Қоғам

Озық техниканың тілін меңгеріп шығады

Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және кәсіби даярлау стандартын әлемдік деңгейде дамыту – білім саласындағы басым бағыттардың бірі. Бұл орайда елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген «Жас маман» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында жаңғыртылған оқу орындарының базасында индустриалдық және қызмет көрсету саласына қажетті мамандықтар бойынша мамандар даярланып, әлемдік стандарттарға сай келетін колледждер құрылуда.

   Ауыл шаруашылығы мамандары ауадай қажет

     «Дәрігер адамды емдесе, мал дәрігері бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөз өзектілігін жойған жоқ. Ас атасы саналатын нан, сүт, ет – дастарханнан үзілмейтін ең қадірлі тағамдар. Бидайды егіп, оратын, ет пен сүттің сапасын, қауіпсіздігін қадағалайтын мамандардың еңбегі ұшан-теңіз. Ендеше, елімізде ауыл шаруашылығы мамандарына деген сұраныс артпаса, кемімейді.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатындағы «Жас маман» республикалық жобасына қатысушылардың бірі – Ұлан ауданы, Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық колледжі.

– Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеруге Үкімет тарапынан ерекше мән беріліп отыр, өйткені елді индустрияландыруға байланысты жұмысшы мамандықтарының маңызы арта түседі. Ел экономикасының негізі білікті мамандардан, өз ісінің шеберлерінен құралады.

Біз «Жас маман» жобасына 2019 жылы қатыстық. Бағдарламаға өңіріміздегі 84 колледждің 10-ы таңдалып алынды. Оның ішінде біздің ауылшаруашылық колледжі де бар. Жоба аясында оқу орнына 330 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл қаражатқа комбайн, егіс кешені, сепкіш, автоматтандырылған заманауи тракторлар сатып алынды. Қазір өңірдің ауылшаруашылық ұжымдары өте бай. Олардың техникаларының барлығы шетелдікі. Енді біздің студенттеріміз осы жаңа техникаларды колледж қабырғасында жүріп игеріп, тәжірибелік оқудан өткен соң, болашақта жұмысқа орналасқанда олардың тілін білетін болады. Шаруа қожалықтарында оларға жұмыс орындары дайын тұрады. Қазір заманауи комбайнның құны 118 млн. теңге. Шемонайха, Алтай, Бородулиха, Глубокое аудандарындағы жетекші шаруашылықтардың барлығында дерлік осындай автоматтандырылған шетелдік техникалармен жұмыс істейді. Олар жаңадан келген жас мамандарды ондай техникаларға бірден отырғыза салмайды. Техниканы толыққанды игеру үшін теориядан бөлек, тәжірибе керек. Сондықтан да біз осы озық техникаларды алдық. Ауыл шаруашылығы үшін осындай маңызды бастаманы қолға алуды тапсырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымыз шексіз. Өйткені өзіміздің күшпен мұндай техникаларға қол жеткізу мүмкін емес еді, – дейді Ауылшаруашылық колледжінің басшысы Оралбек Оспанов.

                                            500 аттың күші бар       

Директордың орынбасары Асқар Мұратханұлы айтып өткендей, «Жас маман» жобасының аясында сатып алынған техниканың бірі – «John Deere» егіс кешені. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қазір «John Deere» техникасына көшкен. Бұл егіс кешенінде барлығы компьютермен басқарылады. Озық үлгідегі бұл техниканың қайда жүргенін кабинетте отырып-ақ спутникпен бақылауға болады. Ішінде ауа баптайтын кондиционері бар. Ол аптап ыстықта ішін салқындатып тұрса, астық шапқан кездегі күзгі салқында жылытады. Температура, майдың қысымы сияқты маңызды көрсеткіштердің барлығы монитордан шығып тұрады.    Америкалық бұл комбайн жерді өзі жыртады, топырақты қопсытады, егінді өзі себеді, өзі тыңайтады. Сатып алынған NEW HOLLAND тракторы да жаңа технологиямен жасалған, электронды панельмен басқарылады, 500 аттың күші бар бұл тракторға германиялық «Мерседес» компаниясының қозғалтқышы орнатылған. Бұл техника себетін дәннің мөлшеріне дейін өзі есептеп шығарады.

Колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әлия Есқалиеваның айтуынша, Ауылшаруашылық колледжі «Жас маман» жобасына бағдарламаның барлық талаптарына сай болғандықтан іріктеліп алынған. Атап айтсақ, түлектердің жұмыспен қамтылуы жоғары деңгейде болуы, ұстаздардың кәсіби шеберлігі, оқу орнындағы материалдық-техникалық базаның қамтылуы және студенттердің әртүрлі деңгейдегі жетістіктері жобаға қатысуға мүмкіндік беген.

Қазір аталған оқу орнында «Жас маман» жобасы бойынша сатып алынған заманауи жабдықтар мен техникаларда өңір колледждерінің студенттерін тәжірибелік оқыту басталды. Биылғы оқу жылында облыстағы ауыл шаруашылығы бағытындағы 14 колледждің «Ауыл шаруашылығы техникасын механикаландыру», «Агрономия», «Ветеринария» мамандықтары бойынша барлығы 558 студент тәжірибелік оқудан өтеді. Қазір Абай ауданының студенттері тәжірибеден өтіп жатыр. Одан кейін кесте бойынша Зайсан, Күршім, Шемонайха және басқа да аудандардың студенттері келіп, білім-біліктерін шыңдайды. Сонымен қатар мұнда ауылшаруашылық техникаларын игеруге ниетті азаматтарға арнайы курс ұйымдастырылып, ақылы негізде де үйретеді.

Білім ордасындағы құзыреттілік орталығы WorldSkills және AgroSkills аймақтық, Ұлттық чемпионаттарына қатысушыларды даярлап қана қоймай, өңір экономикасын бәсекеге қабілетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Ауылшаруашылық колледжі «Серпін» бағдарламасы бойынша 2015 жылдан бастап оқытып келеді. Қазір Қызылорда, Оңтүстік өңірлерден келген студенттер оқып жатыр. Былтыр 21 бала бітірген. Олардың ішінде 12 түлек қызыл дипломмен тәмамдады. Олардың 60-70 пайызы тұрақты жұмысқа орналасып, осында қалды. Өз өңіріне оралған түлектер де жоғары сұранысқа ие.

Қазір еліміздің ауыл шаруашылығы саласында агроном, зоотехник, веттехник, фельдшер, фермер-менеджер, техник-механик, техник-технолог, тракторист-машинист, ветеринар мамандары әлі де тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет агроөндірістік саланың дамуы үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарына қойылатын талап та заманға сай жаңаруда.

 

                                 «Жас маман» жобасы не береді?

«Жас маман» жобасына қатысушылардың бірі – «Өскемен жоғары политехникалық колледжі». Оқу орнының басшысы Исатай Исиннің айтуынша, жоба шеңберінде энергетика саласының заманауи талаптарына сәйкес материалдық-техникалық база жаңартылды. Колледж өнеркәсіп саласындағы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайды. Жоба аясында әлеуметтік серіктестермен алдын ала келісім бойынша жетекші өндірушілердің заманауи жабдықтарын сатып алған.

– 2019 жылдан бастап біздің колледж республикалық «Жас маман» додасына қатысты. Бұл іс-шараны дода дейтін себебім, елімізде қазір 800 колледж бар. Облысымыздың өзінде 80-нен астам колледж бар. Соның ішінде былтыр тек бес колледж алға шығып, «Жас маман» сайысын ұтып алды. Бұл жобаның арқасында колледждегі құзыреттілік орталығының жұмысын жаңа деңгейге шығардық. Жоба аясында бөлінген қаражатқа сатып алған заманауи қондырғылардың арқасында облыстағы өзге де колледждердің оқытушылары мен өндірістік шеберлері және энергетика саласында дәріс алатын студенттері осы орталықта біліктілігін арттырады, –дейді колледж директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Берік Төлегенұлы.

Колледж базасындағы «UKPOLITEСH» құзыреттілік орталығы мехатроника, өнеркәсіптік автоматика, электроника, электрмонтаж, модельдерді прототиптеу, CAD инженерлік графикасы, WEB дизайн, графикалық дизайн, мобильді роботты техника және IT жүйелерін басқару мамандарын даярлайды.

– Қазір WorldSkills байқауына дайындалып жатырмыз. Өзім электроника саласы бойынша жарыстарға қатысып жүрмін. Осы жолы Семей қаласында өткен байқауда 1-ші орын алдық. Енді жазда өтетін республикалық сайысқа дайындалып жатырмыз. «Жас маман» жобасы бойынша озық техникалар сатып алынды. Олардың білім алушыларға пайдасы мол, өйткені келешекте міндетті түрде осындай автоматтандырылған заманауи қондырғылармен жұмыс істейтін боламыз. Осы жобаның нәтижесінде студенттер тек теорияны ғана оқып қоймай, сонымен қатар тәжірибе жүзінде де жан-жақты шыңдалатын болады, – дейді 4-курс студенті Досхан Зиябек.

– Колледж түлектері негізінен Өскемен ЖЭО, ШҚ АЭК, КЭМОНТ, «Казцинк», «Казминералс», «ҮМЗ» сияқты өңірдегі ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, сонда тұрақты жұмысқа орналасады. Дуальді білім берудің нәтижесінде қазірдің өзінде көптеген өндіріс орындары жұмысқа шақырып жатыр. «Казцинк» келісімшарт бойынша өздеріне қажетті мамандарды жұмысқа алып, жалақысын төлейді және студент болашақта сол жұмыста қалуды шешсе, арнайы бағдарлама бойынша оған қосымша шәкіртақы төлейді. Дәл осындай бағдарламамен келісімшарт жасауды КЭМОНТ та ұсынып отыр, – деді Исатай Исин.

Қазір оқу орнында «Жас маман» жобасы бойынша сатып алынған озық қондырғыларда облыс колледждерінің студенттері тәжірибеден өтіп жатыр. Биылғы оқу жылында энергетикалық және IT бағыттағы барлығы 600 студент тәжірибелік оқытудан өтеді.

Сонымен, «Жас маман» жобасы не береді? Алдымен, колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Екіншіден, WorldSkills құзыреттіліктері бойынша студенттер даярлайтын орталықтарды жандандырып, болашақ мамандардың дағдысын арттырады. Үшіншіден, кәсіптік-техникалық білім алам дейтін жасөспірімдерге кәсіби бағдар беріп, сонымен қатар осы мамандықты игерем дегендерге ақылы қызмет те көрсетеді.

Айта кету керек, білім басқармасы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және салалық басқармалармен бірлесіп, еңбек нарығының нақты қажеттілігін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2025 жылға дейін колледж түлектеріне деген қажеттілік 92 мыңға жуық орын болған. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, ветеринария, экология, өндіріс, монтаждау, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, пайдалану және жөндеу, білім беру салалары бойынша мамандардың жоғары сұранысқа ие екендігі анықталды.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button