Паралимпиадашыларымыз көшбасынан көрінді
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында екі жас ерекшелігі бойынша паралимпиадалық ат үйрету және арнайы бағдарламадан еліміздің ат спорты федерациясының III-ші ашық кубогы өтті.
Аталмыш сайысқа биыл бес облыстан 28 спортшы келген екен. Олар 14 жасқа дейін және 14 жастан жоғары жас бойынша сынға түсті. Жүлделі орындарды сарапқа салуға өскемендіктерден бөлек, Маңғыстау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, сондай-ақ Павлодар облыстарының өкілдері жарыс жолына шықты. Айта кетейік, өңір намысын «Ақ Тай мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау қоры» қоғамдық бірлестігі және облыстағы «Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі сынды екі команда қорғады.
– Бастапқыда қатысушылар саны айтарлықтай аз еді. Өздеріңіз байқағандай, біздің өңірден бөлек, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында да ат спортына ерекше көңіл бөлінуде. Бұдан былай барлық аймақты қамтуға тырысамыз, – деді облыстағы «Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы Николай Кузьмин.
Қатысушылар сырқат деңгейіне қарай бес санатқа бөлініп сынға түсті. Олар өткен жылғы жаңа сызба бойынша әртүрлі элементтер орындады, яғни, анағұрлым күрделендірілген еді. Еліміздің ат спорты федерациясының паралимпиадалық ат спорты департаментінің директоры Елена Черникованың айтуынша, осы жолы бәсекелестік барынша арта түскен. Мұнда шығысқазақстандық спортшыларға Қарағанды облысынан келген салт аттылар лайықты қарсылас атануы мүмкін екенін алға тартты. Ең егде қатысушының, яғни, Елена Шишаеваның жасы 50-лерді алқымдаса, ең жас спортшы өскемендік Диана Оралбек 13 жаста екен. «Янтарь» есімді тұлпарды тізгіндеп шыққан жерлесіміз өз жаттығуын мінсіз орындай білді. Оған көрермендердің де ықыласы ерекше еді. Одан бөлек, тағы бір өскемендік спортшы Диас Ескермесов те жүлдеден үміттілердің қатарында болды. Онымен қоса, тәжірибесі де толысқан. Осыдан үш жыл бұрын АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен Әлем чемпионатында үш бірдей жүлде иеленген жерлесіміз ат спортында алдына үлкен мақсат қойған екен.
– Мұхиттың ар жағындағы додадан олжамен оралғаныма қатты қуандым. Тіпті, бір кезеңінде топ жардым. Бұл жарысқа жоғары дайындықпен келдім. Жақсы нәтиже көрсетіп, алдағы уақытта Токиода өтетін паралимпиада ойындарына жолдама алуға тырсамын, – деді ол.
Сайыстың негізгі бөлігі саналатын паралимпиадалық ат үйрету және арнайы бағдарламада шығысқазақстандық салт аттылардың көші ілгері екендігі байқалды. Діттеген жеріне өзгелерден озық жетіп, жаттығуды да сауатты орындай білген спортшылар ең жоғары ұпайлар иеленді. Үшінші деңгейдегі жекелей жүлдеде өскемендік Райхан Байырханова үздік атанса, ерлер арасында қарағандылық Айдос Жылқышынов топ жарды. 14 жастан жоғары санатында Ақтөбе облысының өкілі Сұлтан Жасыбай жеңімпаз атанса, дерби тесті бойынша жоғарыда аталған Диана Оралбекке тең келері болмады. Арнайы олимпиаданың ат үйрету тәртібінде өскемендік Владислав Ляхов тұғырдың ең биігінен көрінді. Жалпыкомандалық есепте де жергілікті қатысушылар өздерінің көші ілгері екендігін аңғартты.
Мамандар барлық қатысушының дайындығына оң бағасын беріп, олардың жеңіске деген талабына ерекше разы болды.
Әділхан Есімханов