МәдениетӨнер

Париждіктерді таңғалдырған қазақ суретшісі

Мейрамтай Иманғали 

 Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының қысқы көрме маусымы есімі елімізге танымал суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Болат Кәрімұлы Исиннің көрмесімен ашылды. Қылқалам шебері өзінің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлық көрмесіне 2018-2022 жылдар аралығында салған суреттер топтамасын ұсыныпты.

      Көрме «Болат Исиннің акварельдік сюитасы» деп аталады.  Мұндағы 60-тан астам акварельдік туындының бірі-бірінен өтеді десек қателеспейміз. Қылқалам шеберінің тым нәзік талғам иесі екені бірден көзге ұрады. Әсіресе табиғат көріністері ғажап!

Жалпы, мамандар акварельмен сурет салудың өзіндік қиындығы бар екенін жиі айтады, өйткені акварель –құбылмалы, аса сезімтал  бояу. Акварельге мөлдірлік тән.  Кез келген суретшінің ырқына көне бермейді. Оны игеру үшін асқан төзімділік пен жинақылық керек. Ал Болат Исин – сол акварельдің тілін тапқан хас шебердің өзі.

Болат Исин  1952 жылдың 10 қазанында Семей облысы, Мақаншы ауылында дүниеге келген. 1978 жылы  Украинадағы В.Касиян атындағы Косово халықтық-көркемсурет өнері техникумында кәсіби білім алған. Суретші көп жыл бойы сәндік-қолданбалы өнер саласында белсенді және жемісті жұмыс істеді. Оның есімі бірегей әрі түпнұсқалық туындылар жасаушы ретінде белгілі. Шебердің жұмыстары еліміздің музейлерінде ғана емес, Германияның, Бразилияның және Югославияның жеке топтамаларында кездеседі.

– Мен қазіргі Абай облысының Мақаншы өңірінде туып-өстім. Бала кезден-ақ табиғатқа  өте жақын болдым. Жылдың әр мезгілін мұқият бақылағанды ұнататынмын, – дейді қылқалам шеберінің өзі.

Айтуынша, суретші акварельмен 1990 жылдан кәсіби түрде айналыса бастапты. Бірақ біраз уақыт акварельден қол үзіп кеткен кездері де болды. Тек 2018 жылдан бастап қайта қолға алыпты.

Болат Исин Ә.Қастеев пен Үкі Әжиевті Қазақстан акварелінің хас шебері деп санайды. Сондай-ақ  ұзақ жылдар АҚШ-та тұрған орыс суретшісі Николай Фешиннің картиналарын ерекше бағалайды.

Қылқалам шеберінің жары Күләш Ақашқызы да – өнер адамы. 1992 жылы Францияда өткен Қазақстан күндерінде Болат Кәрімұлы мен Күләш Ақашқызының қолынан шыққан қолөнер туындылары париждіктерді ерекше тамсандырған көрінеді. Ерлі-зайыптылар 2003 жылы отандық өнімдер шығаратын «Терме» өндірістік компаниясында  бірге жұмыс істейді. Болат Исиннің жетекшілігімен Ұлы Абайдың мұражай-үйі безендірілгенін де айта кеткеніміз абзал. Сондай-ақ ол – Оралхан Бөкей шығармалары желісімен салынған бірнеше картинаның да авторы.

– Оралханды тірісінде көрмедім. Бірақ шығармалары бойынша біраз картиналар салдым, өйткені ол – ғаламат жазушы, – дейді суретші.

Бұл – Болат Кәрімұлының облыстық сәулет-этнографиялық музейінде ұйымдастырылып отырған  алғашқы көрмесі емес, 2002 жылы осынау музейде суретшінің жеке көрмесі өткен екен.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button