Қоғам

Патриот жастар Зайсанға жиналды

Патриот жастар Зайсанға жиналды

Зайсанда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында «Шығыс тағдыры – менің тағдырым» тақырыбымен өткен патриоттар форумына облыстың барлық қалалары мен аудандарынан жалындаған жастар қатысты.
Форум мақсаты – мемлекеттік рәміздерді жастар арасында насихаттау, өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті, қазақстандық отансүйгіштікті, өзге ұлт өкілдері арасындағы татулықты арттыру және шырайлы Шығыстың қоғамдық-мәдени дамуы мен спорттағы жетістіктері арқылы көзге түсіп жүрген жастарының тәжірибесін тарату және оларға құрмет көрсету болып табылады.
– Мұндай басқосу бұған дейін Семей мен Ұлан ауданында да өткен екен. Осы форумды өткізуге мұрындық болған – облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының жастар орталығы, Зайсан ауданының әкімдігі және облыстық «Нұр Отан» партиясы. Екінші маусымда теолог мамандармен кездесу ұйымдастырылып, жас ұрпақты имандылық пен салауаттылыққа тәрбиелеуді көздейтін алқалы жиын өтті. Бұдан кейін облыстың тұс-тұсынан келген делегаттар өңірде бірінші болып іске қосылған жабық жүзу бассейнінде, Үйдене су қоймасында, «Бәйтерек» спорттық сауықтыру кешенінде болды, Зайсанның басқа да көрікті жерлерін аралады. Сол күні Сабиолда Мәкей жетекшілік ететін Ерікті мүгедектер қоғамында болып, мүмкіндігі шектеулі балалармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп, оларға 100 мың теңгені, тортты сыйға тарттық, – деді бізбен тілдескенде облыстық Жастар орталығының директоры, жас болса да іскер басшы Арайлым Есімбекова.
Үшінші маусымда ауданның 2500-ден астам мектеп оқушылары мен жастары, Жастар орталығының белсенділері «Мемлекеттік рәміздер – мемлекет егемендігінің негізі» атты тақырыпта диктант жазды. Жастар Тәуелсіз қазақ елінің мемлекеттігінің, егемендігінің берік негізі болып саналатын рәміздер туралы терең білетінін диктант жазған кезде дәлелдей білді. «Жанды кітапхана» шарасы 5 бағытта өтті. Бұл жастар арасында жаңадан ұйымдастырылған, олардың қызығушылығын тудырған игілікті бастама. Бұрынғыдай кітапханаларға барып, әдеби шығармаларды оқу, немесе олардың кейіпкерлерімен дидарласу емес, керісінше жалынды жастармен көзбе-көз кездеседі, пікір алмасады. Ал, «Альянс КВН» командасын құрып Астана, Алматы қалаларындағы республикалық телевизиялық көңілді тапқырлар клубының сайысына қатысып, бірнеше рет бас жүлдемен марапатталған Еркебұлан Еңкебаев, Мейіржан Алтыбаев, Ербол Естаевпен кездесу жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға игі әсер етті. Бұдан кейін облыстық Жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова жастардың қатысуымен өңірде атқарылып жатқан мәдени игі шаралар жөнінде кеңінен әңгімелеп берді.
Түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде «Кенесары-Күнімжан» спектаклі өтіп, оны жастар тамашалады. Келген делегаттар Жастар орталығының жұмысымен танысты. Орта буын өкілдері балалық шақта асық ату, ләңгі тебу ойындарына құмар болатын. Өкінішке орай балаларды ептілік пен жинақылыққа баулитын ұлттық ойындар ұмыт бола бастағаны шындық. Енді міне, жиынға қатысушылар асық ату және ләңгі тебуден жарысып, оны тамашалаушыларды бір сергітіп тастады.
Кешкілік орталық стадионда «Шығыс тағдыры – менің тағдырым» атты форум өтіп, жоғарыда есімі аталған Еркебұлан Еңкебаевты, Ербол Естаевты, басқа да бірқатар жастарды марапаттау рәсімі өтті. Бұдан кейін ән мен күйге кезек берілді. Облыс орталығынан келген белгілі әншілер, Зайсанның өнерпаздары шырқаған көңілді әуен қараңғы түскенше аудан халқын сазға бөлеп тұрды. Форум соңы мерекелік отшашуға, би кешіне ұласты. Оған ауданның мыңдаған тұрғындары қатысты.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button