Қоғам

Партия жұмысының  жаңа міндеттері талқыланды

Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ағымдағы жылдың 21 тамызында болған «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында алға қойылған міндеттер мен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» бағдарламасын іске асыру жайы кеше облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде жан-жақты талқыға салынды.

Кеңейтілген кеңесте партияның белсенді мүшелерін топтастыру, партияның барлық деңгейдегі әлеуетін арттыру, партиялық жауапкершілікті күшейту, халықтың түрлі әлеуметтік тобымен жұмыс істеу қағидатын енгізу, ақпараттық-идеологиялық жұмысты қарқынды ұйымдастыру, партия төңірегіне жастарды топтастыру секілді өзекті мәселелер қарастырылды.

Бүгінгі таңда партияның облыстық филиалында 330 бастауыш партия ұйымына біріккен 80 мыңға тарта мүше бар. Алдағы мақсат солардың арасынан көшбасшыларды анықтап, белсенді партия мүшелерін тәрбиелеу. Ол үшін филиалдар төрағалары – қалалар мен аудандар әкімдері кадрлық резерв мәселесімен тікелей айналысып, партия мүшелері арасында жауапкершілікті күшейтуі тиіс.

– Соңғы уақыттардағы жедел талдаулар көрсеткендей, кейбір партия мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары орынсыз сылтаулармен партиялық жиындарға, Саяси кеңестің отырыстарына, түрлі деңгейдегі жиналыстар мен кездесулерге келмейтіні, сайлаушылармен кездесу өткізбейтіндігі анықталған. Кей аудандарда партия жұмысы мүлдем босаңсып кеткен. Аудан әкімдері филиал төрағасы екенін естен шығарып алғандай. Ақпараттық-идеологиялық жұмыстар тиісті деңгейде емес. Біз бұған жол беріп қоя алмаймыз. Салғырттыққа бой алдырып, өз жұмысына жауапсыз қараған кінәлі тұлғалар партия қатарынан шеттетіліп, тиісті жауапкершілікке тартылатын болады. Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші кезекте бізден жұмысты күшейтуді талап етіп отыр. Алдағы уақытта ішкі партиялық тәртіпті нығайту керек, нұротандық депутаттар халықпен шынайы кездесіп, нақты шаруа істеуі керек. Әзірге ондайды көре алмай отырмыз, – деген аймақ басшысы алдағы уақытта бастауыш партия ұйымдарының жұмысы Саяси кеңесте жеке қаралатынын айтты. Сондай-ақ партия төңірегіне белсенді жастарды көптеп тарту керектігін де жеткізді.

Мұнымен қатар аймақ басшысы облыстық деңгейдегі халық қалаулыларының басым бөлігі дегенмен де өз жұмысын атқарып жатқанын, олардың алдағы уақытта да өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға белсенді атсалысулары керектігін атады. Мысалға соңғы жылдарда облыстың денсаулық саласына көрсетілген қолдауды, түбегейлі жаңарған медициналық жабдықтарды келтірді. Соған орай мамандығы дәрігер депутаттар бұл саладағы міндеттердің орындалуына кәсіби тұрғыдан баса назар аударғандары жөн. Бұл айтылғандар әр саладан сайланған депутаттардың барлығына да тікелей қатысты болмақ.

 

Облыс әкімі сонымен қатар партия жұмысын жүйелі әрі дұрыс насихаттаудағы ақпараттық саясаттың маңызына  тоқталды.

– Бұл ретте облыстағы «Шығыс ақпарат» медиа-холдингінің құрамында бір жыл бұрын республикада бірінші болып жұмысын бастаған SMM (SocialMediaMarketing) бөлімінің жұмысын атап өткен орынды. Олардың материалдары 43 облыстық топта, 22 республикалық ірі қоғамдастықта таралады. Аудиториясы 5,5 млн. пайдаланушыға дейін кеңейіп отыр. Нәтижесінде менің атыма жолданған арыз-шағымдар мен өзекті мәселелердің бәрі де ватсап, инстаграмм секілді әлеуметтік желілер арқылы түсіп, тез арада шешімін табуда. Жұрт бұрынғыдай тиісті органдардың жауабын үш күн бойы тосып отырмайды. Сол себепті, жергілікті атқарушы билік әлеуметтік желілердің мүмкіндігін өздерінің жұмысында тиімді пайдалана алуы тиіс. Сондықтан өңірдің қалалары мен аудандарында SMM бөлімдерін құруды әкімдерге тапсырамын, – деді Даниал Ахметов.

Кеңейтілген кеңес барысында «Шығыс – адалдық алаңы» жобасы аясында жоғары оқу орындарында белең алған сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік маңызға ие нысандар құрылысын партиялық бақылау, тұрғындармен жұмысты жандандыру, партиялық «Бақытты отбасы» жобасын лайықты іске асыру, бизнес-бастамаларды қолдау, бизнес үшін салық ауыртпалығын азайту, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер енгізу, белсенді сауда саясатын жүзеге асыру жайы да талқыға салынды.

– Елбасы атап өткендей, біз партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандырып, «Nur Otan» партиясы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, халықтың нақты әлеуметтік проблемаларын шешу жолында барынша атсалысуымыз керек. Бұл ретте алдымен экономика, содан соң саясат қағидатын ұстанатын боламыз, – деді облыстық филиалдың Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button