Қоғам

Пан Ги Мунмен тілдесу бақыты бұйырды

Пан Ги Мунмен тілдесу бақыты бұйырды


БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, әйгілі дипломат, саясаткер, ағылшын тілінің шешені Пан Ги Мун Сеул ұлттық университетінің «Халықаралық білім беру жоғары мектебінде» арнайы саяси дәріс оқыды. Дәрістің атауы «Корей түбегіндегі бейбітшілік өзгеріп отырған халықаралық тәртіпте» деп аталды. Дипломаттың дәрісін әлемнің 70 шақты елінен келген магистрант, докторант, ғалым мен жас саясаткер тыңдады. Соның ішінде қазақ елінен барған маған да әйгілі дипломаттың дәрісін тыңдау бақыты бұйырды.

Дәріс сұрақ-жауаппен екі-үш сағатқа созылды. Ағылшын тілінде болған дәрістің ауқымы Корей түбегі ғана емес әлем саясатын кең тұрғыда қамтыды. Дәріс барысында ол халықаралық саясат, жаһандық климаттық өзгеріс пен табиғи апаттар, терроризмге қарсы күрес, босқындар ісі мен адам құқықтары, әлемдегі жасөспірім балалар мен әйелдер құқығы жөнінде кеңінен ашып айтуға тырысты.

Дәріс оқушы жас мамандарды халықаралық деңгейде қызмет істеуге, әлем халқының бейбітшілігі, достығы мен тыныштығына атсалысуға, дипломатия саласында жемісті әрі табанды қызмет етуге шақырды. Әсіресе ол әлемдегі бейкүнә сәбилердің жағдайына, олардың туа сала түрлі қақтығыстардың кесірінен көз жұмып жатқанына қатты алаңдаушылық білдірді. Дәрісті көпшілік ұйып тыңдап, жиі-жиі қол соғып, қошамет көрсетті.

Пан Ги Мунмен тілдесу бақыты бұйырды

Шынын айту керек, мұндай дипломатиялық ғылыми дәріс кез келген маман үшін ауадай қажет. Азия дипломатиясының Гималайы деп атауға тұрарлық кәсіби дипломат, қырық жыл бойы тірнектеп тәжірибе жинаған Пан Ги Мун сияқты әлемдік дипломатияның алып тұлғасынан дәріс тыңдау – менің ғана емес, әлемнің талай жасына арман әрі үлкен мәртебе.

Пан Ги Мун кім?

Пан Ги Мун – әлемге аты танымал тұлға. Көрнекті мемлекет қайраткері. Шебер де білікті дипломат. Корей дипломатиясының мәртебесін әлемдік деңгейге көтерген тұлға. Корей ұлтының мақтанышы. Пан Ги Мун Корей жері Жапон империясының қол астында болған кезде, 1944 жылы Оңтүстік Кореяның Ымсон уезінде дүниеге келді. Қойма бизнесіне қараған отбасында өскен Пан алғыр болып өсті. Әсіресе, ағылшын тіліне деген ынта-ықаласы ерекше болыпты. Оқушылардың ішінде озаты болған Пан қаршадайынан ағылшын тілін игеруге бел байлаған. Ол мектеп қабырғасынан-ақ Американың әскери кеңесшілерімен тілдесіп, ағылшын тілін үйреніп, жетілдіру үшін өз үйінен 10 шақырым жердегі Американың әскери базасына барып келеді екен. Күн сайын осы бір істі жалықпай қайталайтын қайрат пен іштегі ықыласы оның сол кезден-ақ кім болатынын байқатса керек. 1962 жылы Қызыл Крест ұйымдастырған ағылшын тілі жарысында бағы жанып, Америкаға жолдама алады. Сан-Франциско қаласында бірнеше ай өмір сүреді. Осы сапарда ұйымдастырушылардың ұйғарымымен ол Ақ үйде Американың президентімен кездесуге лайық деп табылады. Джон Кеннедимен кездескен соң журналистердің болашақ мамандығы туралы сауалына ешбір саспастан «Мен дипломат болғым келеді» деп жауап берген. Мектептен кейін ол Сеул университетінде дипломатия мамандығы бойынша білім алып, кейін Гарвард университетінде магистрлық дипломды сәтті қорғап, үздік бітіріп шығады. Корей азаматы өз елінің сыртқы істер министрлігінде қызмет істеуін бастайды. Міне, сол сәттен бастап қатардағы дипломаттан халықаралық деңгейдегі дипломат болып шықты. Бір кездері Оңтүстік Кореяның сыртқы істер және сауда министрлігін басқарды. Одан кейін ол президент Но Мун Хеннің тұсында қызметтен кетіп, БҰҰ-на бас хатшы болып сайланды.

Корей ұлтының мақтынышы

Пан Ги Мун БҰҰ-на бас хатшы болған күннен бастап корейлер өздерінің ұлттық беделі әлем алдында көтерілді деп бағалады. 1950-53 жылы Корей соғысынан көп зардап шеккен, кедейшіліктің дәмін татқан, отаршылдықтың қамытын киіп көрген, Қытай секілді алыптың қас-қабағына көп қараған халыққа өз тумасы Пан Ги Мунның биік лауазымға жетуі өткен өмірлеріне, көрген қиындықтарына төлеу алғандай сезілді. Бұл күні Пан Ги Мунды корейлердің бесіктегі баласынан, таяқ ұстаған қартына дейін біледі. Беделді халықаралық ұйымға бас хатшы болу оның маңдайына корей халқының тағдырымен бірге жазылды. Корейлер оған арнап ауылында бейбітшілік монумент тұрғызып, құрмет көрсетті. Одан басқа да толып жатқан атақтары жетеді.

Бірақ Корей елі үшін не істеді деген сұрақ туады? Иә, корей елі үшін қыруар іс бітірді. Біріншіден, дипломат ретінде елін әрдайым жақсы қырынан танытты. Ел беделіне нұқсан келтірмеуге тырысып, елдік мүддені қорғап бақты. Қырық жыл бойы дипломатия саласында корей мүддесі үшін сын да естіп, соған қарамастан намысқа тырысып тер төкті. Екіншіден, екі корей елінің мәселесін шешуге көп күш жұмсады. Ол министр болған кезде де осы мәселені өзінің басты міндетінің бірі деп санады. Қос Кореяның бірігу процесіне өмір бақи ықпал жасауға тырысқан саясаткердің бірі. Үшіншіден, корей дипломаттарының қабілеті мен білігін арттыру бағытында көп жұмыс істеді. Бәріне қолдау көрсетті, ізбасарларын дайындай білді. Төртіншіден, корей мәдениетін әлемге таныта білді. Өз тілі мен мәдениетін құрметтей білетін адам ретінде танылды. Корей тілі мен мәдениетінің әлемге танылуына әсерін тигізді. Әлемдік лауазымға ие болып отырған адамның елі мен жеріне, тілі мен мәдениетіне кімнің болса да қызығушылығы артатынын байқатты.

Қазақ елімен байланысы

Пан Ги Мунның БҰҰ-на бас хатшы болып сайлануы Азия дипломатиясының белсенділігін арттырды. Азия дипломатиясының бір өкілінің жетістігі болашақта басқа Азия елдерінің дипломаттарына жол ашуына әсер етері даусыз. Мұндай биікке ол ең бастысы еңбекқорлығы мен мақсатшылдығымен жетті.

Пан Ги Мун Қазақстан Үкіметімен де байланысын нығайта білді. Оның Сарыарқа төріне жасаған сапары тарихи оқиғаның бірі болды. Ол – Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан саясатын жоғары бағалап, Қазақстанның халықаралық бастамаларына оң баға берген тұлға. Ол 2010 жылы Семейде болды. Елбасымызды ерекше құрметтейді. Қасым-Жомарт Тоқаевпен де жақсы таныс. Ол бұл жайттарды тілдескен кезде ерекше атап өтті. Жеке сұхбат арасында бас хатшы: «Мен сіздің елде Қазақстанда болдым. Ядролық сынақтарды басынан кешкен Семей топырағында болдым. Сол жерде мәлімдеме жасадым. Арал теңізін көрдім. Президент Назарбаевты жақсы білемін. Әлемде үлкен беделге ие саясаткер. Сонымен қатар дипломат Тоқаевпен бірге біраз қызмет істедім. Ол – нағыз іскер адам. Қазақстан әлемде танымал ел ғой. Ядролық қарудан бас тартқан жалғыз мемлекет. Жаңадан салынған Астанада болдым. Маған әсем Астана ұнады. Сіздің елдің адамдары қонақжай. Еліңізге сәлем айтыңыз!» – деп ағынан жарылды.

Пан Ги Мунмен тілдесу бақыты бұйырды

Сөз арасында ол туралы көптеген еңбектерді оқып шыққанымды, ежелгі жиі кездесе бермейтін корей поэзиясын жинаушы, шетелдік поэзияға қызығушы адам екенін естіп білетінімді айтым. Сол сәтті сұхбатты пайдаланып, ол кісіге өзімнің осыдан бірнеше жыл бұрын жазған өлеңімді бердім. Өлеңіме таң ғалып, ерекше қуанып, алғыс айтты. Өмірінде бірінші рет шетелдік адамнан ерекше сый-құрмет көргенін тілге тиек етті. Солай айта келе, «Корейше жақсы сөйлейді екенсіз. Корей түбегі мәселесін бір кісідей білетін болып шықтыңыз ғой. Халықаралық деңгейдегі корейтанушы маман екенсіз. Сізді кездестіргеніме қуаныштымын», – деп бірге естелік суретке түсті. Суретке түсіп болған соң «Сізге айтарым, жолыңыз болсын, талаптаныңыз, алға ұмтылыңыз, Сізге жемісті еңбек пен нәтиже тілеймін!», – деп ризашылық білдірді.

Ол бүгінде отанында халықаралық бірнеше ұйым ашып, соның ісімен шұғылдануда. Ең қызығы, Оңтүстік Кореяның қазіргі сыртқы істер министрі сол кісінің бұрынғы көмекшісі, шәкірті. Сөз соңында айтарым, осындай әлемдік тұлғамен қысқа уақыт сұхбаттасу мен үшін үлкен бақыт болды.

Дастан Ақаш,
корейтанушы,
халықаралық қарым-қатынас маманы,
магистрант
Оңітүстік Корея Республикасы

Осы айдарда

Back to top button