Қоғам

Педофилия: азғындық па, аурур ма?

Педофилия: азғындық па, аурур ма?


2015 жыл. Өскемен қаласында бір күнде екі бірдей бүлдіршін қызға тиіспек болған педофил-рецидивист туралы оқиға көпті дүрліктірді. Абырой болғанда, қыздар қашып құтылды. 32 жастағы күдікті қолға түсті. Дегенмен, ол өзін ақыл-есі кем адам ретінде көрсеткісі келіп, полицейлерді ғана емес, психотерапевтерді де біраз әуреге салды. Күдікті бұған дейін де балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін айыпталып, жазасын өтеген. Сотта қылмыскер өзіне өлім жазасын кесуді өтініпті.

2016 жыл. Зырян ауданында із-түзсіз жоғалған 8 жасар Виктория Тойкенованы ата-анасы мен жергілікті халық екі күн, екі түн іздеп жансыз денесін жертөледен тапты. Бүлдіршін қызға зәбір көрсетіп, соңынан жанын қиған қылмыскердің екі ай бұрын 7 жастағы Ксения Сидоринаны да зорлап, өлтіргені мәлім болды. Қорқынышты оқиғалар тізбегін осылайша жалғастыра беруге болады. Өйткені балаларды зорлау оқиғасы елімізде кейінгі кездері көбейіп кетті.

Қараусыз бала – қылмыскерге оңай олжа

Жаңалықтарды тыңдасаң, педофилдер көшеде ғана емес, балабақшада, мектепте, діни мекемелерде, тіпті отбасында да бар сияқты. Содан болар үлпілдетіп ұл-қыз өсіріп отырған аналардың жүрегінде күнде үрей. Бүлдіршіндерді екі аяқты хайуандардан қалай қорғаймыз деген ой әрбір ата-ананы мазалайтыны хақ.

Облыстық ішкі істер департаментінің ресми статистикасына сүйенсек, өңірде балаларға көрсетілген жыныстық зорлық-зомбылық саны кемімей отыр. Өткен жылдың сегіз айында осы санаттағы 61 қылмыстық іс тіркелсе, жыл басынан бері мұндай оқиғалардың саны 50-ге жетіп, оның он алтысы сотқа жолданған. Бірақ мұндай оқиғаларды құрғақ санмен өлшеу орынсыз. Өйткені зорлық жасалған әрбір жағдай – қоғамның үлкен трагедиясы, отбасына түскен қайғы-қасірет, баланың жанына салынған жазылмас жара. Сондықтан Қазақстанның Қылмыстық кодексіне алғаш рет кәмелетке толмағандарды зорлағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

– Мұнда педофилдер үшін барлық жеңілдіктерге жол жабылды. Олар үшін шартты соттау, шартты түрде мерзімінен бұрын босату, зардап шегуші тараппен келісімге келу, ауыр жағдайларға душар болғандықтан немесе өз ісіне өкінетінін дәлелдей алғандықтан босату, өтелмеген жаза мерзімін айыппұлға немесе бостандығын шектеу жазасына алмастыру, жазасын балалары барын ескере отырып кейінге шегеру, амнистия (кешірім беру) жағдайлары алынып тасталды. Олар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Өмір бойына балалармен жұмыс жасау құқығынан айрылады,-дейді облыстық ІІД-нің Мемлекеттік тіл және ақпараты басқармасының бастығы Бақытжан Торғаев.

Десек те, жазаны ауырлату да мұндай қылмысқа баратын азғындарға тосқауыл қоя алмай отыр. Қоғам бала зорлағандардың жазасын бұдан әрі қатаңдатуды талап етуде. Олар тек өлімге лайық дейді қалың көпшілік.

– Жаза қатаңдатылды. Өлім жазасына да кестік делік. Алайда бүлдіршіндерге жасалған зорлық осымен тыйылса жақсы. Біз қылмыстың алдын алу шараларына көбірек назар аударуымыз керек сияқты. Оған ең алдымен ата-ана мүдделі. Қараусыз бала қылмыскерлердің оңай олжасы екендігін санамыздан шығармауымыз қажет. Сондай-ақ, балаларға қатысы бар кез келген мекемеде балалармен ғана емес, ересектермен де жұмыс істейтін психолог мамандар болуы тиіс деп ойлаймын. Егер педофилияны психикалық дерт десек, балалармен жұмыс істейтін мамандардың бойынан оның қандай да бір белгілерін уақтылы анықтайтын мамандар қажет. Өйткені баланың көшеде ғана емес, балабақша мен мектепте де зорлыққа ұшырау фактілері орын алып жатыр. Әрине, бұл шаралар қылмысты тамырымен жоймаса да, бір баланың болсын өмірін арашалап қалса, оның өзі жетістік,-дейді Өскемен қалалық мәслихатының төрағасы Александр Светош.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді бас бостандығынан айырып қана қоймай, мұндай қылмыскерлерге химиялық кастрация әдісі де қолданылмақ.

– Қылмыскерлерді химиялық кастрациялау туралы шешімді сот-психиатриялық сараптаманың негізінде сот шығарады. Химиялық кастрациялау шарасы қылмысты өтеу орнында жүзеге асырылады,-дейді Бақытжан Торғаев.

Химиялық кастрация — дәрігерлік препараттар арқылы ерлердің жыныстық қабілетін жою. Мұндай әдіс осы санаттығы қылмыскерлерге әлемнің көптеген елдерінде қолданылады.

Педофилия: азғындық па, аурур ма?

Қой терісін жамылған қасқырлар

Ежелгі Грецияны басқарған саяси қайраткер және әлеуметтік реформатор Солонның өз заманында тіпті «балаға жақындаған еркекті байқап қалсаңдар, өлім жазасына кесіңдер» деген бұйрық шығарғаны тарихтан мәлім. Демек, сол кездің өзінде сәбиқұмарлар болған. Ал адамдағы мұндай ауытқушылыққа1886 жылы «педофил» деген ат берген неміс психиатры Рихард фон Крафт-Эбинга екен. Байқап отырғандарыңыздай, сәбиқұмарлардан қоғамға қауіп біздің дәуірімізге дейінгі алты жүзінші жылдардан бастау алады екен. Алайда бертінге дейін оны ауруға емес, қылмысқа жатқызған. Тек 1968 жылы ғана педофил ресми түрде аурулар тізіміне енеді.

Педофилия — латын сөзінен шыққан. Сөздің шығу төркіні «педо» – бала, «филия» – махаббат, сүйіспеншілік деген сөз. Яғни, «балаға деген махаббат» деп аударылады. Бірақ оның түпкі мәні әрине балаға деген махаббат емес, құмарлық. Әлемнің түрлі ғалымдары мен зерттеушілері педофилияны туа бітті ауруға да, нейрофизиологиялық ауытқушылыққа да, әлеуметтік-психологиялық дағдарысқа да жатқызады.

– Психиатрия педофилияны дерт деп таниды. Бүгінде біз бала зорлағандардың барлығын осылай атап жүрміз. Олардың басым көпшілігі ауытқушылығы жоқ, дертке шалдықпаған ақыл-есі дұрыс адамдар. Оларды қылмысқа итермелеп тұрған ауру емес, азғындық. Есірткілік заттарды қолдану, одан қала берді ішімдікке салыну,-дейді облыстық жүйке аурулары диспансерінің бас дәрігері Мерхат Мукушев.

Ал дертке шалдыққан педофил қандай болады? Дәрігердің айтуынша педофилиямен ауыратын адамдарды сырт бейнесінен ажырату мүмкін емес.

Ғалымдар түрлі зерттеулердің нәтижесінде педофилдердің психологиялық портретін жасаған. Педофил 16 жастан асқан адам. Әдетте ол өзінің құрбанын жақсы таниды. Көбінесе 14 жасқа дейінгі балалармен араласады. Ол үйленген де, жалғызбасты да болуы мүмкін. Сыртқы әлеуметтік деңгейде ол балаға аса қамқор, оны сүйіп, сипағанды ұнатады, оны аялайды, өйткені психологиялық деңгейде ол өзінің құрбанын жақсы көріп тұрады. Баламен араласқанда оны тым еркелетіп, айтқанын істейді, өзі де бала құсап бірге ойнайды. Былайша айтсақ қой терісін жамылған қасқырлар көп жағдайда қарама-қарсы жыныстыларға қызығушылығы болмайды, олармен тіл табыса алмайды, ал балалардың арасына керісінше тез сіңісіп кетеді. Сондай-ақ, олардың интеллектісі де сау адамдардыкінен төмен болатын сыңайлы. Педофил неғұрлым ақымақ болған сайын, оның құрбандарының жасы соғұрлым төмен болады.

Әдетте педофилдер бала кезінде бас-ми жарақатын алғандар және көпшілігінің жүйке жүйесі жатырда жатқанда-ақ анасының зиянды әдеттерінің кесірінен зақымдалған. Сондықтан негізгі инстинктері бұзылған. Мысалы, сау адамның баланы көргенде ата-аналық инстинкті оянса, педофилдерде жыныстық инстинкт бой көтереді. Педофилия дертіне шалдыққан нағыз науқастар белгілі бір балаға ынтық болады және садистер сияқты агрессиялық шабуыл жасамайды.

Осыған қарап нағыз педофилиялық ауытқушылықтары бар адамдар әдетте зорлау, адам өлтіру сияқты ауыр қылмысқа бармайтындығын байқауға болады. Алайда олардың сексуалдық ойындары баланың психикасы мен физиологиясына үлкен соққы әкеледі. Сондықтан ол да аса ауыр қылмыс.

Педофилия: азғындық па, аурур ма?

Сот пен тергеу органдары тергеу және шешім шығару барысында педофилия терминін қолданбайды. Олар үшін – бәрі қылмыскерлер. Сонда бесіктен белі шықпаған бүлдіршіндерді зорлап, ұятсыз іс жасап жүргендер кімдер? Ардан аттаған мұндай азғындардың көбеюіне не себеп? Бәлкім осының бәрі адамдардың нәпсінің құлына айналып бара жатқандығынан да болар…

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button