмастан айдын иелерінің қақпасында тағы бір шайба тулады. Дегенмен, араға бір минут салып «торпедолықтардың» алғашқы нәтижелі шабуылын ұйымдастырған Коротков-Упитис жұбы есеп айырмасын қайтадан бір шайбаға дейін қысқартты. Ал кездесудің 52-минутында өскемендік қорғаушы Станислав Тунхузин таразы басын теңестіріп кетті. 3:3! Бұдан кейін қарсыластар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанмен, ойынның негізгі уақытында қақпадан саңылау таба алмады.
Ал айдын иелеріне жеңіс сыйлаған шайба кездесудің қосымша уақытында соғылды. Нәтижелі соққының авторы шабуылшы Денис Стасюк болды.
Осылайша, өскемендік команда Жоғары лиганың регулярлық біріншілігін жақсы нәтижемен, тамаша көңіл-күймен аяқтады. Енді жерлестерімізді плей-офф бәсекелері күтіп тұр. Ондағы қарсыласымыз да белгілі – Қарағандының «Сарыарқасы». Яғни, алдағы уақытта тағы бір «қазақстандық дербидің» куәсі боламыз деген сөз.
«Торпедо» хоккей клубының бас бапкері Мисхат Фахрутдинов кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында дәл осындай жігерлі жеңістер хоккейшілерімізге тың күш-қуат беріп, жаңа жетістіктерге жетелейтінін атап өтті.
Нұржан Кенжеұлы