Қоғам

Пикенің голы «Қызыл фурияны» құтқарды

 Пикенің голы «Қызыл фурияны» құтқарды

Еуропаны дүбірлеткен аяқдоп додасының төртінші күнінде алғашқы болып жасыл алаңға Испания мен Чехия құрамалары шықты. Кәріқұрлықтың қазіргі чемпиондарын каталондық «Барселонаның» орталық қорғаушысы Жерар Пикенің баспен соққан голы құтқарып қалды.
Чемпионат басталмай тұрып, спорт сарапшыларының біразы Бразилияда өткен Әлем біріншілігіндегі сәтсіздіктен кейін Испания футболшылары ес жиып, қаһарына қайта мінеді дескен. Тіпті Франция, Германия құрамаларымен бір қатарда осы жарыстың бас жүлдесіне таласу мүмкіндігі жоғары екендігін айтқан. Ал шабыты шау тарта бастаған бас бапкер Дель Боске болса шәкірттерінің арасынан Хави, Пуйоль, Санти Касорла сынды саңлақтарды алып тастап, орнына Мората бастаған жас перілерге сенім артқан. Алайда, бұл қадамдар испандардың ойынын соншалықты күшейтпегені алғашқы матчта-ақ байқалды. Сол бәз баяғы қысқа пас алмасулар, жанкүйерлерді жалықтырып жіберетін допты ұзақ бақылау сияқты ойын тактикасы бұл жолы өзінің «жемісін» берді. Қарсыласының қандай ойын тәсілін ұстанатынын алдын ала жақсы білетін чехтар Давид де Хеа қорғаған қақпаға оқтын-оқтын қарсы шабуылдармен мазалап, өздерінің қорғанысын мықтап ұстады. Екінші таймның 87-ші минутында Жерар Пике гол соқпағанда, «қызыл фурияның» үш ұпайды еншілеу, еншілемеуі екіталай еді. Қалған азғана уақытта чехтар есепті теңестіре алмады.
«Е» тобындағы жұптар да өзара кездесулерін осы күні өткізді. Әйгілі футболшы Златан Ибрагимович бастаған жігіттер Ирландияға тісін батыра алмады. Тісін батырғаны былай тұрыпты, жеңіліп қала жаздады. 1:0 есебімен жеңіп жатқан Ирландия құрамасы екінші таймның 71-ші минутында өз қақпасына автогол соғып алмағанда, скандинавтықтар үшін бір ұпайға қол жеткізудің өзі мұңға айналар еді. Өйткені, ойынның статистикалық деректеріне сүйенсек, Швеция футболшылары матч бойы қарсылас қақпасына бірде-бір мәрте тура соққы бағыттамаған. Есеп – 1:1.
Осы топтың фавориттері саналған Бельгия-Италия кездесуінде Апеннин түбегінің өкілдері басым түсті. Алғашқы ойында алаңға «ардагерлерін» – жасы үлкен, тәжірибелі футболшыларын сеніп шығарған Антонио Конте бапкер қателеспеді. «Ескі пышақ ұялғанынан өтеді» демекші, тісқаққан итальяндықтар Белгия қақпасына жауапсыз екі гол соғып, айқын жеңіске жетті.
Біздің болжам
Бүгін, маусымның 15-і күні Румыния-Швейцария, Франция-Албания және Ресей-Словакия құрамалары өзара мықтыны анықтайды. Шымылдық түрер матчта жарыс қойындарының екі аяғын бір етікке тыққан румындар швейцариялықтарға да оңай олжа болмасы анық. Бұл ойында қос команда бір-бірінің қақпасына гол соғуы әбден мүмкін. Біздің болжам – 1:2.
Франция екінші кездесуінде албандарды жеңуге тиіс. Бірақ қандай есеппен, мәселе сонда? Біздің болжам – 2:0. Алаң иелерінің пайдасына.
Ағылшындармен ұпай бөліскен орыстар енді словактарды сан соқтыруға пейілді. Сол сияқты Уэльске есе жіберіп алған Словакия құрамасы да алақандарын ысқылап дайын отыр алаңға шығуға. Үш ұпай үшін бір сойқан болғалы тұр. Біздің болжам – 1:1.

Қызықты деректер

Еуропа біріншілігінің әрбір финалдық кезеңінде жоқ дегенде бір дебютант команда қатысады. 2012 жылы ол – Украина құрамасы болған. Ал биыл олардың саны бесеу. Атап айтқанда: Албания, Исландия, Солтүстік Ирландия, Словакия және Уэльс.
Чемпион команда ие болатын Кубоктың бағасы 20 мың еуро тұрады. Салмағы сегіз келі тартады. Таза күмістен жасалған. Оны осы турнирді ойлап шығарған және УЕФА-ның бас хатшысы болған, 1955 жылы өмірден озған Анри Делонның құрметіне орай «Анри Делон Кубогы» деп атайды.
Кәріқұрлық бәсекесінде ең көп топ жарған құрамалар ішінде Германия көш бастап тұр. «Неміс мәшинесі» бұл турнирді үш рет ұтқан және үш мәрте финалда ойнаған. Екінші орында – Испания. «Қызыл фурия» еуропа чемпионатын үш мәрте жеңіп алып, бір рет финалға шыққан. Ал аталған доп додасын екі рет жеңген Франция құрамасы үздік үштікті түйіндейді.

Ескерту: техникалық себептерге байланысты газеттің өткен санында жарық көрген Еуропа чемпионатының ойын кестесінде Австрия-Венгрия, Португалия-Исландия матчтары қайталанып басылып кеткендіктен, оқырмандардан ғафу өтінеміз. Бұл екі ойын 14-ші маусым күні ойналды. Ал басқа ойындарға қатысты ешқандай өзгеріс жоқ.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button