Өз ісінің майталмандары
Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін ерекше мерекенің бірі – 8 наурыз! Бұл – әлемдегі ең асыл жандардың ең жарқын мерекесі деуге болады. Ал қашан да анасын ардақтап, қарындасын қадірлеген халқымыз үшін бұл мейрамның орны тіптен бөлек.
Бүгінде нәзік жанды аруларымыз ер азаматтармен бірге әр салада жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Сондай жандардың бірі деп Ольга Гутованы айтуға болады. Ол – Өскемендегі автобекеттің кассирі. Бұл қызметте отыз жылдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан маман ғұмырын осы салаға арнағанына еш өкінбейді. Басшылықтың айтуынша, Ольганың өз ісіне салғырт қараған кезі болған емес, ол – жоғары кәсібилігімен, асқан жауапкершілігімен өзге әріптестеріне үлгі болып жүрген жан. Айта кетейік, бүгінде бұл автобекеттен қалааралық және облысаралық автобустар қатынайды.
Сол сияқты теміржол саласында да еселі еңбек етіп келе жатқан қыз-келіншектер жетерлік. Құралай Ақпышева да саналы ғұмырын осы бір салаға арнаған жандардың қатарынан. «Әр кәсіптің өз қиындығы болады. Теміржол саласының да ауы мен бауы көп», – дейді кейіпкеріміздің өзі.
Әйел – отбасының ұйытқысы, ол жанұядағы ғана емес, күллі қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы іспеттес. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз де осыны меңзесе керек.
Сәрсен Қабылым