Өскемен қаласындағы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярованың «Үнсіз педофилия» кітабының тұсауы кесілді.
Аталған шарада кітап мұқабасының авторы, «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Мерей Қайнаров, кітапхана қызметкері Гүлбаршын Тілегенқызы, өңір ұстаздары мен психологтары осы тақырыпқа қатысты пікірлерін білдіріп, облыстағы Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аксана Каленова кітаптың тұсауын кесті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Шараға «Шығыс шынарлары», «Бақыт мекені», «Жан сарайы» клубының мүшелері, сот өкілдері, мұғалімдер мен мектеп психологтары және осы мәселеге бейжай қарамайтын қала тұрғындары қатысып, елімізде соңғы жылдары өршіп тұрған осы қылмыс түрінің салдарымен емес, себептерімен күресу, алдын алу қажеттігі туралы ойларын айтты.
Психоанализ бағытындағы психолог Анна Құдиярованың шәкірті Зарина Қаһарманқызы шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.
Зарина Қаһарманқызының айуынша, педофилия – осы уақытқа дейін айтуға ұят саналып, жабулы қазан күйінде келе жатқан тақырыптардың бірі. Ресми дерек бойынша, соңғы жылдары балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық бойынша елімізде 956 іс тіркелген. Елімізде балаларға қатысты қылмыстың 43%-ы жыныстық зорлық-зомбылыққа қатысты, демек елімізде күн сайын екі-үш бала қылмыскердің құрбаны болады. Бұл орайда қоғамдағы пікір де екі түрлі. Бірі мұндай қылмысқа баратындар қылмыскерлер, оларды қатаң жазалау керек десе, енді бір тарап бұл ауру, оны емдеу керек деген пікірде.
Статистика көрсеткендей, педофилдердің 60 пайыздан астамы баланың жақыны: өгей әкесі, атасы, ағасы, туысы немесе көршісі болып келеді.
Кітапта өмірде болған оқиғалар негізінде жазылған педофил құрбандары туралы повесть және әңгімелер бар. Сондай-ақ қылмыскерден баланы қалай қорғауға болатыны туралы ата-аналарға арналған жадынама, бұл дерттің себептері мен оларға қолданылатын жаза және осы тақырыпқа қатысты басқа да керекті мәліметтер берілген.
Елімізде алты миллион бала бар. Бұл – халқымыздың 31%-ы. Жаны мен тәні сау ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың парызы. Сондықтан психолог мамандар мектеп мұғалімдері мен ата-аналарға және баламен жұмыс істейтін кез келген маманға аталған кітапты оқып, балаларды қауіп-қатерден сақтандыруға кеңес береді.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ