Пасха мерекесін тойлады
Өткен жексенбіде барлық православ христиандарының ең қасиетті мейрамы – Пасханы өскемендіктер де салтанатпен мерекеледі. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова Достық үйі – қоғамдық келісім орталығына арнайы барып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Жиналғандардың алдында сөз сөйлеген Әсем Нүсүпова елімізде дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім салтанат құрып отырғанын, барлық халықтардың салт-дәстүрі үлкен құрметке ие екенін атап өтті.
– Құрметті жерлестер, сіздерді және аймағымыздың барлық христиандарын облыс әкімінің, атынан шын жүректен Пасха мерекесімен құттықтаймын. Барша этностардың өзара ынтымақтастығы, діни наным-сенім бостандығы қай заманда болмасын Қазақстан қоғамының негізгі ерекшелігі болатын. Бүгінгі таңда біздің жас мемлекетімізде көптеген ұлт пен ұлыстың, діни конфессиялардың өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бүгін көмекке мұқтаж жанның баршасына қамқорлық көрсетіп, мейір-шапағат төгетін күн, ендеше бір-бірімізге қайырымды болайық. Баршаңызға бақыт, денсаулық, отбасыларыңызға игілік пен құт-береке тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өскемен және Семей өңірінің епископы Амфилохий облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүповаға жеке ризашылығын білдіріп, қызметіне табыс пен сәттілік тіледі. Ол сондай-ақ, облыс басшылығына көрсетіп отырған құрметі жәнеқолдаулары үшін байырғы қазақ жерін мекен еткен барша православтар атынан алғысын айтты. «Баршаңызға құдайдың ризашылығын, елімізге тыныштық, жүректерге қайырымдылық тілеймін», – деді епископ Амфилохий.
Бұдан соң меркелік концерт болып, ондатүрлі ұлттық шығармашылық ұжымдар Пасха мейрамына қатысты әндершырқады. Шара барысында славян қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, келушілер өздеріне ұнаған кәдесыйларды арзан бағада сатып алып жатты.
Ержан ӘБІШ