Қожалықта бес жыл ерен еңбек еткендерге көлік немесе үй беріледі
Самар ауылындағы «Қалисаттарұлы» шаруа қожалығының жетекшісі Самарқан Жотабаев егіс науқанына аса жауапкершілікпен дайындалғандықтан, мол өнім алады.
Самар ауылынан шеткері Қамысты учаскесінде орын тепкен шаруа қожалығында қайнаған тіршілік. Қожалық аумағында қаз-қатар тізілген су жаңа техникалар тұр. Үш «К-700» тракторы, үш «Есіл» комбайны, төрт «КамАЗ» жүк көлігі және өзге де тракторлар қара күзге дейін тыным таппай жұмыс істейді. Дизельдік отын да биылғы маусымға жеткілікті.
Егін егу, ору маусымында 30 адам егістік алқаптарында жұмыс істейді. Одан бөлек, 5-6 құрылысшы қора-қопсы, техникалар тұрағын жөндеумен айналысады. Жалпы, жыл көлемінде 20 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әр жұмысшы өз істерімен шұғылдануда.
Қожалық жетекшісі Самарқан Жотабаевтың негізгі мамандығы – агроном. Саратов ауылшаруашылық колледжін қызыл дипломмен тәмамдаған. Шаруашылық жұмысының қыр-сырын әбден меңгерген. Егін егу қызғанда, өзі де трактордың бірін тізгіндейді екен.
– Трактордың тізгінін ұстайтындар да, әрине, шаруа қожалықтарына қажет. Токарь кез келген шаруашылықта тапшы. Бірақ біздің қожалықта жұмысшы күші жеткілікті. Өйткені, жұысшыларға әлеуметтік демеу бар. Жаңа отбасын құрғандарға, сәбилі болып жатқандарға да көмек қолын созамыз, – дейді Самарқан Жотабаев.
Егер мамандар «Қалисаттарұлы» шаруа қожалығында 3 жыл қызмет етсе, жемшөппен тегін қамтылады. Ал бір жыл істегендерге 50 пайызы – тегін. Жұмысшылардың жалақылары мөлшермен 100 мың теңгенің айналасында. Оның үстіне маусым соңында талмай жұмыс істегендерге сыйақы тағайындалады. Ол аз десеңіз, 5 жыл аянбай еңбек еткендерге көлік немесе үй беріледі. Былтыр Самарқан Жотабаев шаруа қожалығын да маңдай тері сіңген механизатор Сергей Кошмановқа «Лексус-330» көлігінің кілтін табыстаған.
– 12 жылдан бері осы қожалықта істеймін. Жұмыс орным екінші үйімдей болып кетті. Өзім отбасыммен Самарда тұрамын. Қыста «КамАЗ» жүк көлігіне, егу науқанында «К-700» тракторына, орақ кезінде комбайн рөліне отырамын, – дейді С.Кошманов.
Шаруа қожалығының басшысы Самарқан Жотабаевтың айтуынша, тұқымдардың бірнеше түрі бар. Мысалы, бидайдың «Омск-18» түрі егілсе, күнбағыстың «Заря» және тез пісіп жетілетін «87» деген түрі егілген. Қамбадағы тұқымдар сұраныс бойынша да сатылды. Былтырлары 150 тоннадай тұқым сатылған. Тұқымдықтан бөлек тазаланған тауарлық бидайды диірменге апарып өткізеді.
Маңдай тердің өтемін қара күзде көреді шаруалар. Дәстүр бойынша орақ науқаны аяқталғаннан кейін, ұлан-асыр сабантой болады. Жақсы жұмыс істегендер марапатталады. Самарқан Жотабаевтың ендігі жоспары – ауылды арзан көмірмен қамту. Жоспар жүзеге асып жатса, Самарға жақын ауыл тұрғындары үшін де тиімді болмақ.
Көкпекті ауданы