Қоғам

Ойымыз озық болсын десек

«Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен, Бұл кезеңде күн менен түн теңескен. Сан ғасырлық ата-баба салтына. Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!» деп Мұхтар Шаханов жырлағандай Ұлыстың Ұлы күні Наурыз да келіп жетті. Осы бір шуақты мерекені барлығы асыға күтеді. Ал биыл мейрам тіпті өзгеше форматта өтеді. Хабарыңыз бар шығар?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. Осыған байланысты 14-23 наурыз аралығында мерекені он күн бойы атап өтеміз және әр күннің өз атауы бар.

Иә, әр күн өзінше ерекше. Солардың ішінде жастар үшін маңыздысы – Зияткерлік күні. Бұл күні балалардың зияткерлік әлеуетін, ақыл-ойын дамыту мақсатында мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, эпостардан үзінділер айтылады. Өйткені жастардың зияткерлігін арттыруда, әдебиеттің алар орыны ерекше. Сол себепті біз сіздерге қызықты ойындардың топтамасын әзірледік. Ендеше мақал-мәтелдерді жалғастырып, жұмбақ шешіп өз біліміңізді сынайтын кез келді.

Жұмбақ

Жұмбақтарды редакциямыздың журналисі Тасқын Болатұлы құрастырған. Ендеше бұрын еш жерде жарияланбаған жұмбақтарды назарға ұсынамыз.

                     Сандығымның сыртында – өзім жайлы дерегім,

                                        Ал ішіне ылғи маржан теремін.

(Оқушы дәптері)

Қайқы қылышым түнде жарқылдайды. Бұл не?

 (Ай)

              Түсі сары-құландай,

                  Шұбарлығы жыландай,

                Мойны ұзын крандай,

                Хайуанат бұл қандай?

(Жираф)

Көзіңді жейді,

               Төзімді жейді. Бұл не?

(Смартфон)

 Жаңылтпаш айтып тілімізді сындырайық

 

1. Қай тай лақтай,

    Қай лақ тайлақтай

2. Зерек зергер зерделеп,
Зергерлеуші зер зерлеп.
Зерлілер затын зерлеткен
Зергерлік те зерделік.

 

3. Үш ұшқыш алды
Үш кірқысқыш,
Үш тісысқыш.
Кірқысқыш қымбат па?
Тісысқыш қымбат па?

 

4. Арқада алты арқар бар,
Қырқада қырық арқар бар.
Қырық арқарда ақ арқар бар.
Алты арқарда марқа арқар бар.

 

5. Үш кіші ішік піштім,
Бес кіші ішік піштім,
Неше кіші ішік піштім?
Іске тіл ілесе алады,
Тілге іс ілесе алмайды.

 Тапқыр болсаң тауып көр

  1. Үзінді қай эпостан алынды?

«Басымды оққа байлаған,
Сені берсем, Қыз Құртқа,
Бір елдің малын алармын! – деп,
Езу тартып күледі.
Осы жатқан көп жылқы
Немере туған ағамыз
Сәлімбай байдың жылқысы.
Жанындай мені көреді,
Не сұрасам, береді».
Тағы Құртқа сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
«Құлақ салып сөзіме,
Бері таман кел, – дейді.

 

А) Алпамыс

Ә) Қобыланды батыр

Б) Қамбар батыр жыры

 

2) Наурыз күні аңыз бойынша кім келеді ?

А) Қыдыр ата

Ә) Шопан ата

Б) Қамбар ата

 

3) Наурыз мейрамы қай күннен басталады?

А) Көрісу күні

Ә) Алғыс айту күні

Б) Шымырлық күні

Білімімізді тексеріп көрдік. Енді әлем бойынша сіздерге зияткерлік туралы ақпарат ұсынсақ.

ТОП-5

Қай мамандық болмасын білім мен ұшқырлықты талап етеді. Алайда кейде достарымызбен басымыз қосылғанда «кімнің жұмысы көп білімді талап етеді» деп сөз таластырып жатамыз. Ендеше ғалымдардың зерттеуі бойынша зияткерлікті талап ететін бес мамандықты біле жүріңіз.

  1. Бренд-менеджер. Қандай да бір компанияның, мекеменің имиджі үшін жұмыс жасайтындар. Бренд-менеджерлер кәсіпорынның ілгері басуына талпыныс жасайтындар.

 

  1. Дизайнер. Сәнгерлер ғана емес, жалпы кез келген дүниенің сұлбасын, кескін-келбетін жасайтын маман иелері.

 

  1. Тілші. Сөздік қордың бай болуын ғана емес, сараптамалық жұмыстар атқарған соң да бұл мамандық иелеріне білімді болу шарт.

 

  1. Аудармашы. Лингвистика саласы зеректікті талап ететін мамандықтардың бірі.

 

  1. Дәрігер. Студенттік шақтан бастап бұл маман иелері көп ақпарат алады. Біліммен қатар іс-тәжірибеден өтеді. Сол себепті бұл мамандық та зияткерлікті талап етеді.

 

Зияткерлік күнінде біраз ақпаратқа қанықтыңыз ба? Ендеше күнді босқа өткізбеңіз. Жақыныңызға жұмбақ жасырыңыз. Мақал-мәтел айтып жарысыңыз.

Балауса МЭЛСҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button