Ойыншықтарды дұрыс таңдаңыз

Балаға ойышықтардың қандай дәрежеде қажет екенін бәріміз жақсы білеміз. Ойыншықтардың ішінен сапалы және балаға қауіп келтірмейтін ойыншықты дұрыс таңдап алғымыз келеді. Барлық шығарылған және саудада тұрған ойыншықтар белгілі бір нормативті құжаттар талаптарына сәйкес болуы қажет.
Кедендік одақ көлемінде ТР КО 008/2011 «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» және ТР КО 005/2011 «Қауіпсіз қаптама туралы» техникалық регламенттер талаптары сақталады және орындалуда.
Өкінішке қарай жауапсыз ұйымдастырушылар мен өндірушілердің қателігінен балаларға келтірілген зияндар мен қатерлі жарақаттар саны жеткілікті.

Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін ойыншық алғанда мына жағдайларға көңіл бөліңіз:
көлемі, бөлшектері,иісі, материалы,түрі, ойыншық дыбысы.
Ойыншықты таңдағанда қолмен толық сипап көру қажет. Егер ойыншықта қолды тырнайтын немесе қолға бататын бұдырлар болса, сондай-ақ кішкене бөлек бөлшектері оңай бөлек алынатын жағдайда, ойыншықты балаға әпермегеніңіз дұрыс. Ұсақ бөлшектері ойыншыққа мықтап бекітілген болуы керек.
Сапалы ойыншық ешқандай иіс шығармайды. Жағымды иістің өзі қауіптің белгісі. Кейде жасаушылар қауіпті, сапасыз материалдан жасалған ойыншықты жағымды иістермен бүркемелейді. Ондай ойыншықтар жасалған материалдардан көбінесе формальдегид, фенол сияқты улы заттар табылып жатады.
Ойыншықтар өте жоғары сапалы материалдардан жасалуы қажет. Маталар табиғи заттардан жасалып, арнаулы технологияда боялуы керек, ешқандай түрлі зиянды қоспаларсыз. Ағаш сапалы өнделуі қажет, жарықсыз, бұдырсыз, бұтақсыз және лакталмағаны жөн. Пластик те сапалы зиянсыз, түсі табиғи болуы керек. Айшықты боялған түс материалдың сапасыздығын білдіреді.
Өте қатты шыққан дыбыстар баланың есту қаблетіне зиян тигізеді. Ойыншық таңдаған кезде шығаратын дыбысына көңіл бөлу қажет. Ойыншық дыбысының жұмсақ болғаны дұрыс. Балалар ойыншықтары үшін зиянсыз дыбыстар шегі – 85 децибел. Егер бала осыдан қатты үн шығаратын заттарға әуес болса, онда баланың есту қаблетіне зиян келеді.
Тауарды таңдағанда таңбалы қағаздан өндірушінің түсіндірмесін тауып оқыңыз және өндірушінің түсіндірмесі болуын талап етіңіз. Өндіруші түсіндірмесі тауардың сапасын бағалауға септігін тигізеді.
Шығарылған тауарлардың сапасын және зиянсыздығын қадағалауға Қазақстан Республикасының Үкіметі «Саудадағы тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне мемлекеттік қадағалау жүргізу үшін оларды сатып алып сараптамадан өткеру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жыл сайын бюджеттен қаржы қарастырады.
Мысалы, 2017 жылы аталған бағдарлама бойынша облыста нормативтік құжаттар талабына сай келмейтін 13 партия ойыншық анықталды. Аталған тауарлардың таңбалы қағазында өндіруші түсіндірмелері орыс, қазақ тілдерінде жазылмағаны анықталды.
Балаларды қауіпті ойыншықтардан қорғау және сапалы ойыншықтар сатып әперу тек ата-аналардың қолында.
Бақытжан Сейітов,
техникалық реттеу және метрология комитеті ШҚО бойынша департаментінің бас маманы