Қоғам

Ойын  алаңдары салынып жатыр

Тірлік атаулыға тосқауыл болып, жұртты жіпсіз байлап отырған пандемияға қарамастан ауданда бірқатар іс-шаралардың жүзеге асып, тұрғындарды жұмыспен қамтып отырғаны  көңіл қуантарлық жай. Бұлардың қатарына Күршім ауылындағы көпқабатты үйлердің аулаларында салынып жатқан балалардың ойын алаңдарын жатқызуға болады.

– Маңайдың бәрі ерсілі-қарсылы ағылған көлік, қаптаған адам, кішкентай балаларды есік алдына шығаруға қорқатын едік, – дейді Зангин көшесінің тұрғыны  Г.Қамариянова. – Іргеден балалар алаңы салына бастағанда қуанышымызда шек болған жоқ. Енді бала жетелеген ата-ана, ата-әжелер  сәбилері мен немерелерін бір сәт емін-еркін ойнатып, сергітіп қайтуға мүмкіндік алатын болды. Осы алаңның салынуы төңіректегі  балдырғандар үшін шынында да, елеулі қамқорлық болып табылатыны сөзсіз.

– Облыс әкімінің «Аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру» бағдарламасына орай, -дейді Күршім ауылдық округінің әкімі С.Дүзбаев, – аудан әкімі Д.Қажановтың жүктеген тапсырмасын орындау бағытында аудан орталығындағы көпқабатты үйлер шоғырланған З.Көлбаев, Б.Момышұлы, С.Зангин және К.Тоқаев көшелеріндегі аулаларда төрт бірдей балалардың ойын алаңын салу жобаланған болатын. Ол үшін қаржы облыстық бюджеттен бөлініп, құрылысты өскемендік «Найман-құрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Осы алаңдарда тер төгіп жүрген жұмысшылардың 70 пайызы – жергілікті азаматтар. Серіктестік басшылығы аталған төрт алаңның құрылысын  тамызда толықтай аяқтауға міндеттеме алып отыр. Негізгі шаруа еңсеріліп те қалды, енді құрылысшылар ұсақ-түйек жұмыстарды көңілдегідей етіп тиянақтауға жұмылуда.

Бұдан соң ауыл әкімі тынымсыз шапқылаумен барша жұмысты үйлестіріп, жіті назарда ұстап жүрген өзінің орынбасары Е.Нұрсоветовтің еңбегін атап айтып өтті. Өз кезегінде Ерлан Нұрсоветұлы құрылысшылардың жұмысқа барынша жауапкершілікпен қарап, тапсырылған шаруаны сапалы атқарып жатқанын атап өтті.

– Осы алаңдарды салудың өзі көптен бері шешімін таппай жүрген мәселе еді, – дейді Сәндібек Сейітбекұлы. – Ата-аналар да жиі құлаққағыс етіп, назарға салудан жалықпайтын. Ақыры, ол да шешімін тапты, бірақ, алаңдардың құрылысы толық аяқталмай жатып үлкендердің бүлдіршіндерді тегіс ойнауға қоя бергені дұрыс болмады. Әзірше алаң табанына құйылған бетонның үстінен салынатын резеңке жабындар төселіп біткен жоқ, сондықтан бала оқыста құласа, тізесін талқандап, жарақаттанып қалуы әбден мүмкін. Айтып өткенімдей, тамыздың аяғында бар шаруа толық аяқталады, ойынға сол кезде жасқанбай кірісуге болады.

Хасен Зәкәрия     

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button