Партия қатары толықты

Кеше өңірдегі металлургия саласында жемісті еңбек етіп жүрген кәсіби мамандар «Нұр Отан» партиясының қатарына қабылданды.
Салтанатты іс-шара барысында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші төрағасы Әнуарбек Мұхтарханов титан-магний комбинатының қызметкерлеріне партия билеттерін табыстады.
– Бұл іс-шара Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Әрбіріңіз ел әлеуетінің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін, – деген Әнуарбек Мұхтарханов партия қатарына өтудің үлкен жауапкершілік жүктейтінін де ескертті.
Бұл күні партия қатарына өткен жұмысшылардың бәрі де партиялық түрлі жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысқан қоғам үздіктері екенін атап өткен орынды. Олардың қатарында қарапайым металлургтен бастап цех басшысына дейін бар.
– «Нұр Отанның» партиялық билетін алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Енді барлық күш-жігерімді осы партияның қызметін дамытуға, ондағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға жұмсайтын боламын, – деді титан-магний комбинатының техникалық директоры Серік Әбішев.
Сөйтіп, «Нұр Отанның» 20 жылдығына орай партия билетін 27 адам алды. Олардың қатарында Вячеслав Чувашов, Николай Тихоненко, Альбина Сыздықова, Юрий Солдатов, Дәурен Рамазанов, Арайлым Каримова, Ринат Амиров, Тұрар Сәрсембеков, Қайрат Жұмәділов, Иван Максименко, Ерлан Мұсабек сынды бірқатар қызметкер бар.
– Елбасының стратегиялық бастамаларының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Экономика мен саясатта ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Аз уақыт ішінде саяси және әлеуметтік жүйесі берік, қуатты елге айналдық. Мақсаты айқын, нақты даму жоспары бар мемлекетіміздің бұл жетістіктерінің барлығы ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты, – дейді Юрий Солдатов.
– «Нұр Отан» партиясы – еліміздегі жетекші партия. Сол себептен біз мемлекеттік билік пен қоғамды жақындастыру жолында аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.
Ажар Сағатбекова