Қоғам

Қоқысты қарамайға айналдырады

Қоқысты қарамайға айналдырады


Кеншілер шаһарында ауданы 18 гектарды құрайтын бір ғана қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның өзі қоқысқа толып кеткен.

Дегенмен, Риддер қаласы басшылығының тікелей араласуымен аталған мәселенің де беті бері қарай бастағандай. Осыдан біраз бұрын қаладағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын «Фирма Эталон» ЖШС-не мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында полигонды 2025 жылға дейін пайдалануға рұқсат берілген-ді.

Қаланың тұрғын үй шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуат Мұхаметчиновтың айтуынша, нысанды пайдалану мерзімін ұзарту күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болған, себебі мұнда өзендердің көптігіне байланысты әзірге жаңа полигон салуға мүмкіндік беретіндей учаскелер жоқ. Мерзімді ұзарту үшін қалдықтардың біразын жерге көміп, біразын жоюға тура келді. Алайда бұл – уақытша нәрсе. Бұл мәселеде тығырықтан шығар бір ғана жол бар, ол – тұрмыстық қалдықтард қайта өңдеу. Полигонды жалға алып отырған «Фирма Эталон» ЖШС басшысы Виктор Стребков осындай шешімге келген. Бүгінде полигон аумағына жақын жерде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу цехы салынып жатыр. Бүгінде цех құрылысына қажетті 0,435 гектар жер телімі берілген. «Фирма Эталон» серіктестігі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде цех құрылысына 15 миллион теңге көлемінде инвестиция құйыпты. Полигон аумағына электр желілерін тарту жұмыстары да осы қаражат есебінен жүзеге асырылды.

-Жоба бойынша бірінші сұрыптау цехы салынады. Құрылысты осы жазда бастаймыз деп отырмыз. Желтоқсан айында сұрыптау цехын салып бітіреміз. Ал пиролиз пеші, яғни, қатты тұрмыстық қалдықтарды жағуға арналған құрылғылар орналастырылатын алаң келесі жылдың шілде айында дайын болады. Алайда сұрыптау цехы салынып бітісімен, полигонға келіп түсетін қалдықтар сұрыптала береді. Сұрыптау цехына 7-8 адам жұмысқа алынады. Ал цех құрылысы толықтай аяқталып, іске кіріскенде, мұнда 15-18 адамға жұмыс орны ашылады. Бір ғана 2019 жылда қалдықтардың шамамен 40 пайызын қайта өңдеуге мүмкіндік бермек,-дейді мекеме басшысы.

Виктор Стребковтың айтуынша, цехта негізінен көліктің жарамсыз болып қалған дөңгелектері, пластик, медициналық қалдықтар өңделіп, нәтижесінде қарамай мен аз мөлшерде битум алынады. «Фирма Эталон» кәсіпорны жол жөндеу жұмыстарымен де айналысатындықтан, алынған өнімдер осы мақсатта пайдаланылмақ. Ирандық құрылғының мүмкіндігі сол, қарамайдың қажеті жоқ қыс кезінде оны қайта өңдеп, жанар-жағармай алуға болады. Айта кетерлігі, аталмыш пиролиз пештері ауаға зиянын тигізбейді.

Лаура Тілеубайқызы
Риддер

Осы айдарда

Back to top button