Руханият

Оюымызды кәрістер патенттеп алып жүрмей ме?

Оюымызды кәрістер патенттеп алып жүрмей ме?


Қазақ халқы салт-дәстүрлерге, өнері мен дастарханына қойылатын ұлттық тағамдарына өте бай. Ата-бабамыздан мұра болып атадан әкеге, әкеден балаға беріліп келе жатқан аманатын мына жаңа жиырма бірінші ғасырдың заңдылығынан жоғалта бастағандай көрінетіні өкінішті жағдай.

Жоғалтуымыздың себебі неде? Жас ұрпақтың толыққанды бабаларының, жерінің, елінің алдыңдағы жауапкершілігін сезінбеуде, ұлттық патриоттық сана-сезімнің әлсіреуінде, тіпті жоғалуында жатыр деп ойлаймын. Осындай жауапкершілікті сезінбегендіктен, тарихи жәдігерлерге, ұлттық құндылықтарымызға, мирас болып қалған заттарға ие бола алмай жатырмыз. Оны көріп отырған шет ел азаматтары осы осал тұстарымызды қолданып, патент алуда оңай қол жеткізіп отыр. Шын мәнісінде, аманат болып келе жатқан заттардың «қазақтікі» деген сөзі заңды түрде де дәлелденіп, көк сиялы мөрі басылса ғой. Мысалы, қазағымыздың қымызына біз жайбарақат жүргенде неміс азаматы Ханс Цольман патент алып үлгеріпті. Ұлттық сусынды негізі қалай дайындау керек деп «Қазақстанға келіп, сіздерді үйретемін» деген сөзі мені тіпті шалқамнан түсірді. Болды, патент – немістікі, қымыз да немістікі деген сөз ғой. Біз қымыз өндірісін кезінде дұрыс жолға қоя алмадық, ал Германияда тіпті қымыз өндірушілер одағы да құрылған. Қымыз сияқты мақтанатын сусынымыз шұбат та шет ел азаматымен патенттеліп қойыпты. Бұл жолы Израиль елінің профессоры Рэувен Ягиль түйе сүтінен балмұздақ пен йогурт жасау технологиясына патент алыпты. Бұндай йогурт пен балмұздаққа қант қосылмайды екен, ол сусамырға шалдыққан адамдар үшін өте пайдалы. Және бұл өнім кейбір Еуропа елдеріне экспортталады, демек сұраныс бар. Көне заманнан денсаулыққа пайдалы екенін білген біздің ата-бабамыз не деген көреген десеңізші. Ал қазіргі заманда біз осы сусындарға ие бола алмай отырғанымыз өте аянышты жағдай. Патент алып қойған заттарды не де болса қайтару керек, жалғыз жол – сол патентті Германия пен Израиль кәсіпкерлерінен сатып алу. Бұндай жағдай қайталанбас үшін барлық заттарымызға қағаз түрінде де құқылы болуымыз қажет. Қазақтың көп нәрселеріне шетелдіктердің көздері түсуде. Мысалы, корея елінің 2NE1 дейтін қыздар квартеті сахнаға қазақ оюлары бар бірнеше киімді алып шығып киіп жүр. Үстіндегі киімі қазақтың камзолына ұқсайтыны рас. Өзгешелігі, камзолдары ашық-шашық, аяқтары санына дейін жылтырап жүр, ал үстінде біздің қазақтың қошқармүйіз оюымыз бейнеленген. Бұл бір ғана мысал болса ғой, бірақ осы кореялық тағы бір жігіттерден құралған «Super Junior» тобының әншілерінің киімінде, әсіресе, жеңдері мен балақтарында қазақтың оюы тігілген. Бәрі қызығатын қошқармүйізімізге де патент алып алғанымыз жөн болар. Біз жат жұрттықтарға киме, ішпе, жеме дегіміз келмейді, керісінше ішсін, татсын, кисін, көрсін тек ең аяғында бұның барлығы «қазақтікі» деген атпен айтылсын. Осындай мысалдарды көре отырып, атадан аманат болып қалдырған заттары қолды болып жатқандай көрінеді. Жаңа келе жатқан ұрпаққа ие болып, осыны басқарып қалатындай жағдайды қазірден жасауымыз керек. Бүгінгі күннен бастап ұлтымызға тән белгілеріміз бен ерекшеліктеріміз, киіміміз, салт-дәстүр, мәдениетіміз, ұлттық тағамдарымызға патент алуға асығуымыз қажет.

Ұлы Абай бабамыз күйінгеніндей «Өз малыңды, өз барыңды – өзімдікі дей алмайтын заман!» емес қой. Өз байлығымызға өзіміз ие болатын тәуелсіз елдің азаматы емеспіз бе?!

Ажар Жанболат
Семей.

Осы айдарда

Back to top button