Қоғам

Партия филиалдарынан жүйелі жұмыс талап етілді

Партия филиалдарынан жүйелі жұмыс талап етілді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жұмысы барлық өңірлік филиалдар арасында ең төмен баға алып отыр. Оған себеп – филиал қызметінің жүйесіздігі және жергілікті атқарушы билікпен үйлесімді жұмыстың жолға қойылмауы. Саяси кеңес бюросының мәжілісі барысында аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек САПАРБАЕВ облыстық филиалдың осы және өзге де олқылықтарын атап көрсетті.
Шығыс өңірі еліміз бойынша көптеген көрсеткіштер жөнінен көш бастап келеді. Осы жылдың тоғыз айы ішінде облыс Елбасының берген міндеттемелерін лайықты орындап шыққан. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер орташа республикалық деңгейден төмен емес, экономиканың өсу қарқыны сақталуда, қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Алайда, кемшіліктер жоқ деп айтуға болмайды. Өткен тоғыз айдағы партиялық жұмыстың нәтижелері көңіл көншітпейді. «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының тексеру қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ең соңғы – 16 орында тұр.
– Мұндай көрсеткіштерді иеленудің өзі ұят қой. Тексеру қорытындысы аудандық және қалалық партия филиалдарында жүйелі жұмыстың жоқтығын, бастауыш партия ұйымдары өз міндеттерін дұрыс атқармайтынын аңғартады. Облыстық филиалдың сапалық құрамына қатысты да ескертулер жасалған, себебі, партия мүшелері санының қысқарғаны байқалады. Мұнымен қоса, бізде мүшелік жарналар жөнінен берешек қалыптасқан, мұндай жағдай ешбір облыста жоқ, – деп атап көрсетті облыс әкімі.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков қазіргі кезде аудандық және қалалық филиалдардың атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндады. Ол, сондай-ақ, облыста электронды партия қызметі іске қосылғанын жеткізді, аталған жүйе құжат айналымын жеңілдетуге, азаматтардың талап-тілектерін тіркеп отыруға, партия мүшелерінің мәліметтер базасын жүргізуге мүмкіндік беретін көрінеді.
– Жиырма филиалда 60 саяси кеңес отырысы өткізілді. Бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын аудандар да бар, мәселен Бородулиха және Аягөз секілді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу аясында 275 кездесу ұйымдастырылып, оларға 78 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Халық тарапынан көтерілген барлық мәселелерді біз ұдайы бақылауда ұстап отырамыз, – деді Түсіпхан Түсіпбеков.
Десек те, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ аталмыш кездесулерден әзірге еш нәтиже шықпағанын атап көрсетті. Айталық, бұрындары облыс әкімінің атына депутаттық сауалдар тұрақты түрде түсіп тұратын, ал биыл олардың саны мүлдем азайыпты. Партияның аудандық филиалдары бұрынғыдай әлеуметтік нысандардың құрылысына тұрақты бақылау жасауды да доғарған.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы соғыс ардагерлерінің әлеуметтік картасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс атқарып жатқанын, мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекпен қамту және әлеуметтік нысандарды мүгедектер үшін ыңғайлау ісіне үлкен үлес қосып келетінін атап өткен жөн. Дегенмен, партия қызметін оң бағалау үшін бұл аздық етеді.
– Басты мәселелердің бірі – мүшелік жарналар жөніндегі қарыз болып отыр. Облыстық филиал аппаратына осы берешекті бірінші қыркүйекке дейін жою туралы міндет жүктелген болатын. Бірақ тапсырма орындалған жоқ, жағдай әлі сол қалпында. Онда мұндай біліксіз аппараттың қажеті қанша? – деп қадап айтты аймақ басшысы.
Түсіпхан Түсіпбеков қарызды өтеу мерзімі бесінші қарашаға дейін ұзартылғанын, облыстық филиал қазіргі кезде орталық аппарат алдындағы берешектерді қайтаруға бар күшін салып жатқанын алға тартты. Атап айтсақ, мүшелік жарналар бойынша ең көп қарыз Семей мен Өскемен қалаларында және Күршім ауданында қордаланған.
«Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасованың айтуынша, берешектерді жою жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бірақ бұл істі облыстық филиалдың қаржы бөлімімен тиісті байланыстың жоқтығы тежеп тұрған сыңайлы, яғни, қалалық филиалдың өз жарналарын төлегендерді күнделікті бақылап отыру мүмкіндігі болмай отыр.
Жалпы, партияның Өскемен қалалық филиалы қоғамдық жұмыстарды өте белсенді түрде жүргізіп келеді. Мәселен, мұнда әлеуметтік сауда орындарындағы бағаларды, терможаңғырту бағдарламасы бойынша тұрғын үйлердің жөнделу барысын, сонымен қатар, қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын ұдайы қадағалап отыратын бірнеше жұмыс топтары құрылған.
– Келешекте біз медициналық мекемелердің және мектептердегі асханалардың қызмет көрсету сапасын бақылайтын тағы бір топ құруды көздеп отырмыз, – деді Майраш Екібасова.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жергілікті жерлердегі «Нұр Отан» партиясы филиалдарының төрағалары болып табылатын қалалар мен аудандар әкімдерінің жұмысын да сын тезіне алды.
– Неліктен партия мүшелерінің саны кеміп барады? Нақты айтсақ, 74 мыңнан 52 мыңға қысқарған. Қала-аудан әкімдеріне тұрғындар сенім артуы тиіс, сол себептен олар филиалдарды басқарып отыр, алайда, бұл бағытта олардың ешбір жүйелі жұмысын көріп тұрған жоқпын. Осы орайда облыстық филиал жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керек. Тек сонда ғана біз белгілі бір нәтижеге жетіп, соңғы орыннан көтеріле аламыз.
Жиын барысында облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков аймақ басшысына мүшелік жарналар бойынша берешек мәселесі жуық арада толық шешілетінін айтып, уәде берді. Партияның ескі билеттерін жаңа үлгіге ауыстыру ісі де алдағы уақытта атқарылмақ. Сонымен қатар, өңірдегі барлық партиялық жобалардың іске асырылуы, партия мүшелерінің белсенді қоғамдық жұмыстары қарқын алатын болады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button