Қойшыбевтар сый жасады

Қаратал орта мектебінде Зайнолда Қойшыбаев атындағы география кабинеті ашылды.Ақсақалдың ұл-қыздары, немерелері әкелері қызмет еткен Қаратал ауылындағы мектепке компьютер, интерактивті тақта, барлығы екі жарым миллион теңгенің жабдықтарын сыйға тартты.
Зайнолда Қойшыбаев1912 жылы Зайсан ауданы Көгедай ауылында дүниеге келген. Әкесінен екі жасында айырылып, ағасы Ысқақ екеуі шешесі мен туыстарының тәрбиесінде ер жетеді. Ерте еңбекке араласып, колхоздастыруға атсалысады. 1941 жылы Ысқақ екеуі соғысқа аттанады. Ағасы бірден майданға кетеді, Зайнолда болса Иваново қаласында үш айлық әуе десанттарын даярлайтын курстан өтіп, майдан шебіне желтоқсанда жетеді. Бірақ майданда ұзақ болмады, парашютпен 14-ші секіруінде аяғынан ауыр жарақат алып, 1942 жылы елге оралды.
Елге орала салып, тылдағы еңбекке араласты. Ауылда техниканы алғашқылардың бірі болып үйренді. Зайсанда механизаторлар дайындайтын училищеде сабақ берді. 1959 жылы Қараталда совхоз құрылып, сонда механик-моторист болды. Көптеген медаль-ордендермен, сыйлықтармен марапатталған. 1972 жылы зейнетке шығып, 1979 жылы дүниеден өтеді. Жұбайы Күнсұлу екеуі екі ұл, сегіз қыз тәрбиелеп өсірген. Қазір атамыздан 24 немере, 30 шөбере тараған. Ұлы Марат – елінің қалаулы азаматы, аудандағы құрылыс ісіне еңбегі сіңген жан. Ол осы Қаратал мектебінің іргетасын қалауға да атсалысты. Зайнолда ақсақалдың қыздары дәрігер, ұстаз, кәсіпкер, мемқызметші болып еңбек етуде. Қызы – Бақыт және күйеубаласы Бауыржан Баймұхамбетов Қаратал ауылында тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. Тағы бір қызы – Әсем Қаратал мектебінде география пәнінен сабақ беруде.
Кабинеттің ашылуына аудан әкімі Темірбек Қасымжанов, қарияның ұрпақтары, тұрғындар қатысты. Ақсақалдың көзін көргендер ол кісі жайында естелік айтты. Үлкен ұлы Марат қара шаңыраққа алдағы уақытта да қолғабыс жасай беретінін тілге тиек етті.
Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.