Пластикалық ота жасату дұрыс па, әлде бұрыс па?

Бүгінде қыз-келіншектердің дені сән үшін косметологиялық ота жасатуды қалыпты жағдайға айналдырғандай. Қазіргі тілмен айтқанда, мұны пластикалық ота дейді. Әрине, мұның бір қуантарлығы, туабітті кемістігі бар жандар үшін пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Ал өкініштісі, мұны сән көріп жүргендердің саны да артып келеді. Оған не себеп? Біз анықтап көрген едік.
Операциясын қажеттіліктен жасатты
Бүгінгінің жастарын кеселді дерттей жайлап бара жатқан жасандылықтың қатарында сонымен қатар, қалқан құлақтың формасын өзгерту, қисық мұрынды түзету, беттің әжімін тарттыру, көздің қабағын жасау сияқты «сән үшін» жасалатын амалдар күн санап артуда. Алайда осындай әрекетке барған жандарды сөзге тартқанымызда, олар бет-әлпетті өзгертудің ислам дінінде күнә болып саналатынын алғаш рет естіп тұрғандарын жеткізді. Тіпті кейбірі тіксініп те қалды. Бұл туралы ислам дінінде: «Дені сау адамға «әдемілік» үшін ота жасатуға болмайды» делінген. Ал кейбір жағдайларда мұндай әрекетке баруға рұқсат етіліпті. Мәселен, жол-апатынан, күйіктен қалған беттегі тыртық пен денедегі артық ағзаны алып тастауға болады екен. Мұны қазіргі дінтанушылар да растап отыр. Олардың айтуынша, кезінде Пайғамбарымыздың өзі қан майданда мұрнынан айырылған Урфажа есімді сахабаға алғашқыда күмістен, кейін алтыннан мұрын салуға рұқсат етіпті (Тирмизи, 31). Сол себептен қазіргі дінтанушылар кейбір жағдайларда пластикалық ота жасауға болады деген байлам жасап отыр.
Ресми дерек көздеріне сүйенсек, бүгінде ел тұрғындарының дені пластикалық отаның көмегіне жүгінеді. Олардың дені туабітті кемістігі бар адамдар мен әртүрлі қайғылы жағдайлардың салдарынан бет-әлпетін зақымдап алған жандар. Солардың бірі – 26 жасар өскемендік Дархан (есімі өзгертілген. Ол таяуда ринопластика (мұрын түзету) жасатыпты.
– Осыдан бес-алты жыл бұрын мұрынымды сындырып алдым. Кейін қанша емделсем де, нәтижесі болмады. Соның салдарынан сүйікті спортымнан да қол үзуге тура келді. Алдын ала айтайын, мен мұны сән үшін жасаған жоқпын. Ондағы ойым – мұрынымды қайта қалпына келтіріп, денсаулығымды түзеу. Маған сенгендіктен, бұл іске ата-анам да еш қарсылық білдірмеді. Алғашқы күндері мұрынымды күтіп жүрдім, әр екі сағат сайын арнайы дәрі майларды жағып, тазалап отырдым. Соншалықты ауырды деп айта алмаймын. Қазір денсаулығым жақсы. Дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Егер келешекте менің балам тек сән үшін ғана пластикалық ота жасатамын десе, қарсы болар едім. Өйткені, көштен қалмаймын деп тренд қуалаудың соңы жақсылыққа апармайды, – дейді ол.
Алайда бұл замандастарымыз косметологиялық ота жасатудың зиянды екенін бағамдамайтын секілді. Дәрігер мамандардың айтуынша, ота ойдағыдай өтпесе, адам ағзасындағы бұлшық еттер дұрыс жұмыс істемей қалуы мүмкін. Ал өз кезегінде мұның соңы көп жағдайда қайғылы жайттармен аяқталып жататыны тағы рас.

Бағалары да баршылық
Мамандардың сөзіне мән беріп жатқан жастар ма? Өскемендегі жоғары оқу орындарының бірінде оқитын замандасымыз пластикалық ота жасауға қарсылық білдіргенімен, осыдан екі жыл бұрын көздің қабағын жасатыпты. Ақерке Айтқалиеваның (есімі өзгертілген) айтуынша, ол кезінде ата-анасының, әсіресе апасының қарсылығын құлаққа ілместен осындай оғаш қылыққа баруға бекініпті. Ақерке арнайы салонның қызметіне жүгінбепті. Тек қабаққа арналған 400 теңгелік косметикалық құралды сатып алып, үйінде отырып жарты сағаттың ішінде тындырыпты бар шаруаны.
– Бұл құралдың көмегімен көздің қабағын «жасайды». Оның бір данасын арнайы желімнің көмегімен жапсырып, үш күн бойы жүре беруге болады. Ең бастысы, осы құралды таққан соң, көздің айналасын жууға болмайды. Әйтпесе, бар еңбегіңіз зая кетеді, – дей келе кейіпкеріміз Ақерке мұның соңы жақсылыққа апармағанын айтты.
– Гигиеналық тазалықты сақтамағандықтан, ауруханадан бір-ақ шықтым. Өте қатты ауырдым. Алғашқыда көзім бұлдырап, алыстағы бейнені көре алмай жүрдім. Кейін түнде ұйықтай алмай, әбден қиналдым. Ал пластикалық ота жасайтын хирургтарға бармауымның себебі – ауру жұқтырып аламын ба деп қорықтым. Сонымен қатар студент болғандықтан, ақшам да жоқ болды, – деді Ақерке.
Пластикалық ота жасайтын хирургтар демекші, қала көшесінде екі аттап жүрсеңіз, сұлулық салонына кезігесіз. Ондағы көрсетілетін қызмет түрлері де сан алуан, бағалары да баршылық. Мәселен, ринопластиканың (мұрын түзету) құны 150-210 мың теңге, блефорапластика (бет әжімін тарттыру) 75-95 мың, көздің қабағын жасату 50 мың, қалқан құлақты түзету 65 мың теңгеден басталады. Косметолог мамандардың айтуынша, пластикалық ота жасатушы азамат 18 жасқа толуы керек. Сонымен қатар аяғы ауыр болмауы, эпилепсия, қант диабеті, ЖИТС секілді созылмалы аурулармен ауырмауы қажет екен.
– Жасыратыны жоқ, клиент көп. Тіпті еліміздің өзге өңірлерінен келіп, ота жасататындар да бар. Олардың дені мұны сән ретінде, құрбыларынан ерекшелену мақсатында жасататындарын айтады. Дегенмен біз 18 жасқа толмағандарға ата-анасының рұқсатынсыз жасамаймыз. Сондай-ақ мұндай істі медицинадан хабары бар, кәсіби мамандар атқарғаны абзал. Әйтпесе, біреудің денсаулығына зиян шектіріп алуы мүмкін, – деген өскемендік тәжірибелі хирург А.Маткин пластикалық ота жасатпас бұрын, жастарға оның мән-жайын түсініп алу қажеттігін еске салды.
Ал психолог Меруерт Башикованың айтуынша, бет-әлпетіне көңілі толмайтын адамдарда «дис¬морфофобия» деп аталатын психоло¬гия¬лық ауытқушылық кездеседі.
– Әлем ғалымдарының зерттеуінше, мұндай психологиялық ауытқушылық бала кезде алған стрестің әсерінен туындайды. Соның салдарынан адамның өз-өзіне көңілі толмайды. Ал мұндай жандардың ота жасатқаннан кейін де пікірі өзгеруі екіталай. Тіпті кейде көрікті қыздар мен сымбатты жігіттердің де пластикалық ота жасатқысы келеді. Бұл перфекционизм синдромы деп аталады, – дейді Меруерт Башикова.
Тарихи деректерге сүйенсе…
Пластикалық ота жасату ежелгі дәуір тайпаларында да кездескен. Ол кездегі ота екі мақсатта қызмет еткен: біріншісі – тыныс жолдарын емдеу мақсатында қолданылса, екіншісі – бет-әлпетінде жарақат іздері қалған науқастарға көмек көрсету ретінде. Яғни, отаны тек адам жанына араша түсу үшін жасаған.
Кейін адамзаттың дамуы қарқын алып, өркениетке жол ашылғалы бері, бұл үрдіс құлдырай бастады. Мамандар орта ғасырда пластикалық ота жасату тек жарақат алған адамдарға ғана жасалғанын алға тартады. Бірақ кейіннен ХХ ғасырдың соңына қарай науқастардың өзі бұдан бас тарта бастапты.
Нәтижесінде жабайы іске жаппай барушылар күрт азайған. Бір өкініштісі, XXI ғасырға қадам басқалы, күтпеген жерден тәнді «қорлаушылар» қатары арта түскенін көзіміз көріп отыр.
Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырда Мысыр, Үндістан мен Қытай¬да алғаш рет пластикалық ота жасалыпты. Кейін оған сұраныс та артқан. Осылайша, ел арасында отаның бұл түріне деген қызығушылық пайда болыпты.
Айта кетейік, әлем бойынша пластикалық ота жасаудан АҚШ, Бразилия, Жапония, Италия. Мексика елдері көш бастап тұр. Бұл туралы халықаралық эсте¬тикалық пластикалық хирургия қоғамының (ISAPS) мүшелері мәлім етті. Аталмыш қоғам өкілдерінің айтуынша, АҚШ тұрғындарының дені денедегі артық майлардан арылу үшін ота жасатса, бразиялықтар бет-әлпетін өзгертуге көбірек көңіл бөледі екен. Ал еуропалықтар болса, пластикалық отадан мүлдем бас тартқан. Бүгінде батыс халқы контурлық ота жасауға бет бұрды. Бұл – арнайы сұйықтықтың көмегімен жүзеге асырылатын процедура. Әзірге жаппай отаның осы түрін жасатып жүрген батыстықтар оның зиянын анықтай қойған жоқ. Бастысы, еуропалықтар бүкіл әлемге сұлулық құрбандықты талап ететінін дәлелдеп берген жоқ па?!
Қалай дегенмен де, пластикалық отаның зардабы ауыр. Мұны шетелдік дәрігерлер мойындап отыр. Оған дәлел де жетерлік. Сенбесеңіз, интернетті ашып, парақтап көріңіз. Онда «пластикалық ота» деп терсеңіз болғаны, түрлі ақпаратты оқып, отаның пайдасы мен зиянынан хабардар бола аласыз. Әрине, туабітті кемістігі бар жандар үшін мұндай пластикалық отаның қажет екені айтпаса да түсінікті. Ал дені сау жандардың қолдан сұлулықты жасап алуы қаншалықты дұрыс? Ойланып көріңізші…
Ажар Сағатбекова