Қоғам

Ойын алаңының жасыл жамылғысы жаңарды

 Ашық аспан астында доп қуалаған бородулихалықтар бұдан былай қызыл асықтан су кешпейтін болды. Бұған себеп – биыл аудан орталығындағы стадионның қайта жөнделіп, ойын алаңына жасанды жамылғының төселуі.

Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы көптеген нысандардың қайтадан қалпына келуіне себеп болды. Осындай игі істің бірі Бородулиха ауылында қолға алынып, аяғына жетті. Атап айтсақ, биыл аудан орталығындағы орталық стадионның алаңына жасанды жамылғы төселіп, іші жарықтандырылды.

– Кеңес өкіметі кезеңінде салынған бұл нысанның алаңы бұған дейін осындай жөндеу көрмеген болатын. Табиғи шым кедір-бұдыр, оның үстіне жауын кездері езіліп балшықтанып кететін. Бірақ соған қарамастан спортшыларымыз доп ойнай беретін. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бюджеттен 44 миллион теңге қаражат бөлініп, алаң қайта түрленіп шықты, – дейді Бородулиха аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Александр Бычковский.

Оның айтуынша, екі айға созылған жөндеу жұмыстары кезінде стадион алаңындағы топырақтың бір қабаты алынып, асты беріктендірілген. Сонан соң ғана оның үстіне жасанды жамылғы төселген. Ені 64 метрді, ұзындығы 100 метрді құрайтын стадионға осыған дейін 2010 жылы плиталар төсеу, трибунасын қалпына келтіру сияқты ағымдағы жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар спорт нысанының душ кабиналары жөнделіп, киіну бөлмелері қайта жаңартылған. Жарықтандырылуы қайта қарастырылып, электр кабельдері тартылған.

– Өткен аптада ауданымыздың ауылдық округтері арасында футболдан кездесу өткізіп, стадионымыздың жасанды жамылғысын сынап көрдік. Көңілімізге қонды. Жезкент, Бородулиха, Новопокровка және Жаңа Шүлбі ауылдарынан келген командаларға да ұнады. Мұндай алаң осыған дейін Жезкент кентінде салынған болатын. Бұл – осымен ауданымыздағы екінші алаң. Жыл сайын екі айналымда ауданымыздың футболдан біріншілігін өткізіп отырамыз. Сегіз команда қатысатын жарыста бір ойын үйде, бір ойынды қонақта өткізетін олар енді барлық стандарттары сақтала отырып жасалған алаңда футбол ойнайтын болды, – деді  Александр Бычковский.

Қоса кетсек, мемлекеттік бағдарлама арқылы қолға алынған жоба аясында ауданның алты тұрғыны жұмыспен қамтылып, нәпақа тапқан.  Бұдан бөлек, биыл Бородулиха және Ивановка ауылдарында қосымша шағын футбол алаңдары салынып, қолданысқа берілген. Осылайша, ауданда ашық аспан астында доп қуамын деушілерге деген мүмкіндік жыл санап артып келеді.

Азамат Темірбеков

Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button