Пластикалық құбырлар шығаруға маманданып алды
Табиғаты әсем, жері құнарлы Үржар ауданында соңғы жылдары экономиканы алға сүйрейтін біраз индустриялық-инновациялық жобалар қолға алынып жатыр. Ауданда жаңалық көп.
Мақаншы ауылында елімізде теңдесі жоқ пластикалық құбырлар шығаратын зауыттың өткен жылы пайдалануға берілгенін, Сарытерек телімінде «Бәтуа» ЖШС-нің 1900 гектарға соя дақылын егіп, оны шетелге шығара бастағандарын, қонақүй, жатақхана, асхана, екі астық сақтайтын қойма салғандарын, аудан бюджетіне қыруар қаржы құйғандарын, жүздеген адамды жұмысқа қабылдағандарын аудан басшылығынан естіп білдік.
«Жақсыны көрмекке» дегендей, Мақаншыға жеттік. 45 шақырымдық жол тақтайдай тегіс, асфальт төселген, Алматы, Таскескен, Үржар арқылы Қытайдың Үрімшісіне дейін салынып жатқан сапалы жолдың «Алматы – Өскемен» трассасына дейінгі аралықтағы жөндеу жұмыстары басталып кетіпті.
Мақаншы ауылдық округінің әкімі Советхан Қалиев бізді ауылдың шет жағындағы пластикалық зауыттың ауласына алып келді. Диаметрі – 630 және одан жіңішкелеу – 315 миллиметрлік, ұзындығы 6 метрлік құбырлар тау-тау болып үйіліп жатыр. Бұл құбырлар – ауыл шаруашылығы алқаптарын суландыруда таптырмайтын жабдықтар. Қала үйлеріндегі темірден жасалған су, бу құбырларына қарағанда олар екі-үш есе артық қызмет көрсетеді екен. Пластикалық құбырлар 50-60 жылға дейін шірімейді, оны алмастыру да онша қиындық туғызбайтын көрінеді.
– Зауыттың ашылғанына бір жыл болды. Ал «Бәтуа» серіктестігінің құрылғанына – үш жыл. Серіктестік басшылары үш млрд. теңге өз қаржыларын салып, Сарытеректе соя өсіріп жатыр, түрлі ғимараттар салып, көптеген техника сатып алды. Соя дақылының калориясы еттен де жоғары, одан 30-дан астам өнім ала аласыз. Шұжық, май, басқа да тағамдарға қосады. Сояның бір тоннасы 80-100 мың теңге тұрады. 2012 жылы 2400 гектарға соя егіп, гектарынан 20 центнер өнім алдық. Демек, кеткен қаржы еселеніп қайтады деген сөз. Қазір пластикалық құбыр зауытында 49 адам, ал соя өсірумен жаз кезінде 300-ге тарта адам айналысады, – дейді «Бәтуа» серіктестігінің пластикалық зауыттағы үйлестірушісі Ербосын Қашақов.
Иесіз қалған ат шаптырым сарайды жөндеп, пластикалық құбырлар жасайтын цехқа айналдырған жігіттердің іскерлігіне сүйсіндік. Мұндағы 630 және 315 миллиметрлік құбырлар шығаратын құрал-жабдық, құбырға қажет заттар да көрші Қытайдан жеткізіледі екен. Бақты кеденіне дейін 60 шақырым, ар жағындағы алып мемлекет таяқ тастам жерде. Зауыттың неліктен Мақаншыға орнатылғанын енді түсіндік. Бұл да нарыққа бейімделген «Бәтуа» серіктестігі азаматтары ізденістерінің нәтижесі ғой деген ойға қалдық. Демек, басы артық құбырларды жақын жердегі Қытайға жөнелте алады.
– Қазір далада 630 мм. 5 мың метр, 315 мм. 3 мың метр құбыр әзір тұр. Құбырларға деген сұраныс үлкен. Бірақ біз соя өсіретін алқапқа құбырларды тартып, тамшылатып суаруды жүзеге асырып жатырмыз. Өзіміздің қажеттілігімізді орындаған соң сатып, пайда табу да ойда бар. Біздің жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Үкіметтен 730 миллион теңге алған соң басқа да ірі жобаларды жүзеге асыру ойда бар. Ең бастысы, шалғайдағы Үржар ауданы тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етсек, абырой емес пе. Аудан әкімі Бауыржан Жанақов бізге жиі келеді, қамқорлық танытады, – дейді Ербосын Алдасүгірұлы.
Пластикалық зауытта еңбек етіп жатқан Мақаншы ауылының тұрғындары Берік Қалқаров, Нұрдәулет Ордашев, Тұрлан Салиев, тағы басқалар жалақыны уақтылы алып тұратындарын, мамандыққа төселіп алғандарын, алдағы уақытта тағы да жұмыс күшінің қажет болатынын айтады.
– «Бәтуа» серіктестігінің басшылары мен мамандарына алғысымыз шексіз, – дейді Мақаншы ауылдық округінің әкімі Советхан Тоғанбайұлы. – Зауыттың өзінде ғана 50-ге тарта адам еңбек етіп жатыр, жаз кезінде қосымша жұмыс орындары ашылмақ, Ауылымыз көркейіп келеді, жолдар жөнделді. Тірек ауылы болған соң бізге қыруар қаржы бөлінді, оны «сабақты ине сәтімен» дегендей, орайын тауып іске жаратып жатырмыз. 56 миллион теңге игерілді, ветеринарлық дәріхана, шаштараз, басқа да шаралар жүзеге асып, көшелерге жарық тартылды.