Қоғам

Парасатты ұрпақ тәрбиелейміз

 Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен «Парасатты ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы студенттік форумы жастарымыздың санасы қоғамның осы кеселіне қарсы қалыптасып үлгергенін көрсетті. Университет фойесінде ұйымдастырылған тұсаукесер кезінде өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметовке  коррупцияны жоюға бағытталған жобаларын таныстырды.

ШҚМУ өкілдері адалдықты бейнелейтін «Таза қолдар» идеясының тууы туралы әңгімелесе, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті парасаттылық пен ар тазалығын ақын бабамыз осыдан бір ғасыр бұрын өзінің «Үш анық» кітабында ар-ұждан деген қасиеттер арқылы  жазып кеткеніне тоқталды. Адамдық, адалдық туралы Абай мен Шәкәрімнен артық айтқан жан жоқ. ШҚМТУ-дың өкілі мобильді қосымша мен электронды портал жұмысымен таныстырды. Жоба авторларының айтысына қарағанда,  осы технологиялар арқылы студенттер университетте көрсетілетін қызметтерді үшінші тұлғаның қатысынсыз, тікелей ала алады. Бұл адами факторлардың болмауына кепілдік бермек.

Форум барысында парасаттылық кеңсесі ашылды. Бұл университеттің академиялық және ғылыми қызметтерін жетілдіре түсуге игі ықпал етеді. Парасаттылық идеясы жоғары оқу орнының барлық оқу үрдістерінің негізіне алынған. Университетте мемлекеттік және университеттік үлгідегі жеті нормативті құжаттан түратын парасаттылық кодексі дайындалған. Агенттік төрағасы  жерлестеріміздің тәжірибесін зерделеп, басқа да өңірлерге тарату жөнінде тапсырма берді.

Форумды  облыс әкімі Даниал Ахметов құттықтау сөзбен ашты. Алқалы жиынға өңірдегі жоғары оқу орындарының ректорлары, колледждер директорлары, белгілі спортшылар мен қоғам белсенділері, «Sanaly urpaq», «Adal urpaq» клубтарының мүшелері, волонтерлер қатысты.

– Парасатты ұрпақ, саналы ғұмыр деген сөздер мен үшін терең мағыналы ұғым. Қазақ жастарының парасаттылығын қалыптастыру – тек қана ата-анасының міндеті емес, қоғамның, сіздер мен біздердің міндетіміз. Әрбір адам жастайынан    Отаны үшін жауапты екенін түсінетін болса, онда біздің қоғам жемқорлық сияқты дерттен арылады деп сенемін, – деген пікірін білдірді «Әлем барысы», «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров жиналғандардың назарын қоғамдық қабылдаулардың жұмысы мен сенім жәшіктеріне, антиплагиат бағдарламасына, әлеуметтік зерттеулерге аударды. Ректор  сонымен қатар ШҚМТУ базасында коррупция мәселелерін зерделейтін зерттеу орталығын ашу жөнінде ұсынысын білдірді.

Форум жұмысын қорытындылаған агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Қазақстан жастары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға дайын ең белсенді және нәтижелі топ екендігін атап өтті. Сонымен қатар жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиесіне және отбасы институтының рөліне көңіл бөлу қажеттігін айтты.

-Білім беру мекемелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру саласында белсенді әлеуметтік саланың бірі екендігі сөзсіз. Бірақ менің ойымша, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруда, нақтырақ айтқанда, отбасының тәрбиелік функциясы маңызды рөл атқарады. Отбасында өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлінуі қажет, себебі баланың ой-санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейі отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Егер оның бойында ар-намыс, парасаттылық пен әділдік қасиеттері болса, заңды бұзбайды, яғни сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасамай, өз еліне лайықты қызмет атқарады,  – деді агенттік төрағасы.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button