Журналистік зерттеу

Ойыншықты да ойланып алыңыз

Ойыншықты да ойланып алыңыз


Ойыншықты көбіміз баланың ермегі деп білеміз. Сөйтеміз де, баланың қыңқылынан құтылу үшін, базардан арзанқол бірдеме әпере салуды жөн көреміз. Олай емес дейтіндер табылатын шығар. Бірақ шыны керек, көбіміз сондаймыз. Ойыншықтан келіп-кетер қауіптің барын сезбейміз де. Ол туралы ойланып көрмегендер де бар шығар.

Алайда өткен жылдың соңында еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин балаларымыздың ойнап жүрген ойыншықтарының көбі қауіпті екендігін мәлімдеді. Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та ойыншықтардың 36,6 пайызы балалар үшін зиян екенін атап өтті. Олардың айтуынша, былтыр елімізге әкелінген ойыншықтардың 36 пайызға жуығы техникалық регламент талаптарына сай келмейді, оның ішінде бес пайызға жуығы зиянды заттардан жасалған болса, 95 пайыздан астамы заттаңба ережелерін бұзған.

Ал сол уақытта еліміздің көптеген ата-аналары балаларына жаңажылдық сыйлық іздеп, базар мен ойыншық дүкендеріне ағылып жатты. Баланың көңілін аулаймыз деп, оған қаншама зиянды зат сатып алғанымызды ойлаудың өзі қорқынышты. Жандарбек Бекшин Қытай өнеркәсібінен шыққан «Карапуз» көпфункциялы қуыршағы мен «ЛАВА» ойыншығы, Ресейдің «АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты шығарған «Весенняя прогулка» жинағы, «Огонек» зауыты шығарған «Лягушка с лягушатами» пластмасса ойыншығы мен Беларусь елінен жеткізілетін «Циферка» ойыншығын сатып алмауға кеңес берді. Олардың құрамында рұқсат етілген көлемнен тыс формальдегид, фенол және стирол концентрациялары бар қауіпті токсикологиялық көрсеткіштер анықталған екен. Мұны баласының денсаулығын бірінші кезекке қоятын әрбір ата-ананың білгені абзал.

Ал облыстың қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Ғазиз Сүлейменов болса өңірімізде құрамында формальдегид пен фенол, стирол сынды зиянды заттардан жасалған ойыншықтардың анықталмағандығын айтып сендіріп отыр.

– Былтыр «Ойыншықтар қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламенттің талаптарының сәйкестігін тексеру мақсатында сауда желілерінен ойыншықтың 73 түрі алынып, сынама жасалды. Зерттеу кезінде он ойыншықтың заттаңбасында қателіктер табылды. Жалпы, фенол, формальдегид пен стирол өте қауіпті заттар. Олар адам ағзасына тері арқылы сіңіріліп, жүрек айну, бас айналу, жүрек соғысының жиілеуін, аллергия мен қатерлі ісік тудырады. Сондай-ақ жағымсыз, өткір иісі болады. Алайда біз сынама жасаған ойыншықтар құрамында мұндай заттар анықталған жоқ,-дейді департамент басшысы.

Сәби болғың келеді

Ал шындығында, бүгінде дүкендер мен базарда самсап тұрған ойыншықтың көпшілігі сапасыз. Тіпті тиісті құжаттары мен сертификаттары да жоқ. Ал Ғазиз Сүлейменовтің айтуынша, ереже бойынша, әрбір өнімнің сапасы, қауіпсіздігі туралы сертификаты не болмаса санитарлық қорытындысы болуы қажет. Әрбір ойыншықта маркасы, шығарған зауыттың аты, ел коды, мекенжайы туралы ақпарат көрсетілуі керек.

Алайда базарға барған қай ата-ана ойыншықтың құжатын сұрап, сапасын тексеріп жатады дейсіз. Оған базарға барып, бірнеше ата-анамен тілдескен соң көзіміз әбден жетті. Мұндағы балаларға арналған сауда нүктелерінде қызылды-жасылды ойыншықтардың көптігінен көз сүрінеді. Қуыршақ пен мәшинелердің түр-түріне қарап, бір сәт есейіп кеткендігіңе өкініп қаласың. Самсаған ойыншықтардың ішінде қытайдың өнімдерінен көп нәрсе жоқ. Қазіргі мультфильм кейіпкерлерінің бәрі осында. Сатушының айтуынша, кезінде сұранысқа ие Спанч Боб пен Шректердің, Барби мен Эльзалардың дәурені өтті. Бүгінгі балақайлардың көбі роботтан мәшинеге айналатын трансформерлер мен сиқырлы трасса, тамақ ішетін Беби борн қуыршақтарын алғызады. Алты жастағы Адина да анасына осындай қуыршақты әперуді сұраған екен.

– Екі балам да ойыншық ойнайтын жаста. Мультфильмдерден көрген кейіпкерлер түріндегі ойыншықты сатып әперуді сұрайды. Базарға бара қалсақ, бірнеше ойыншық алмай қайтпаймыз. Шынымды айтсам, оның сапасын тексеріп, құжатын сұрап жүрмейміз. Тіпті базардағы тауарлардың сертификаты болмайтындығына сенімді болсақ та, сатып аламыз. Ал дүкендерден алайын десек, ондағы ойыншықтардың бағасы шарықтап тұр. Мысалы жаңағы Беби борн қуыршақтарының ең арзаны базардың өзінде 4000 теңгеден басталып, функцияларына қарай 16 мың теңгеге дейін. Шамамыз келгенше баланың сұрағанын алып береміз. Сондықтан базардағы ойыншықпен баламыздың көңілін аулаймыз,-дейді Салтанат есімді Өскемен қаласының тұрғыны.

Ойыншықты да ойланып алыңыз

Сертификат туралы сұрағанымызда, сатушы қолын бірақ сілтеді. Сертификат керек болса, «Кидпарад «пен «Витаға» бар. Оның берген жауабы осы болды.

Оған да бардық. Салтанат айтса айтқандай-ақ екен. «Кидпарадтағы» бағаға бір нөлі артық жазылып кеткен бе деп қайта-қайта қарайсың. Салтанаттың сатып алған тамақ ішіп, дәретке баратын қуыршақтарының көшірмесі мұнда 7000 теңгеден басталады. Ал швейцариялықтардың тапсырысымен Қытайда жасалған тұпнұсқалары 30 мыңнан жоғары. Мұндағы сатушылардың бірінен ойыншықтың сертификаттары бар ма деп сұрадық.

– Дүкен тек ресми диллерлермен жұмыс істейді. Ассортименті бай. Барлық ойыншықтар техникалық регламентке сай және сертфикатталған. Басым көпшілігі Қытай мен Ресейде жасалған ойыншықтар, – дейді ол.

Сатушы қыздың айтуынша, ойыншықтың сертификаты туралы ата-аналар сирек сұрайды. Көбінесе кеңес беру кезінде өзіміз айтып жатамыз дейді ол.

Шрек бар да, Қобыланды жоқ

Ойыншықты да ойланып алыңыз

Бәрінен де өкініштісі, анда да, мұнда да Шрек, Тобот, Өрмекші адам, Эльза, Монстр Хайлардың арасында не Қобыланды, не Алдар көсе, не Баян сұлу жоқ.

Ойыншықтардың зияны туралы айтқанда, оның құрамы туралы ғана сөз қозғалады. Сынама жасалғанда да техникалық жақтары зерттеледі. Ал еліміздегі көптеген ойыншықтардың баланың денсаулығына ғана емес, сана-сезімі мен жүйке жүйесіне де зиян келтіріп жатқандығы туралы жоғарыдағылар ойланып көрсе екен. Ұлттық ойыншықтар өндірісіне көңіл бөлініп, ұлттық болмысқа тұнып тұрған қазақы ойыншықтарды дамыту, жетілдіру арқылы бүлдіршіндердің бойына қазақылық болмыстың дәнін егер едік.

Облыс орталығындағы балабақшалардың бірінде психолог болып жұмыс істейтін Зарина Мұсаеваның айтуынша, бүгінде балалардың агрессиясын тудыратын ойыншықтар көбейіп кетті. Мәселен, Монстр хай қуыршағының жез тырнақтары, шашының бояуы мен көзінің түсі, ұсқынсыз киімі баланың жүйкесіне кері әсер етеді. Балабақшаға ойыншық сатып алу кезінде қауіпсіз әрі сапалы, баланы тек ізгілікке, еңбекке үйрететін ойыншықтар алынады дейді ол.

– Балалардың психологиясына кері әсер ететін ойыншықтар Монстр хай қуыршақтарымен шектелмейді. Шетелдік анимациялық фильмдердің ойыншық түріндегі кейіпкерлерінің біразы балаларға теріс ықпал ететінін айта кеткеніміз жөн. Бүгінде аяғы ауыр қуыршақтарды да, қолына қару ұстаған құбыжық бейнесіндегі ойыншықтарды да базармен, жаңағы сертификаты бар «Кидпарад» сынды дүкендерден кездестіреміз. Сондықтан үйде баланың қандай ойыншықпен ойнап отырғанына ата-ана ғана жауапты,-дейді Зарина Мұсаева.

Ал балалар болса қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін танымайтын тәрізді. Себебі олардың санасын шетелдік мультфильм кейіпкерлері жаулап алған. Алайда қазақ мультфильмдері мен ойыншықтар арасында өзара сабақтастықтың жоқтығына ата-аналар кінәлі емес қой. Осының салдарынан ұлттық тәрбиенің иісін де сезбеген бүлдіршіндер өсіп келеді. Содан кейін шетелдің ойыншығымен ойнап, мультфильмімен өскен баладан қазақылықты талап етуге құқығымыз бар ма екен?!

Ойыншықтардың қауіптілігі туралы сөз қозғағанда, Жандарбек Бекшин бұдан былай сертификатталмаған өнімнің шекарадан өткізілмейтінін, осы бағыттағы мемлекеттік жүйені жетілдіру қажеттігін айтқан болатын. Тәртіпті жетілдіру кезінде ел ағалары ойыншықтардың денсаулыққа ғана емес, жүйке-жүйеге де кері әсері бар екендігін ескереді деген үміттеміз. Өйткені ойыншық ермек емес, тәрбие құралы. Оның үстіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ең алдымен ұлтын ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталып отыр емес пе…

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button