Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Amanat партиясы облыстық филиалының Өскеменде өткен кезектен тыс XXIX конференциясында жылдық жұмыс қорытындыланып, облыстық филиалдың төрағасы сайланды.
Жиынға бұл жолы 150 делегат сайланып, аумақтық филиалдардың атқарушы хатшылары, Саяси кеңес бюросының мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының және «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері атсалысты. Облыстық партия филиалы мен партия фракциясының облыстық мәслихаттағы атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы міндеттері сараланған іс-шараға елордадан келген Amanat партиясының хатшысы Ринат Кертаев та қатысты.
2022 жылдың қоғам эволюциясын жеделдеткен үрдістерге толы болғанын алға тартқан Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова наурыз айында өткен съезде партиялықтар жобаларды жергілікті жерлерде іске асыру үшін бастауыш партия ұйымдарына партиялық жарналардың 20 пайызын қайтару тәжірибесін енгізу туралы ұсыныс жасағанын атап өтті. Бұл бастама қолдау тауып, нәтижесінде облыстың бастауыш партия ұйымдары осы жылы жалпы сомасы 4 миллион теңгеден асатын сомаға 185 іс-шара өткізген.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа алған партия биыл азаматтардың қабылдауларын түбегейлі қайта форматтады. Шалғайдағы елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу тәжірибесі енгізілді. Шекаралық аумақтарда орналасқан ауылдар тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдау мақсатында 80-нен астам қабылдау өткізіліп, оған 500-ден астам ауыл тұрғыны түрлі мәселелерімен жүгінді. Сонымен қатар биыл партияның қоғамдық қабылдаулары облыстың 15 ірі бастауыш партия ұйымында ашылып, жұмыс атқаруда. Жалпы жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына жеті мыңға жуық өтініш түсіп, оның 60 пайызынан астамы оң шешілген көрінеді.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасының осы жылдың 11 айындағы орындалуына талдау жасайтын болсақ, 763 іс-шараның 67 пайызы орындалу сатысында тұр. Ал 253-і, яғни 33 пайызы жүзеге асты. Орындалған іс-шаралардың ең көбі Алтай, Зайсан, Күршім, Шемонайха аудандарына тиеселі болып отыр. Атап айтқанда, атқарылған іс-шаралар шеңберінде Глубокое ауданының Предгорное ауылында май экстракция зауыты, Риддер қаласында 600 орындық мектеп, Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында 50 орындық мектеп пайдалануға берілді, – деді Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Сонымен қатар азаматтық қоғаммен диалог үшін арнайы партиялық алаңдар құрылды, сарапшылар халықтың өзекті, резонанстық мәселелерін талқылап, сайлауалды уәделердің іске асу барысына мониторинг жүргізуде. Ол үшін партия жанындағы түрлі бағыттар бойынша 12 партиялық бақылау комиссиясы және 64 қоғамдық кеңес жұмыс істеуде. Осы жылы қоғамдық кеңестер 51 отырыс өткізді, олардың барысында 123 мәселе қаралып, 263 ұсыным берілген.
Жиынға қатысқан Amanat партиясының хатшысы Ринат Кертаев «Әділетті Қазақстанды» құру жолында өңірдегі партияластардың бірігіп, ортақ мақсат, бір мүдде жолында жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жуырда өткен сайлаудағы халықтың талап-тілектері мен ұсыныстарының орындалуын қадағалау партияның маңызды міндеті екенін алға тартты.
Сонымен қатар жиында Amanat партиясы депутаттық фракциясының осы жылы атқарған жұмысы сараланып, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына алда орындалуы тиіс нақты міндеттер қойылды.
Конференция барысында филиал төрағасының сайлауы да өткізілді. Нәтижесінде, конференция делегаттарының ашық дауыс беруі арқылы Сайрангүл Жұмаділова Amanat партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жаңа төрағасы болып сайланды. Бұдан бөлек облыстық партия филиалының және оның Саяси кеңесі бюросының құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе де дауысқа салынып, қолдау тапты.