Қоғам

Партиялық тізімдерді және мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну жүріп жатыр

Партиялық тізімдерді және мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну жүріп жатыр

Бүгінгі күні ел Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев партиялық тізімдердің және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың ұсынылу барысы туралы айтып, бірнеше сұраққа жауап берді.
–Партиялық тізімдердің тіркелуі қалай іске асырылады?
– Саяси партиялардың партиялық тізіміне енген барлық Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға сайлауға қатысуда тең құқықтар мен жағдайлар кепілді түрде беріледі, сонымен қатар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей қолжетімділіктің тең жағдайлары ұсынылады. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеуді жүзеге асырады, ол үшін төмендегі құжаттары болуы тиіс: партиялық тізімді ұсыну туралы саяси партия жоғары органының (съезінің) хаттамаларынан көшірмелер; саяси партияның Әділет министрлігінде тіркелуі туралы құжаттардың көшірмелері; азаматтың партиялық тізімге енуге келісуі туралы өтініші, оның өмірбаяндық мәліметтері, кандидаттың және оның жұбайының табыстар мен мүліктер туралы декларацияны тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы; саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат және партиялық тізімге енген тұлғалардың партия мүшелігінде бар-жоғаны растайтын құжат.
– Саяси партия партиялық тізімінен және мәслихаттар депутаттығына кандидаттардан кімдерді алып тастауы мүмкін, оларға қандай талаптар қойылады?
– «Сайлау туралы» Заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген кез келген тұлға тізімнен алынып тасталуы мүмкін. Өзінің сайлауалды кампаниясында лауазымдық және қызметтік жағдайын пайдалануға, сондай-ақ, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын партиялық тізім тіркелгенге дейін жүргізуге жол берілмейді. Кез келген саяси партияның ар-ұжданына нұқсан келтіретін, оның беделін түсіретін жалған мәліметтердің таралу дерегі, егер олар сотпен анықталса, жекелеген азаматтың немесе партияның сайлауға қатысудан алынып тасталуына себеп бола алады. «Сайлау туралы» Конституциялық заңмен белгіленген сайлаушыларды сатып алу және өзге жағдайлардың сотпен анықталуы да себеп бола алмақ. Кандидаттың немесе оның жұбайының табыстар мен мүлік туралы толық емес мәліметтер беруі де кандидаттың сайлауға қатысудан шеттетілуіне негіз болады. Әрине, егер табыстар мен мүліктер туралы мәліметтерде аздаған олқылықтар, қателіктер болып жатса, мәселен, ауыл шаруашылығы саласының жетекшісі қандай да бір тракторды көрсетуді ұмытып кетсе, не болмаса есепшотындағы аздаған соманы көрсетпесе (расында да ондай жағдай бұрындары орын алған, сенаторлыққа кандидат тұлға небәрі 15 теңге ғана жатқан бір есепшотын көрсетуді ұмытып кеткен болатын), онда мұндай жағдайлар комиссия талқысынан өтеді, кандидат қателікті түзетеді және оны тізімнен алмайды.
– Енді жалпы сайлауалды кампаниясы туралы толығырақ айтып берсеңіз, жұртшылықты хабардар ету үшін.
– Сайлауалды кампания, үгіт-насихат – бұл сайлаушыларда белгілі бір саяси партияны «жақтап» немесе оған «қарсы» дауыс беруге қызығушылық туғызуды көздейтін іс-әрекет. Ол бұқаралық сайлауалды іс-шараларды өткізу, баспа, аудиобейне және өзге насихат материалдарын шығару арқылы бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен жүзеге асырылады. Үгіт-насихат жұмыстары сайлауға дейінгі 25 күн бұрын басталады. Сайлауға бір күн қалғанда, яғни, біздің жағдайда (19 наурыз) тыныштық күні деп жарияланады. Осы ережелерді сақтамау өрескел заңбұзушылық болып саналады және партияның немесе жекелеген тұлғаның тіркеуден алынуына себеп болады. Осы жағдаяттардың бәрін комиссия қатаң бақылауда ұстап отырады. Сонымен бірге, Қазақстанның кез келген азаматы егер ол қандай да бір заңбұзушылықты көріп, фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп алса, сайлау комиссиясына келіп арыздана алады.
– Жалпы, біздің облыста партияның немесе жекелеген тұлғаның сайлауға дейін тіркеуден алынуына себеп болған заңбұзушылықтар бұрын-сонды болып па еді?
– Жоқ, мұндай фактілер орын алған емес. Тек қана болар-болмас олқылықтар үшін ескертулер ғана жасалды.
– Қандай ескертулер?
– Мысалы, үгіт материалдарын арнайы стендеттерге ілу бойынша болды. Бір партия немесе кандидат стендтің көп бөлігін алып алатыны сирек болса да кездесетін жағдай, мұндайда қалған партиялар мен кандидаттар өз үгіт материалдарын стендтің қалған азғантай бөлігіне іледі, немесе әлгі плакаттардың үстіне жабыстырады. Алайда, бәрі атқарушы билікке байланысты, өйткені олар барлық саяси партия мен кандидат үшін тең жағдайлар туғызуы тиіс. Атап айтсақ, олар кезекпен сөз сөйлей алатын арнайы орындарды белгілеуі, стендттерді орналастыруы қажет.
– Үгіт материалдарын үйлердің подъездерінің алдындағы, дүкендердегі, сауда орталықтарындағы, қонақ үйлердегі хабарландыру тақталарына орналастыруға бола ма?
– Бұған тыйым салынбайды, бірақ меншік иесінің немесе қожайынның жазбаша келісімі болған жағдайда ғана. Мәселен, егер подъездердің алдындағы тақталар туралы айтар болсақ, бұл ретте ПИК-тің рұқсаты қажет.
– Ал егер үгіт-насихат баннерлерінде танымал адамдардың немесе жай кез келген азаматтың, баланың суреті болса ше?
– Мұндайда суреті бейнеленген кез келген тұлғаның жазбаша келісімі қажет. Егер баланың суреті бейнеленсе, оның ата-анасының рұқсаты керек.
– Жалпы, үгіт-насихат жұмыстарында тағы қандай тыйымдар қарастырылған?
– Саяси партиялар үгіт-насихат жүргізген кезде үгіт-насихаттық баспа материалдарының Қазақстан аумағынан тыс жерлерде жасалуына, анонимді үгіт материалдарын таратуға, үгіт материалдарын ескерткіштерге, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ғимараттарға, сонымен қатар, дауыс беретін орынжайларға ілуге жол берілмейді. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарында қандай да бір тұлғаның суретін қолдану үшін оның, егер ол қайтыс болса, туыстарының рұқсаты қажет. Сонымен бірге, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға, немесе кез келген жеке және заңды тұлғаға олардың атынан, оларға қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Сайлаушыларға тегін немесе жеңілдетілген шарттармен тауарларды, қызметтерді, құнды қағаздарды ұсынуға болмайды, ұтыс ойындарын, қайырымдылық акцияларын өткізуге, ақша төлемдерін жасауға да тыйым салынған. Үгіт-насихаттарын жүргізу үшін мемлекеттік орган орналасқан орынжайларды қолдануға да болмайды.

Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button