Патшалар жазығында мұражай-кешен салынады
Берелдегі патшалар жазығында ауқымды мұражай-кешен салынады. Жуырда ғана ақсүйек әйелдің мүрдесі табылған №5 қорымның басында болған аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай тапсырма берді.
Әбдікерім мектебі музейге айналды
Елбасының Рухани жаңғыруды үндеген бастамасы Катонқарағай ауданы үшін бірнеше айтулы оқиғамен сәйкес келіп отыр. Биыл Шыңғыстай ауылындағы Әбдікерім мектебіне 110 жыл толады. Осы мерейтойға орай көне ғимарат қалпына келтіріліп жатқанын, ол үшін Катонқарағай ауылындағы НКВД ғимараты болған үй Шыңғыстайға көшірілгенін бұған дейін де жазғанбыз. Облыс әкімі қайта жаңғырған тарихи нысанға бас сұғып, оны музейге айналдыру идеясын құптады. Тіпті, мұнда Өскемендегі орталық музейден экспонаттар әкелінуі мүмкін.
-Елдің тұтас тарихы осындай шағын музейлерден басталады. Тарихи ғимаратты қалпына келтіргендеріңіз өте дұрыс болған. Бұл мектепте ұлы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров сабақ берсе, Оралхан Бөкей білім алған екен. Мұражайдың ішін құнды жәдігерлермен толтыру үшін облыстық музейден экспонаттар алғызуға болады. Бұл туралы мәдениет басқармасына нақты тапсырма жүктеймін, – деді Даниал Ахметов.
Музейді тамыздың аяғына қарай ресми түрде ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның бөлмелері мектептен түлеп ұшқан белгілі тұлғалар туралы құнды деректерге толып тұр. Ал сол кездегі өмірді елестетін ескі сынып бөлмесіне ағаштан шапқан парталар мен есепшоттар, контрамарка пеш орнатылған екен. НКВД ғимаратының қуықтай бөлмесінде қамауға алынғандарды ұстайтын қапас болған екен. Қапастың бір қабырғасына тұтқындар өздері жайында мәліметтерді сиямен немесе ойып жазыпты. Жазу толы бөренелер жаңа орынға да сол күйінде қаланыпты.
-Бұл да біздің тарихымыздан сыр шертетін дүние. Қабырғадағы жазулардың көбі орыс есімдері. Төте жазулар да бар, – дейді осы жобаны қаржыландырушы кәсіпкер Лұқбек Тұмашинов.
Музейдің алдында тұрған ерттеулі ат та еріксіз назар аудартады. Мүсін ел ауып, шекара асқан тұста бөтен елге жерсінбей, төр Алтайға қашып келген есті жануарға арнап қойылыпты. «Ат айналып, қазығын табатыны сияқты біз де өз тарихымызды танып, рухани жаңғырып жатырмыз», – дейді Л.Тұмашинов.
Тоналса да, тозаңы жеткен
Берел жазығында археолог Зейнолла Самашев облыс басшысына №5 қорымнан табылған жәлігерлерді көрсетті. Екі рет тоналған мүрденің тек алтын сәукелесі бізге жеткен екен.
-Шамамен 2297 жыл бұрын қорымды тонаушылар қабірдің бүйірінен түсіп, сүйекті сүйреген. Сол кезде сәукелесі шешіліп қалса керек. Сүйектері де шашылған. Алтын жалатылған қанжар мен пышақ, бағалы ішіктің қиқымдары бар. Ал екінші тонау патшалық ресей кезінде болған. Олар қорымның тоналғанын көріп, кейін қайтқан тәрізді. Қабір тонаушылардың ізінен су кіруі салдарынан қарағай табыттың көп бөлігі шіріген. Әйелмен бірге көмілген қос аттың әбзелдері де алтынмен жалатылыпты. Онда тәутекенің мүсіні бар. Ал сәукеле мен қанжарда қыран құстың, аттың және бұғының мүсіндері бейнеленген, – дейді Зейнолла Самашев.
Бұл қорымның жәдігерлері туралы қорытынды ақпарат 8-10 қыркүйек күндері Өскеменде өтетін халықаралық конференцияда толық баяндалмақ. Ал мүрдені осы күйінде сақтау үшін №2 қорымнан да үлкен саркофаг салынуы мүмкін.
-Қазба жұмыстарының нәтижесі мені таңғалдырды. Мүрденің жанынан екі атпен бірге қанжардың табылуы оның тегін адам болмағанын көрсетеді. Бұл әйел жай ғана ақсүйек емес, жауынгер болуы да ғажап емес. Жәдігерлер екі маңызды дүниені аңғартады. Біріншіден, Зейнолла Самашев айтып жүрген «Дала Амазонкалары» жайында идеология расқа айналауы мүмкін. Яғни, бабаларымыз біздің заманымызға дейінгі 2-3 ғасырларда-ақ әйелдерді ерлермен тең санаған. Дала демокартиясының артықшылығы осында. Екіншіден, табылған алтындар қағаздай жұқа етіп өңделген. Сол заманда осындай нәзік зергелік бұйымның болуы біздің бабаларымыз өз заманының озық технологиясына ие болғанын айғақтайды. Соны әлемге паш етіп, дәлелдеу үшін көне металлургиялық ошақтардың орнын қазу қажет, – дейді аймақ басшысы.
Бесүй Берелдің құпиясын аша ма?
Зейнолла Самашевтің айтуынша, Бесүй ауылының маңында көне металургиялық ошақтың орны табылыпты. Археолог бабаларымыздың металлургияны ерте заманнан меңгергенін дәлелдеу үшін Берел жазығының 20 шақырым радиусын адақтап шығуды жоспарлап отырғанын да айтты. Ал Даниал Ахметов Шыңғыстайдағы музей мен Берел мұрасын жеке туристік маршрутқа айналдыруды тапсырды.
-Берел жазығында №2 қорғандағыдан 10 есе үлкен кешен салынады. Ал №5 қорғанның жәдігерлері осы күйінде консервіленеді. Ол үшін шетелден мамандар жалдаймыз. Қасына мүрденің жаңғыртылған көшірмесі қойылады. Сол арқылы келушілер оның қойылғанда қандай болғанын, бізге қандай күйде жеткенін көре алады. Кешеннің бір бөлігінде конференция залы, шағын зертхана сияқты аса қажетті бөлмелер жабдықталады. Келесі жылдан бастап мұнда 10 мыңнан астам оқушы әкелеміз. Олар әуелі Шыңғыстайдағы музейді көріп, одан кейін Берел мен Бесүйдегі жәдігерлерді тамашалайтын болады. Бұл жаққа келетін туристер ағынын молайту үшін жолды асфальттап жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Бір қызығы былтыр қазылған №2 қорымның жанынан орта ғасырларға жататын бірнеше қорым табылыпты. Оны да мәдени сабақтастық көзі ретінде аспан асты мұражайына айналдыру жоспарланып отыр.
Сүт фермасы іргесін кеңейтпек
Іссапар соңында аймақ басшысы Шемонайха ауданының Камышинка ауылындағы тауарлы-сүт фермасының құрылысымен танысты. Владимир Акуловтың иелігіндегі тауарлы-сүт фермасы бір жыл өтпей жатып іргесін тағы кеңейтпек. Жаңа кешеннің арқасында мұндағы сауын сиырларының саны 2000-нан 2400 басқа артуы тиіс. Қазірдің өзінде мұнда күн сайын 41 тонна сүт өңдеуге жөнелтіледі. Жоба бойынша екі кешенге бір ғана сауын алаңы қызмет ететін болады. Мұнда бір мезетте 48 бас сиыр сауылады.
-Мұндай шаруашылық құрылымдар облысты қойып, елімізде саусақпен санарлық. Қожалық иесінің әр іске есеппен қарауы ұнады. Ескі кешенді қайта жарақтау үшін мердігер жалдаса, қыруар қаржы кетер еді. Ал бұлар өз күштерімен салып, жергілікті материалды пайдаланды. Осының арқасында қаржысын үнемдесе, қондырғы алуға қаржы аямапты. Бұл- өте дұрыс бағыт. Бұл – жоспарланған 41 нысанның бірі. Алдағы уақытта тауарлы-сүт фермаларды көбейту үшін өңірлік бағдарламаға өзгеріс енуі мүмкін. Қазір құрылыс шығынының 20 пайызы ғана субсидияланса, болашақта сатып алынған қондырғыға да субсидия төленуі мүмкін. Соның тетіктерін қарастырып жатырмыз, – деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы