Өзендер тасуы мүмкін
Нөсер мен қардың жылдам еруі салдарынан облыстағы бірқатар өзен арнасынан шығуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» мамандары хабарлап, дабыл қағып отыр.
Синоптиктердің болжамынша, апта басында өңірде жауын-шашын мол болады. Әсіресе облыстың солтүстігі мен шығысында жауған жаңбырдың соңы нөсерге ұласады. Солтүстік аудандарда көктайғақ болуы мүмкін. Оған қоса бұл күні желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетпек.
– 16-17 сәуірде облыстың басым бөлігінде көп мөлшерде жауын-шашын жаууына және қардың қарқынды еруіне байланысты өзендерде су көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарды сақ болуға шақырамыз. Су деңгейі көтерілуінің куәсі болған жағдайда дереу «112» нөміріне қоңырау шалу қажет, – дейді мамандар.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға үй маңын қар мен мұздан арылтып, арықтарды уақтылы тазалап отыруға кеңес беруде. Мүмкіндігінше инертті материалдар қорын да дайындап қою керек.
Сәрсен Қабылым