ҚоғамТОП

Парижде кімдерге сенім артамыз?

2023 жылы Шығыс Қазақстандағы денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың үлесі 42 пайызға дейін өсті. Яғни, облысымызда шамамен 306 мыңға жуық адам салауатты өмір салтын ұстанады деген сөз. Бұл туралы аталмыш сала мәселелеріне арналған брифинг барысында белгілі болды.

 

Төл спортымыздың танымалдылығы артып келеді

 

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Қусумбаевтың айтуынша, жыл сайын облыс халқының арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында барлық жас санатына бағытталған 300-ден астам облыстық бұқаралық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Оларға 32 мыңнан астам адам қатысады.

– Облыста ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығы жылдан жылға артып келеді. Соңғы мәлімет бойынша, өңірде 17 837 адам төл спортымызға ден қойса, оның басым бөлігін (10 334 адам) ауыл тұрғындары құрайды. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда бір мың адамға көп. Былтырғы қараша айында Ұлан ауданында өңір тұрғындары арасында ұлттық дәстүрлі спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында халықаралық «Бүркітші фестивалі» өткен болатын. Оған екі мыңнан астам адам қатысты. Қонақтар арасында Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Қытай мен Ресейден келгендер де болды, – деп мәлім етті С.Қусумбаев.

Оның айтуынша, денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын ерекше қажеттіліктері бар шығысқазақстандықтардың саны 38,7 мыңға дейін жеткен. Бұл облыстағы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың 13,5 пайызына тең көрсеткіш. Осы ретте, бүгінде мүмкіндігі шектеулі 42 спортшымыз ұлттық құрама мүшесі екенін айтқан жөн.

Жалпы, әртүрлі спорт түрлері бойынша облысымыздың 707 спортшысы ел құрамасына енген. Оның 250-і – балалар, 70-і – жасөспірімдер, 161-і – жастар, 226-сы ересектер құрамасына мүше екен.

Тағы бір айта кетер жайт, 2023 жылы шығысқазақстандық саңлақтар әртүрлі спорт түрлерінен 4 116 медаль жеңіп алса, оның 1 368-і – алтын, 1 329-ы – күміс, 1 419-ы қола болған.

– Былтыр облыста 1 636 спортшы екінші және үшінші разряд алса, бірінші разрядқа 340 саңлақ ие болған. 401 жерлесіміз спорт шеберлігіне үміткер атанса, 70 спортшымыз Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. Сонымен бірге, халықаралық дәрежедегі спорт шебері мәртебесіне ие болған сегіз саңлағымыз бар, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

 

Секцияларға тегін қатысады

 

Былтыр Шығыс Қазақстанда облыстық денешынықтыру және спорт, сондай-ақ, білім басқармаларының мұрындық болуымен балалар мен жасөспірімдерге арналған қосымша 245 тегін спорт бөлімі ашылған.

– Өздеріңіз білерсіздер, 2023 жылы Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Бұл – облысымыздың шалғай елді мекенінде салынып жатқан алғашқы спорт нысаны емес. Бүгінде мұндай денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы Марқакөл ауылында, Ұлан ауданының Бозанбай және Таврия ауылдарында, сондай-ақ, Үлкен Нарын мен Катонқарағай ауылдарында да жүргізілуде, – дейді басқарманың жоғары жетістіктер спорты бөлімінің басшысы Аида Жұханова.

Ол, сонымен қатар, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында 1 687 спорт нысаны жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.

– Ағымдағы жылы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды іс-шараны өткізу жоспарланып отыр. Оның ішіндегі ең маңыздысы деп ХХІІ халықтық спорт ойындарын айтар едім. Сондай-ақ, өңірде «Сәулетай» балалар ойындары, мемлекеттік қызметкерлер, спорт ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Спартакиадалар сынды маңызды іс-шараларды өткізу көзделуде, – деп мәлім етті сала маманы.

Белгілі болғандай, 2024 жылы мемлекеттік спорт тапсырысы аясында балаларды тегін спорт секцияларымен қамту мақсатына облыстық бюджеттен 963,4 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлініпті. Бұл ретте, бүгінде облысымыздағы 4,5 мың балақайдың спорт секцияларына тегін қатысатынын айта кеткен орынды.

 

Парижде кімге сенім артамыз?

 

Биыл Франция астанасы Парижде өтетін XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарына сегіз спорт түрінен 17 шығысқазақстандық спортшы қатысуға үмітті.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, әсіресе, жеңіл атлетика, семсерлесу, еркін күрес пен грек-рим күресі сияқты спорт түрлерінен сынға түсетін саңлақтарға ерекше сенім артып отыр.

– Дәл қазір бір спортшымыз Олимпиада лицензиясын алып үлгерді. Ол – еркін күрес шебері Азамат Дәулетбеков. Қалған үміткерлеріміз түрлі лицензиялық және рейтингтік жарыстарға қатысып, ұпай жинап, Олимпиада жолдамасына қол жеткізу жолында еңбектенуде. Жалпы, біздің спортшылар кем дегенде 10 лицензияға ие болады деген сенім бар. Себебі, бұған дейінгі Олимпиадаларға қарасақ, жерлестеріміз 10 және одан да көп жолдаманы жеңіп алып отырған. Осы ретте, Шығыс Қазақстан облысы Олимпиада лицензияларының саны жағынан еліміздегі алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі саналатынын айтқан орынды, – дейді облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Серік Қусумбаев.

Оның айтуынша, алдағы Олимпиада ойындарына бару мүмкіндігі жоғары шығысқазақстандық спортшылар арасында жеңілатлеттер Надежда Дубовицкая мен Жанна Мамажанова, семсерлесушілер Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимов, еркін күрес шебері Данияр Қайсанов, грек-римшілер Ернар мен Ернұр Фидахметовтер де бар. Сол сияқты, Париждегі дүбірлі додаға ескек есушілеріміздің де бару ықтималдылығы жоғары екен.

Еске салайық, Франция астанасындағы кезекті, 33-ші Олимпиада ойындары биылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтпек.

 

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button