ТОПЭкономика

Пәтер бағасын қолдан қымбаттатып жіберген

Облыстағы құрылыс компаниялары пәтер бағасын қолдан қымбаттатып жібергені анықталды. Бұл туралы облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті мәлімдеді.

– «Достар Май», «Сервис СМУ» және «ВК Инвест Компани» компаниялары коммерциялық тұрғын үй бағасын жоғары қойған. Біздің мамандар анықтау барысында компаниялар арасында келісілген іс-қимыл белгілерін көрді. Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабының талаптарына сәйкес, оларға заңнама бұзылғаны туралы хабарлама жіберілді. Департаменттің барлық хабарламалары орындалды. Мысалы, «Достар май» компаниясы бір шаршы метрдің бағасын 350 мыңнан 280 мың теңгеге дейін төмендетті. Сонымен қатар бәсекелестік туралы заңдардың одан әрі бұзылмайтынына сендірді, – деп жазылған департамент ақпаратында.

Кейінгі бір жылда үй бағасы өсіп кетті. Мамандардың пікіріне жүгінсек, жоғарыда аталғандай, бір шаршы метрді 280 мың теңгеге бағалау да «шектен тыс» баға болып есептеледі.

– Теңге қазір 7,5 пайыз құнсызданды. Мұны ескеріп, тұрғын үй бағасы былтырғыдан 7-8 пайыз қымбаттаса, ақылға қонымды деп айта аламын. Бұдан асып кетсе, реалды баға емес деп түсінемін. Бірақ пәтер бағасы былтырғы жыл басымен салыстырғанда, жаңа жылға дейін-ақ 15 пайыз өсіп кетті. Қазір тағы өсіп жатыр, – деген болатын экономист Мақсат Халық бізге берген сұхбатында.

Айта кету керек, Өскеменде былтыр бір бөлмелі үйлер – сегіз, екі бөлмелілер 12-13 миллион теңгеден болған. Биыл бір бөлмелі үйлер – 10 миллион 880 мың, екі бөлмелі үйлер 15 миллион 500 мың теңгеден бастап жоғары өсе береді. Екінші нарықтағы үйлер бұдан да қымбатырақ.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button