Қоғам

«Патшалар жазығында» шыныдан саркофаг салынады

«Патшалар жазығында» шыныдан саркофаг салынады


Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Катонқарғай ауданына барып, Берел қорғанында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының барысын бағамдады, «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығында археолог-ғалымдармен жүздесті. Сонымен қатар, облыс әкімі «Рахман қайнарлары» шипажайына баратын республикалық маңыздағы жолдың жөндеу жұмыстарымен, Катонқарғай ауданаралық ауруханасының, Катонқарғай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бүгінгі хал-жағдайларымен танысты. Аудан орталығындағы Ленин орта мектебінде және орталық қазандықта болды.

«Патшалар жазығындағы» қорғандарды қазу жұмыстарын археология саласындағы ғылыми-зерттеу жоспары аясында Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Зейнолла Самашев бастаған археологтар тобы жүргізуде.

Делегация Берел аңғарына келген сәтте археологтар тобы №2 қорғанды аршыған болатын. Мұнда, үлкен тереңдіктегі мәңгілік мұздықта адамның және жеті құрбандық аттың сүйектері (кейбіреулері бағалы ер-тұрманмен) табылған. Сонымен қатар, қорғаннан үлкен қыш құмыра шығыпты.

Профессор З.Самашев түсіндіргендей, ол 1865 жылы орыс ғалымы Вильгельм Радлов алғашқы археологиялық зерттеулер жүргізген кезде табылған сақ патшасының әйелінің сүйегі болуы ықтимал. Ол Берел аңғарында бірнеше қорғанды, оның ішінде ғылымда «Үлкен Берел қорғаны» ретінде танымал ең ірі нысанды зерттеген. Онда патшаның өзінің және онымен бірге жерленген 17 жылқының сүйектері аршылып алынған болатын. Зейнолла Самашев қызықты олжалар тереңде, патша әйелі мүрдесінің астында болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазба жұмыстары жалғасатын болады.

Бұрын зерттелген қорғандардағыдай археологтар вандализм іздерін тапты. Мәселен, алтынмен безендірілген қымбат ер-тұрман барлық жылқылар сүйектерінде болмай шыққанын осымен түсіндіруге болады, тек табытқа жақын жатқан аттардың ер-тұрмандары ғана сақталған.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ құнды жәдігерлерді жақынырақ көру үшін баспалдақпен мазарға түсті. Одан соң қорымның әкімшілік ғимаратында археологтармен әңгімелесті, онда ашық аспан астындағы мұражай құрылысын жалғастыру мәселесі талқыланды. Зейнолла Самашевтың облыс басшысымен болған әңгімеге Ғалымжан Қиясбек, Айдос Шотпаев, Елдос Қариев, Николай Боковенко сынды танымал археологтар қатысты.
Облыс әкімі №2 қорған үстінен шыны саркофаг салу туралы мамандардың ұсынысын қолдады, ол саркофаг келушілерге жерлеу шұңқырына түсуге және құнды артефактарды жақыннан көруге мүмкіндік береді.

– Біз №2 қорған базасындағы қорым-мұражай құрылысына қаржы бөлеміз. Мердігерлер алдына жұмыстарды 9-қыркүйекке дейін аяқтау міндетін қоямыз, сол кезде облыста халықаралық ғылыми-тәжірибелік археологиялық конференция өтеді, оның екінші бөлігі «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының базасында болады, – деді облыс әкімі.

Қазылған археологиялық нысанды мұражайға айналдыру идеясын іске асыру зиратіші заттарын толық қайта құрудан, нысанды шыны қорған ішіне орналастырудан және тиісті мұражай-туристік инфрақұрылымды жасаудан тұрады.

Рахман қайнарына апаратын жол жөнделіп жатыр

Әлемге әйгілі «Рахман қайнарлары» шипажайына «Өскемен – Зырян – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» республикалық маңыздағы трассасы созылып жатыр.

2014 жылы «Катонқарағай ПДУ» ЖШС мердігер ұйымы осы жолдың 399-шы шақырымынан 418-ші шақырымына дейінгі бұрын асфальт болмаған 19 шақырымдық бөлігіне күрделі жөндеуді бастаған болатын. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард 885 миллион теңге. Құрылыстың алғашқы жылында 54,4 миллион теңге, келесі жылы – 799,3 миллион теңге бөлініп, игерілген. Ағымдағы жылы 989,2 миллион теңге бөлініп отыр. Сәуір, мамыр, маусым айларында 190,6 миллион теңге игерілген. Темірбек Исабаевтың кәсіпорны жоғары өнімді құрылыс-жол техникасына, асфальт-битум зауытына және үйлескен еңбек ұжымына ие, жұмыстар бекітілген күнтізбелік кестеге сәйкес жүруде. Нысанда шамамен 70 адам еңбек етіп жүр, 34 бірлік ауыр техника жұмылдырылған.
Кәсіпорын директорының орынбасары Құмарбек Төпелеков облыс әкіміне жұмыстардың барысы туралы айтып берді, құрылыс материалдарының сапасын анықтау бойынша жылжымалы зертхананы көрсетті.

Жалпы алғанда, Катонқарғай ауданы бойынша автокөлік жолдарының қашықтығы 775 шақырымды құрайды, олардың 227-сі – республикалық маңыздағы автожолдар. 2010 жылы Катонқарағайда «Катонқарағай ауданаралық аруханасы» КМҚК атанған жаңа тиіптік аурухана кешені салынып, заманауи құралдармен жабдықталған болатын, оған 22 медициналық пункт, үш дәрігерлік амбулатория және бір жедел жәрдем пункті енеді. Мұнда амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарлы-ауысымдық формада 30-дан астам дәрігер және 120 орташа медициналық қызметкер білікті медициналық көмек көрсетеді.

Бұл медициналық мекемеде аймақ басшысына бөлімшелер көрсетілді. Даниал АХМЕТОВ медициналық қызметкерлермен және дәрігерлерге қабылдауға келген науқастармен сөйлесті. Аталмыш аурухана үшін басты мәселе аумағы 780 шаршы метрді құрайтын бос орынжай болып отыр.

– Жоба бойынша онда реанимация бөлімшесі және хирургия стационары орналасуы тиіс болатын, – деп түсіндірді жағдайды бас дәрігер Арқабек Қадырбаев. – Бірақ жоба 2007 жылы әзірленген болатын және сол шақтан бері нормативтер өзгерді, біз екі рет оңтайландыруды басымыздан кешірдік. Қазір басым күш стационарлық емес, амбулаториялық-емханалық медициналық қызмет көрсетуге берілуде. Тұрғындардың саны да кеміді. Сондықтан біз жыл сайын төсек-орындар санын шамамен бес пайызға қысқартуға мәжбүрміз. Жоба бойынша олар 75 болатын, ал қазір бар-жоғы 40 қана қалды. Осыдан бос орындар пайда болып отыр. Біз күтуге кеткен шығынды ақтау үшін оны жалға беруге әзірміз, мәселен, пантымен емдеу орталығына, алайда, ондай бизнесмендер біздің өңірде табылмай отыр.

Облыс әкімі бұл туралы жақсылап ойлану керектігін айтты. Ол бас дәрігерге адамдарды халықтық медицина арқылы емдік тамырлармен, шөптермен емдейтін сауықтыру орталықтары жұмыс істейтін Қытайға барып келуге кеңес берді. Олардың бірінде қазақ диспорасының өкілдері де жұмыс істейді. Ондай орталықты түрлі шөптер өсетін экологиялық таза Катонқарағай ауданында ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар бар.

Шетелдік туристерді көптеп тартқан жөн

Бұдан соң облыс әкімі бастаған делегация Қазақстанның ең ірі табиғат қорғау кәсіпорнында – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болды, оның аумағы тек Катонқарағай ауданына ғана емес, сонымен қатар, Зырян және Күршім аудандарына да ұласады. Ұлттық парк төрт елдің – Қазақстанның, Ресейдің, Қытайдың және Моңғолияның түйіскен тұсында орналасқан.

Ол Үкіметтің 2001 жылдың 17-шілдесіндегі арнайы Қаулысымен ерекше экологиялық, ғылыми, мәдени және рекреациялық құндылыққа ие Оңтүстік Алтайдың бірегей табиғи кешендерін сақтау және қалпына келтіру мақсатында құрылған болатын. Парк Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне қарайды. Парктің аумағы 46700 гектарды құрайды, оның үштен бірі – орман.

2014 жылдың 12-маусымында Швейцарияда ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы халықаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Катонқарағай паркін биосфералық резерваттардың бүкіләлемдік желісіне қосу туралы шешім қабылданған болатын. Ұлттық парктің Ресей Федерациясындағы Катунь мемлекеттік биосфералық қорығымен тығыз ынтымақтастығы «Алтай» трансшекаралық биосфералық резерватын құру туралы мемлекеттік деңгейдегі шешім шығаруға мұрындық болды, оған осы екі айрықша қорғалатын табиғи аумақтар кірді.

Мұнда көшпелі туризмді дамыту белсенді қолға алынған. Тоғыз туристік маршрут әзірленген. Бұлар – Рахман қайнарларындағы «Ақ берел» рекреациялық-танымдық соқпағы, «Озерный» туристік-экскурсиялық маршруты, «Алтай соқпақтары», «Марал соқпақтары», «Бұландыкөл» экскурсиялық және ғылыми-танымдық маршруттары, «Тихий көлі», «Туған өлке», «Берел қорғандары» оқу және ғылыми-танымдық экскурсиялары.

Жуырда ғана Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінде Сарымсақты тауына апаратын тағы бір көркем туристік маршрут әзірленіп, бекітілді.Осы және өзге шаруалар туралы облыс әкіміне ұлттық парктің бас директоры Ерлан Мұстафин және өз кәсіпорындарын таныстарған мамандар айтып берді.

Даниал АХМЕТОВ ұлттық парк аумағын мекендейтін өткен жылы ғана фототұзаққа түскен қар барысы немесе манул мысығы сияқты сирек және жоғалып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктер туралы сұрады. Облыс әкімі ұлттық парк еңбеккерлерін жергілікті бай табиғатты сақтап және көбейтіп қана қоймай, сонымен қатар, ел бюджетін толықтыру бойынша бар мүмкіндіктерді қоршаған ортаға зиян келтірмей пайдалануға шақырды.
– Бұл өлке құнды емдік шөптердің саналуандығымен бай, олардан медициналық препараттар шығаруға болады, – деп атап көрсетті аймақ басшысы. – Халықтық медицина да қажетті деп санаймын. Табиғи емдік өсімдіктер қытайлық әріптестерімізде жылыжайларда және бақшаларда қолдан өсірілетіндерден нағұрлым құнды және тиімді. Табиғат пайда әкелуі тиіс. Мысалы, мұнда еліктер саны күрт өсіп кетті. Оны саналы түрде реттеуге болды. Көптеген өркениетті елдерде шетелдік туристік аңшылық ұйымдастыра отырып, осымен үлкен ақша табады. Жалпы, сіздер болашақ ұрпаққа қажет маңызды жұмыс жасап жатсыздар.

Жаңа мектеп орталық жылу жүйесіне қосылады

Аудан орталығында облыс әкімі 1970 жылы салынып, пайдалануға берілген Ленин атындағы орта мектепте болды. Қазіргі уақытта мектепте 237 оқушы білім алады, 30 мұғалім еңбек етеді. Бүгінде жеті түлектің бірі – Рақым Жамалбеков оқу орнын үздік аяқтап отыр. ҰБТ қорытындысы бойынша бұл мектеп оқушыларының орташа балы 75-ті құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда сегіз пунктке жоғары.

– Бұл – базалық мектеп. Мұнда жыл сайын аудан оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізеді. Осы жылы бұл мектепте кадет корпусын ашу жоспарлануда. 20 өтініш түсіп те қойған. Бірақ ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу керек, – деді аймақ басшысын мекеме жағдайымен таныстырған аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин.

Мектеп ғимаратын қарап шыққан Даниал АХМЕТОВ жөндеуге жоспарланған қаржы бөлінетінін жеткізді.
Аймақ басшысы барған келесі нысан Үлкен Нарын ауылындағы орталық қазандық болды. Ол жылумен тұрғындардың жартысын және бюджеттік ұйымдарды қамтиды. Ғимарат өткен жылы салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, ұзындығы 4,2 шақырымды құрайтын жылу желілерін қайта жаңғырту жүрген. Қазандықтың жалпы қуаттылығы – 10,4 Гкал/сағ, төрт қазандығы бар, нысанға 15 адам қызмет көрсетеді. Оның иесі – «Нарын Сервис» ЖШС.

Кәсіпорын жетекшісі Нығмет Шаухиннің айтуынша, қазандық қуаты аудан орталығын жылумен қамтуға жетерлік, бірақ көмірмен қамтуда мәселелер бар. Себебі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қызмет көрсету шығындарын жабуға мүмкіндік беріп келген «Нарын Сервис» ЖШС өз бейіні бойынша атқаратын құрылыс жұмыстарының көлемі биыл күрт қысқарған және өз айналым қаржысы есебінен кәсіпорын қазандықты қажетті көмірмен қамти алмайды. Бюджеттен субсидия керек. Бірақ нысан құнының тек 30 пайызы ғана мемлекетке тиесілі, қалғаны – «Нарын Сервис» ЖШС-не қарайды.
Даниал АХМЕТОВ бұл мәселені зерделеуге уәде берді, сондай-ақ, есептеулер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздеме жасауды тапсырды. Аймақ басшысы қаржы үнемдеу мақсатында Үлкен Нарын ауылындағы өткен жылы пайдалануға берілген Дамитов атындағы жаңа мектепті орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосуға болатынын сұрастырды. Белгілі болғандай, ол үшін ұзақтығы 250 метр болатын қосымша жылу желісін салу қажет екен. Облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді тапсырды және желіге қажет қаржы табылатынын жеткізді.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button