Қоғам

Параолимпиада жеңімпаздарымен кездесті

 Параолимпиада жеңімпаздарымен кездесті

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ерекше қажеттілігі бар жандарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Кедергісіз кітапхана» жобасы бастау алған болатын. Аталған жоба аясында кітапхана қызметкерлері «Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігі, «Үлбі» медициналық-әлеуметтік орталығы, спорт клубтары, сондай-ақ, «Қазақ есту қабілеті нашарлар қоғамы» филиалымен өзара байланыс орнатыпты.
Аталмыш шараны ұйымдастырушы Рахия Алханованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін кез келген мекеменің басқалар біле бермейтін өзіндік ерекшелігі болады екен.
– «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, облыстық кітапхана мен қоғамдық бірлестіктер қолға алған бұндай игі бастамалар қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға көп көмегі тиеді деп сенеміз. Бізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы лайықтап жасалған пандус, жеделсаты, тазалық бөлмесі бар, олардың кітапханадағы уақытының қолайлы өтуіне барлық жағдай жасалған. Біз оларға ақпараттық қызмет көрсетіп, бос уақыттарын қызықты әрі пайдалы ұйымдастыруға көмектесуге қашанда даярмыз, – дейді Рахия Алханова.
Шараға қалалық көпсалалы технологиялық колледжі мен қызмет көрсету саласы колледжінің мүмкіндігі шектеулі студенттері қатысты. Бұл күні көрермендердің назарына Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты көрме ұсынылды. Сонымен қатар, студенттер АҚШ-та өткен XIV арнайы жазғы Олимпиада ойындарына еліміздің атынан тұңғыш рет қатысып, бірнеше медаль жеңіп алған өскемендік Диас Ескермесов, Әйгерім Құмарбекова, Фаик Насибов, Дарья Иванова сынды параолимпиада чемпиондарымен кездесті.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button