Ойын баласын да ойлау керек
Тарбағатай ауылы Аягөздің күншығысына орналасқан. Тау қойнауынан орын тепкен шағын мекенде өткен жылдан бері ауқымды істер атқарылып келеді.
Осыдан екі жыл бұрын ауылдың көшелері жарықтандырылып, жұрт бір қуанса, жаз бойы аудан орталығымен қатынастыратын күре жол күрделі жөндеуден өтіп, билікке тағы да риза болған еді. Жазда Тарбағатайдың қақ ортасынан «Балалар ойын алаңы» салтанатты түрде ашылып, бүлдіршіндерге үлкен сый болды.
Ауыл әкімі Халел Әділханов мұны жас өркенге жасаған тағы бір қамқорлығы екенін айтады.
– Соңғы жылдары ауданымызда үлкен өзгерістер орын алып, жұрттың көңіл күйі көтеріңкі, – дейді ол, – облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ Аягөз-Тарбағатай жолын өз көзімен көріп кеткеннен кейін, оны жөндеуге тапсырма бергенін білесіздер. Жолдың машақатын ұзақ жылдардан бері тартып келе жатқан жұртшылық өте разы болды. Ауылымыз көркейе түссін деп балалар ойын алаңын аштық. Бұл үшін «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен екі млн. 275 мың теңге жұмсалды. Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген тоғыз млн. 846 мың теңгеге 500 метр асфальт жолды жөндедік. Атқарылған істер баршылық. Мәселен, осындағы мектептің жылу жүйесін жөндеу үшін бір млн. 927 мың бөлінген. Сол сияқты, бес млн. теңгеге қазандықтың пешін ауыстырдық.
Тарбағатайлықтардың биылғы қатаң қыстан қысылмай шығатыны анық.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.