Ойыншықтың ішінде не бар?

«Балаң ақылды әрі есті болсын десең, дені сау, мықты етіп өсір» дейді Жан Жак Руссо. Француз жазушысының бұл өсиеті әлі күнге мәнін жойған жоқ. Керісінше жаһан көші жасандылыққа бет түзеген сайын өзекті бола түсуде. Алысқа бармай-ақ қарапайым баланың ойыншығын алып қараңыз, көзіңіз жетеді бұған…
Деректерге сүйенсек, біздің заманымызға дейінгі үшінші ғасырда Ежелгі Грекия мен Римде сылдырмақ болып басталған ойыншықтар, уақыт өткен сайын түрленіп, дами түсуде. Қатып тұрған мүсіннен, өзі сөйлеп, өзі жүретін роботтарға дейін бар қазір. Жасанды оқ пен су ататын да, жылаған баланы уататын да небір түрі шығарылып жатыр. Ал осы ойыншықтардың балақайларға зияны бар-жоғын ескеріп, елеп жатқан ешкім жоқ.
Бүгінгі күні елімізге ойыншықтар отызға жуық мемлекеттен әкелінеді екен. Солардың ішінде көш бастап тұрғаны – Қытай. 2015 жылғы статистикалық көрсеткіштерге жүгінсек, шет елден әкелінген 180 мың ойыншықтың гигиеналық талаптарға сай жасалмағаны анықталған. Уақыт өте балаға зиянын тигізетіндері қанша. Олардың қатарында – сәбилердің судағы ермегіне айналған ойыншықтар да бар.
– Жұмысым балалармен тығыз байланысты болғандықтан, бала денсаулығы мен үшін бірінші орында. Қазіргі таңда ата-аналар суға шомылатын резеңке ойыншықтардың іші көгеріп, бактериялар жиналып қалатынын байқамайды. Оның бәрі уақыттың тығыздығынан ғана емес, салғырттықтан да орын алатын жағдай. Резеңке ойыншыққа су, не бала сілекейі түскеннен бастап, жылы ортада көгеру үдерісі жүреді. Ал ылғал мен жылу көктің пайда болуын қамтамасыз ететін факторлар. Әрине, ол бактериялармен ересек адамның ағзасы күрессе күресер, алайда балалардың иммунитеті оған қарсы тұра алмайды. Ойыншықтағы көктің жиналуы, аллергиядан бөлек, стоматит, микоз, және де тыныс жолдарындағы ауруларды тудырады. Кейінгі кездегі дәрігерлер осы мәселені айтып, жиі дабыл қағуда. Сол себепті ойыншықты үнемі тексеріп, кептіру қажет. Балаңыздың резеңке «достарын» арнайы торкөзде, не ашық жерде ұстаған жөн. Силиконды желім арқылы ойыншықтың су кіретін бөліктерін желімдеуге де болады. Бірақ ойыншықтарды кем дегенде 2-3 айда бір ауыстыру міндет. Әрине, олардың сапасына да жете мән беру керек, – дейді балалар дәрігері Ботагөз.
Мамандардың айтуынша, арнайы сертификаты мен санитарлық қорытындысы жоқ ойыншықтарды сатып алу бала денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары жұмсақ резеңке ойыншықтардың құрамында кадмий мен қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскенін ескерсек, бүлдіршіндеріміз түрлі сырқатпен ауырмас еді.
– Барлық бала сияқты біздің ұл да шомылдырған кезде жылап, мазасы кетеді. Сондықтан алданыш болсын деп әртүрлі ойыншықтар алдық. Расымен, ол алданып отырғанда тез шомылдырып аламын. Бірақ өткенде әлгі ойыншықтарды ашып қарап, шалқамнан түстім. Содан бастап бәрін лақтырып, қайтып сатып алмадым, – деген Өскемен қаласының тұрғыны Жансая кеңестік кездегі ойыншықтардың сапалы болғанын жасырмады.
Балаңыздың серіктерінің сапасына мән беріңіз. Тазалығына мән беріңіз. Базардағы сертификатсыз сатылып жатқан ойыншықты алғанша, тексерістен өткенін алыңыз.
Балауса Қожаева