Қоғам

Ойынның орны бөлек

Әлемде ең асыл, ең пәк, ең таза, ол – бала. Оның ойының тазалығы, арының тазалығы қоршаған ортаға  байланысты. Бала осы ортаны қалай қабылдап, танып білсе, оның алдынан кең әлемнің есігі де солай ашылмақ.

Еліміздің егемендігі нығайып, ертеңіне сеніммен қадам басқан шағында  заманына сай адамын тәрбиелеу – басты міндет. Осы  тұрғыда Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, жаңғырта отырып, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіруге, еліміздің игілігіне жаратуға бағыттайтын келелі ой, маңызды пікір, салмақты шешімге құрылған маңызды  құжат екені аян.

Дана халқымызда «Ұл тәрбиелей отырып жер иесін, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз» деген ұлағатты сөз бар. Ұлттық тәрбие дегеніміздің өзі ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды  өзара ұштастыра  алатын ұлтжанды тұлғаны  тәрбиелеу. Осы арқылы білім беру ісі мен ұлттық тәрбие бірлігіне қол жеткізіп, жаңа ғасырдың жаңа сипаттағы интеллектуалды ұрпағын қалыптастыру ісі басты жоспарда болуы тиіс. Рухани тәрбиеден нәр алмаған, ізгі біліммен нұрланбаған адам білгенін қара басының пайдасына жұмсап, өз мүддесі үшін адамзатқа апат әкелуі мүмкін. Оның мысалы  тарихта  аз емес. Рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді жатқызсақ, тіл-қазақ болуымыз үшін, дін-адам болуымыз үшін, салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. Рухани-адамгершілік тәрбие – бұл дұрыс дағдылар мен өзін-өзі ұстау дағдыларының нормалары, ұйымдағы қарым-қатынас мәдениетінің тұрақтылығын қалыптастырады. Баланы жақсы адамгершілік қасиеттерге, мәдениетке тәрбиелеуде тәрбиелі адаммен жолдас болудың әсері күшті екенін халқымыз ежелден бағалай білгендігін «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа», «Жаман дос жолдасын жауға қалдырар» деген мақалдардан көруге болады.

Мақал-мәтел, жұмбақ, айтыс, өлеңдер – адамгершілік тәрбиенің арқауы. Үлкенді сыйлау – адамгершіліктің  бір негізі. Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әртүрлі ойын, ертегі, қойылымдар арқылы беріледі. Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Ол ешқашан ескірмейді. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру – ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті. Шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершілік асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал  етері сөзсіз.

«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы балаға үлкен сабақ. «Баланың мінез-құлқын түзету өте маңызды, өте жауапты жұмыс. Бұл педагогикалық шеберлікті де, төзімділікті де, сақтықты да, ойлануды да керек етеді» деген екен атақты педагог-жазушы Спандияр Көбеев. Егемен ел болып, еңсесін тіктеп, етек жеңін жиып, елдігін ерекшелей түскен қазақ елінің айрандай ұйыған айбынды ел болып көпке танылуы ең алдымен бүгінгі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан жастарымыздың рухани-адамгершілік тәрбиесіне аса мән беруіміз қажет.

Бала үш жастан он екі жасқа дейінгі аралықта өзінің рухани дамуына қажетті нәрсенің бәрін ойыннан алады. Ойын балалардың негізгі іс-әрекеті ретінде психологиялық, анатомиялық-физиологиялық, педагогикалық маңызы зор қызмет атқарады. Ойын баланың даму құралы, таным көзі, білімділік, тәрбиелік, дамушылық мәнге ие бола отырып, адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал етеді. Ойынды әрбір бала ойнап өседі, ойынды көп ойнаған баланың дүниетанымы кең, жаны таза, жүрегі нәзік, нағыз сезімтал тұлға болмақ. Әрине, ойын адамның дамуына, қалыптасуына әртүрлі әсер береді. Кей бала ойынды шынайы өмірде бейнелесе, кей бала ішкі сезімін білдіреді. Ойынның дамуына және баланың  ойынға араласуына әсер ететін факторлар өте көп. Мысалы, үлкендердің ойынға басшылық жасауы, ойыншықтар, баланың өсетін ортасы, балалар ұжымы, баланың тәрбиесі. Әрқайсының өзіндік мәні, ерекшеліктері, мазмұны, ережелері, тәртібі, білімдік, тәрбиелік, дамытушылық қызметтері бар.

Ұлы педагог В.Сухомлинский «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, қиялсыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды» дейді. Демек, шәкірттің ақыл-ойы, парасаты ұлттық салт-сананы сіңіру арқылы байи түседі. Ойын арқылы баланың дене бітімі жетіліп, өз жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.

Біздің орталығымызда жыл бойы көптеген ойын түрлері  ұйымдастырылады. Мысалы «Дүкен», «Отбасы», «Шаштараз», «Ұйқасын тап» және басқа да көптеген ойын түрлері. Жалпы дидактикалық ойын элементтерін пайдаланудың маңызы зор. Мәселен «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушы әрекеттеріне еліктесе, «Мектеп» ойынын ойнағанда  мұғалім мен оқушының  іс-әрекетіне еліктейді.

Осындай сюжетті-рөлдік ойындарды балалар қызығушылықпен ойнады. Балалардың ойын арқылы шығармашылық қабілеттерін арттырып, әлеуметтік өмірге бейімдеп, тынымсыз еңбек етіп жүрген орталық мамандарының  еңбегі ерен.

Б.Садуақасова

Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының кітапханашысы

 

Осы айдарда

Back to top button