Қауіпсіздік

Пештен қатер келмесін!

 Жуырда Катонқарағай ауданындағы ауруханалардың біріне иіс тиіп уланған екі әйел жеткізілді. Абырой болғанда, екі азаматша да аман қалып отыр. Сөйтсе, үйлеріндегі пештен уытты газ шыққан екен.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері желтоқсан айында ғана нақ осы үйдің иесіне пештің мұржасын тазартуды ескертіпті, бірақ тұрғындар оны елемеген.

Жалпы, жылыту маусымы басталғалы бері құтқарушылар облыстағы 168 мыңнан астам үйді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылуының 21 мың дерегін тіркеген. Нәтижесінде, пештердегі 7900-ден астам олқылық жойылған. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылар тұратын 2500-ден астам үйге улы газдың шығуы туралы белгі беретін датчиктер орнатқан.

Мамандар мұржалар мен пештерді қыс басталғанға дейін, сондай-ақ үш айда бір рет күйеден тазарту қажеттігін қайталап ескертуде.

Иіс тимеуі үшін пештерді, мұржаларды қадағалап, үнемі тазалап тұрыңыз. Ұйқыға жатардан бірнеше сағат бұрын пешті толық сөндіріңіз. Ысырманы жаппаңыз. Күл, қож, көмір жанғыш заттардан 15 метр қашықтықтағы арнайы орында тұруы керек. Есіктері ашық пештерді жағуға, қараусыз қалдыруға, сондай-ақ пеште отынды, киімді кептіруге болмайды, дейді өрт сөндірушілер.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button