Руханият

Пана болған халыққа алғыс айту – парыз

Пана болған халыққа алғыс айту –  парыз

«Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын қосқан халықтар достығының Отаны» деген сөзге құлағымыз әбден үйренген. Бұрын осы бір сөз тіркесіне көп көңіл бөле қоймайтын едік.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында: «Бір кездері тағдырдың жазуымен қазақ жеріне аш-жалаңаш, арып-ашып келген көптеген ұлт өкілдері бұл күнде ел қатарлы өсіп-өніп, ұрпақ тәрбиелеп отыр. Олардың бірнеше буын ұрпақтары осы елде туып, осында оқып білім алды. Сол бір ауыр күндерді ешқашан ұмытпауымыз керек. Әсіресе, сол кезде өздері де киер киімге, ішер асқа жарымай отырған қазақ халқының қонақжайлығы мен пейілінің кеңдігі, әлемнің түкпір-түкпірінен келген аш-жалаңаш, жетім-жесірлерге пана бола білген жомарттығы мен мәрттігі алғыс айтуға тұрарлық. Сталиндік режім кезіндегі әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Оларды вагондардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды. Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қамқорлығына алды» – деген болатын.
Сонымен қатар Президент Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болатындығын да айтып өткен еді.
Осыған орай 2016 жылдың бірінші наурызы биыл алғаш рет Алғыс айту күні мерекесі болып аталып өтпек.
Елбасының бұл сөзінде үлкен мән жатыр. Қайта бұл күндердің күні айтылуы, айтылып қана қоймай, міндетті түрде атап өтілуі тиіс үлкен идея болып шықты. Қазақта «Игіліктің ерте- кеші жоқ» деген аталы сөз бар. Расында да, еліміздегі 130 ұлт пен ұлыс қайдан, қашан және қалай келген қазақ жеріне? Олардың туып-өскен өз елдері мен жерлері жоқ па? Болса неге кетті ол жерден? Бұл сауалдар ересек адамды қойып, жеті жасар жеткіншектің өзін ойландырып тастайтын, салмағы алты атанға жүк боларлық заңды сауалдар.
Дәл сол кезде олардың осынау дархан даламызға өздерінің бар сән-салтанатымен жайқалып келмегені де бесенеден белгілі. Қазір сол жайында «Ол уақыттағы саяси және басқа да жағдайлар солайша қалыптасқан» – деп қысқаша түсінік беріледі. Алайда, құдайшылығын айтар болсақ, сол кездегі саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылғандардың өздері ұмытпаса ұмытпаған шығар, бірақ солардың бүгінгі өсіп-жетілген, көгеріп-көктеген ұрпағының кез келгені «Менің осындай дәрежеге жеткенім, осылайша көктеп-көгергенім – бір кездегі қазақ дейтін жомарт халықтың арқасы еді» деген сөзді айта ма?
Жұрттың бәрі топырағың торқа болғыр Герольд Бельгер мен атыңнан айналайын Асылы Османова апайымыз емес қой. Дегенмен аттары аталған екі адамнан өзге қазақ халқына, оның тілі мен дініне, салт-дәстүріне адалдық танытатындар мүлдем жоқ деп айтсақ, онымыз әділетсіздік болар. Бүгінде көптеген қазақ ауылдарында салт-дәстүрімізді ерекше дәріптейтін, қазақшаны қазағыңнан артық меңгерген орыс, украин, неміс және тағы басқа ұлт өкілдері көптеп кездеседі.
Солардың бірі, ертеректе Зайсан қаласындағы өзіміз білім алған М.Әуезов мектебінде ұлты неміс В.Штейн деген мұғалім болған. Қазақша таза сөйлейтіндігі соншалық, есіктің сыртында тұрған адам оның қазақ екендігіне еш шүбә келтірмейтін. Кейін мектепке директор да болды. Қазақша мақалдап-мәтелдеп сөйлегенде, кез келген «мен қазақпын» дегендерді сөзден тоқтататын. Бір жылдары елге барғанымда, сол мектепте ата-ана, оқушылармен, ұстаздар қауымымен кездесу ұйымдастырылып, кездесудің орта тұсында сол Владимир ағамыз да келіп, төрге өтпей босағадан тамашалап тұрды. Ол кезде бұрынғыдай директор емес, завхоз боп жүр екен. Әзіл болсын деген оймен:
– Ақынды аттай қалап алдырдыңдар,
Алауын сағыныштың жандырдыңдар.
Бір кездегі директор Штейнді,
Бүгін неге босағада қалдырдыңдар? – дегенімде, жұрттың бәрі есіктің аузында тұрған Штейнге жалт қарап, қыран-топан болғаны бар. Сонда, дауысы зор Владимир ағамыз: – Әй, Серік!
«Мектепке анау керек, мынау керек деп,
Байғұсты ит әуреге салдырдыңдар» деп айт, – демесі бар ма. Әлгіндегі күлкі, күлкі ме, ел қырылып қалды. Қазақ халқын қадірлемесе, оның тілі мен өнерін, салт-дәстүрін сыйламаса, сол Штейндер халқының 98 пайызын қазақтар құрайтын Зайсанда өмір бақи тұрып қалар ма еді? Владимир ағамыз кей күндері сабақтың арасында бір кездерде қазақ жеріне қалай келгендерін, жол-жөнекей тартқан азаптарын, сондай ауыр жолдан арып-ашып келгенде, өздерін жатсынбай қарсы алған қазақ халқының жомарттығына таңданысын жасырмай, үнемі ризашылығын айтып отыратын. Әрине, мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады.
Сонымен 1-наурыз – Алғыс айту күні. Қазақ табиғатының қарапайымдылығы сол, жасаған жақсылығын ешқашан, ешкімге бұлдамаған. Сондай-ақ, «Маған біреу-міреу алғыс айтып, ризашылығын білдіріп қалар» деп ешкімнен, ештеңе дәметіп те жүрген жоқ. Сондықтан қайсыбір отандастарымыздың аштықта жеген құйқаларының дәмін ұмытпай жүрсе, осының өзі қазақ дейтін қанағатшыл халық үшін алғыс айтқанмен бірдей болар еді. Ал шынтуайтына келер болсақ, жылағанды жұбатып, ашыққанды бауырына басып пана бола білген халыққа алғыс айтудың еш айыбы жоқ. Оның үстіне мемлекет Қазақстанда тұрып жатқан кез келген ұлт пен ұлыс өкілдеріне өз діндерін ұстануларына, өз тілдерінде сөйлеп, ұлттық мәдениеттерін дамытуға мол мүмкіндік тудырып, жексенбілік мектептер ашып, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлерін құрып берді. Бүгінгі таңда солардың барлығы да өз жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп отыр.
Осынау Ұлы даланың иесі, жүрегі дархан, жаны жомарт қазақ халқы бүгінгі таңда жергілікті ұлт ретінде үлкен жауапкершілікті мойнына ала отырып, еліміздегі өзге ұлт өкілдерін ұйыстырып, тыныштығы мен татулығы жарасқан Мәңгілік Ел болуды армандайды.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button