«Озат оқушы» синдромы сізге таныс па?

Мектепте қойған баға оқушының өміріне әсер ете ме? Біліміміз қаншалықты дұрыс бағаланады? Бұл сауал мені талайдан бері толғандырып жүр.
Оқушылардың көбі үздік баға алу үшін мұғалім берген ақпаратты жаттап алады, яғни олар сабақты білімін толықтыру үшін емес, бестік баға алу үшін оқитын сияқты. Сондықтан кейде озат оқушыға үш деген баға алу өте ауыр. Мұғалімнің ескертуін қабылдау да оларға оңайға соқпайды. Мұның соңы «озат оқушы синдромына» әкелуі мүмкін. Тіпті психологтардың өзі бұл сөзімізді растайды. Есіңізге түсіріп көріңізші, дәл осындай оқу озаттары бәрімізге таныс. Бәлкім, сіз де сондай бала болған шығарсыз?
Озат оқушы – күрделі психологиялық тұлға. Оның ерекшелігі – үздік баға мен мақтауға ие болу. Ол тек басқалардан озып шығуды мақсат етеді. Озат оқушы қателесуден қорқады. Екі немесе үш деген баға алса, жүйкесі сыр береді. Көп жағдайда «озат оқушы синдромының» себебі отбасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты. Атап айтсақ, әке-шешенің шектен тыс талабының әсері. Көпшілік ата-ана баласын кезіндегі өзінің сәтсіздіктерін өтеуге ойша мәжірбүрлейді. Назардың жетіспеуі мен өзін-өзі төмен бағалау да – аталмыш синдромға әкеліп соғатын факторлар. Тек алда болуды мақсат етіп, түрлі жарыстарда жеңіске жетуге ұмтылуды көздейтін оқушыға әдетте жеңіліс қиынға соғатыны белгілі. Алайда мұның шешімі жоқ емес. Мұндай жағдайда оқушы психологпен сөйлескені жөн. Күйзеліске түскен жан-дүниесін тазартқаны абзал. Сонымен қатар топтық тренингтердегі тәсілдер де өз көмегін тигізеді.
Бұл синдромды жеңудің жолдарына тоқталсақ. Оң ықпал болу үшін балалық шаққа көз жүгірткен жөн. Балаға сәтсіздік пен жеңілістің дұрыс жағын көрсету арқылы маңызды аспектіні үйретуге болады. Жеңілістің өзі жеңіске жетелейтінін түсіндіру маңызды. Ал озат оқушы синдромын өзінен байқаған жағдайда көбірек серуендеп, жақын достарымен әңгімелесіп, жеңілісті қабылдай білуді үйрену керек. Психологтардың айтуынша, қателіктен қорықпай, жаңа дүниелер арқылы өзін сынау қажет. Бүгін құласаңыз, ертең сүрінсеңіз, ештеңе етпейді. Бұл – үлкен тәжірибе. Тек мақсатқа апарар жолда берілмеу керек.
Әмина Марданманова,
11-сынып оқушысы
Өскемен.