Қоғам

Өзге ұлттың өкілдері «Атамекенді» шырқады

Ұлан ауданының Таврия ауылында тамаша бір басқосу болды. Осы төңіректе тұрып жатқан түрлі этностың өкілдері дөңгелек үстел басына жиналып, «Халықтар достығы – ынтымақ кепілі» тақырыбын тарқатып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы, наурыз – еліміз үшін мерекелі де берекелі ай. Алғыс айту күнімен босағадан аттайтын шуақты мейрамдардың шеруі 8 наурыз –Халықаралық әйелдер күнімен жалғасып, ары қарай Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызға ұласып кете барады. Десек, осынау мерекелердің бәріне ортақ бір дүние бар, ол – елдің бірлігі. Иә, көптеген этностың өкілдері тұрып жатқан Қазақстанда татулық пен берекеден асқан байлық жоқ шығар. Бұны атам қазақ «Бетеге кетсе бел қалар, бектері кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар…» деп баяғыда айтып кеткен ғой.

Таврия ауылындағы тағылымды шараның да мақсат сол – елдің бірлігін, ынтымағын одан ары нығайта түсу. Достық рәуіште өткен алқалы басқосуға аудандағы қоғамдық келісім орталығы этномәдени бірлестіктерінің және мемлекеттік тілді оқыту курсында оқып жүрген этностардың өкілдері қатысты.

Шара барысында мемлекеттік тілдің мәртебесі, этносаралық келісім мен ынтымақ, өңірімізде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің мәдениеті, өнері мен әдебиеті турасында сындарлы әңгіме өрбіп, дөңгелек үстел басына жиналғандар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар қазақ және ағылшын тілдерін оқып үйрену бойынша тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері ойын түрінде әдістемелік сабақ жүргізді. Қатысушыларға қазақша-орысша сөздіктер, қазақ-орыс тілдерінде жазылған жарнама мәтіндерінің үлгісі жазылған кітаптар таратылды.

Жиын соңында баршасы бірге Қазақ елінің бейресми әнұранына айналған «Атамекен» әнін асқақтатты. «Тілі бөлек болғанмен тілегі бір…» деген осы шығар.

Мадина Амангелдіқызы

Осы айдарда

Back to top button