Пәтерде қанша адам тіркелгенін қалай білуге болады?

Пәтеріңізде қанша адам тіркелгенін қалай тез тексеруге болады? Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының айтуынша, тұрғын үй иесі тіркелген азаматтардың санын екі жолмен біле алады.
Біріншісі, egov.kz портал арқылы, ол үшін порталда авторлану керек, яғни ЖСН мен парольді не электрондық цифрлық қолтаңбаны енгізу қажет. Жеке кабинетке өтіп, «Мүлік» бөліміндегі «Тіркелген тұлғалардың тізімін көрсету/жасыру» тетігін таңдауға тиіссіз.
Екіншісі, EgovKzBot2.0 телеграм-бот арқылы, мұнда «Старт» батырмасын басып, «Қызметтер» санатына өтесіз. «Жылжымайтын мүлік» бөлімінде «Менің пәтерімде қанша адам тіркелген» бөлікті таңдайсыз.
– Егер меншікте бірнеше пәтер болса, шығатын тізімнен қажетті мекенжайды таңдау қажет. Телефонға тексеру коды бар хабарлама келеді, соны енгізу керек. Нәтиже бірнеше минутта дайын болады. Қызметті алу үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу міндетті, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Электрондық цифрлық қолтаңбаны қашықтан алуға болады, ал бірреттік СМС-құпиясөзді пайдалану үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу қажет. Аталған базаға тіркелу «Виртуалды ассистент» арқылы онлайн режимде қолжетімді.
Ержан Әбіш